old.muslim.kz Түләйбтің (р.а.) қабыл болған тілегі - Muslim.kz
Түләйбтің (р.а.) қабыл болған тілегі

Әрқамның үйінде тура жолға түскендердің бірі – Түләйб ибн Омар (р.а.) еді. Ол Абдумүттәліпқызы Әруаның ұлы болатын.

Бір күні Түләйб анасына:

–  Мен Мұхаммедті тыңдап, мұсылман болдым, – деді.
–  Әрине, бір жағына шығысып, сүйеніш болуыңа нағашы ағаңның ұлы әбден лайық. Шамам жетсе, мен де оны жанымды салып қорғар едім, – деді анасы.

Түләйб анасының бұл сөзіне таңырқап:

–  Анашым, сізге мұсылман болуға не кедергі? Бауырыңыз Хамза да мұсылман болды ғой, – деді. Анасы:
–  Апа-сіңлілерімнің жағдайына қарап көрем. Олар нендей шешім қабылдаса, мен де сондай шешім қабылдармын, – деді.
–  Олай болса, сіз мұсылман болғанша, мен Аллаға жалбарына беремін.

Ұлының осыншалық шынайы қалауы Әруаның жүрегін қозғап, көңілін жібіткендей болды. Сол саңылаудан сәуле боп құйылған Ислам нұры оның жан дүниесін нұрландырды. Артынша ұлының көзінше Алланың бір екендігіне және Мұхаммедтің (с.ғ.с.) пайғамбар екеніне куәлік етті. 

Құдайберді Бағашар
date04.11.2015readCount4364printБасып шығару