«Бәләд» сүресі

«Бәләд» – Меккеде түскен сүре. Мазмұны – меккелік сүрелерде айтылған тақырыптар. Оның ішінде сенім мен иманды күшейту, есеп-қисап пен жаза күніне деген иманды жүрекке орнықтыру. Және ізгілер мен бұзықтар арасын ажырату.

Сүре қасиетті қала атымен серт жасаумен басталған. Бұл –  пайғамбар (с.ғ.с.) мекен еткен шаһар. Серт ету қала мен оның тұрғыны саналатын пайғамбардың Алла Тағала құзырындағы ерекше құрметке лайық екендігін көрсетеді. Және кәпірлерге Алла елшісіне (с.ғ.с.) тыныштық қаласында қысым көрсету ең үлкен күнә екенін ойлануға шақыруда.

Сонымен қатар, Меккедегі күш-қуатына сеніп, ақиқатқа мойын бұрмай, Алла елшісін (с.ғ.с.) өтірікке шығарған, сондай-ақ мақтан үшін дүние сарп еткен кейбір кәпірлер жайы әңгіме етіледі. Ол кәпірлер дүниесін елге тарату Алла Тағала азабынан қорғайды деген сенімде. Алайда, оларға кесімді дәлел-дәйек аяттармен жауап беріледі.

Келесі кезекте қияметтегі қорқынышты да алапатты жағдайлар баяндалған. Ақыретте адам баласы тап болатын қиындықтар мен асулар жайы әңгіме етіледі. Бұл қиыншылықтарды тек жүректегі иман және ізгі амал арқылы ғана басып өтуге болады.

Сүреде сол ауыр күні мұсылман мен кәпір арасы ажыратылатындығы және есеп-қисап күні бақыттылар мен бақытсыздар баратын жер туралы айтылған. 

سم الله الرحمن الرحيم

لَا أُقْسِمُ بِهَذَا الْبَلَدِ

1.Жоқ, осы қаламен ант етемін.  

Алла Тағала қасиетті Мекке қаласымен серт етуде. Мекке – Қағба тұрған қала болғандықтан қасиетті. Қағба – шығыс пен батыстың құбыласы. Бұл – Алла Тағаланың адамзатқа рақымет етіп жіберілген уахи түскен шаһар. Сондықтан, тыныштық пен қасиет мекені. Қала – аспан мен жер жаратылғаннан бері қасиетті мекен. Қаланың осы артықшылықтары себепті Алла Тағала Меккемен ант етуде.

وَأَنْتَ حِلٌّ بِهَذَا الْبَلَدِ

2.(Ей, Мұхаммед) сен осы қалада тұрасың.

Уа, Мұхаммед, сен осы қасиетті қала тұрғынысың. Байдауи: «Алла Тағала Меккемен серт ете тұра, пайғамбарының осы қалада тұратындығын тілге тиек етуі – қаланың пайғамбармен қадірі арта түсетіндігін білдіру. Өйткені, мекеннің қадірі тұрғындарының абыройымен көтеріледі», – дейді.

وَوَالِدٍ وَمَا وَلَدَ

3.Әке және оның ұрпағымен ант етемін.          

Алла Тағала Адам  ата және оның ұрпағымен ант етуде. Үмму Қура (шаһарлар анасы) Меккемен ант еткен соң, оның көне тұрғыны адамзат атасы – Адам  пайғамбармен және оның ұрпағымен серт етуде. Хазин: «Алла Тағала Меккенің абыройы мен қасиеттілігі үшін серт еткен соң, Адам  ата және оның ұрпағынан тараған пайғамбарлар және ізгілермен ант етуде. Кәпірлер оның ұрпағы болса да, олармен серт ететіндей қадірі жоқ», – дейді.

لَقَدْ خَلَقْنَا الْإِنْسَانَ فِي كَبَدٍ

4.Анығында, Біз адамзатты ауыртпалықтарға жараттық. 

Бұл аят – жоғарыдағы серт аяттардың жауабы. Адам баласы қиындық пен ауырпалықта жаратылған. Адам барлық қиыншылықты басынан өткереді. Ол кеудесіне жан кірген сәттен жаны тәнін тәрк еткенге дейін қиыншылық тартады. Ибн Аббас (р.а.): «Аяттағы қиыншылық: бала көтеру, босану, емізу мен емшектен шығару, күн көрісі, өмірі мен өлімі», – деген.

Алла Тағала жаратқан тіршілік иелерінің ең дәрменсізі адам баласы, осыған қарамай ол ешбір тіршілік көрмеген қиыншылықты басынан өткереді, – деп айтылған.

Әбу Сағуд: «Бұл аят – меккелік кәпірлер тарапынан қысым көрген пайғамбарға демеу көрсету аяты», – дейді.

أَيَحْسَبُ أَنْ لَنْ يَقْدِرَ عَلَيْهِ أَحَدٌ

5.Ол өзіне ешкімнің күші жетпейді деп ойлай ма?

Аятта Алла Тағаланың құдіретін мойындамайтын, қайта тірілуді теріске шығаратын адамның табиғаты айтылуда. Күнәһар бақытсыз, күшіне ғана сенуші Алла Тағаланың өзіне күші жетпейді деген ойда ма? Тәпсіршілер: «Бұл күш-қайратына сенген Әбу Ашад ибн Килдаға қатысты түсті. Оның күштілігі соншалықты үлкен мал терісін жерге жайып өзі үстіне тұрып алып: «Мені орнымнан жылжытқан адамға пәлен беремін», – дейтін. Он адам болып тартып, тері жыртылып кетсе де, Әбу Ашад орнынан қозғалмайтын», – дейді.

يَقُولُ أَهْلَكْتُ مَالًا لُبَدًا

6.Ол: «Толып жатқан малды сарп еттім», – дейді.

Сол кәпір: «Мұхаммедке дұшпандық ретінде көп мал-дүние жұмсадым», – дейді. Әлуси: «Ол мұсылмандарға мақтанып, даңдайсып: мен көп дүние сарп еттім деп көзбаяушылық пен мақтану үшін шашқан мал-мүлкін айтатын», – дейді.

أَيَحْسَبُ أَنْ لَمْ يَرَهُ أَحَدٌ

7.Сонда оны біреу көрмеді деп ойлай ма?

Алла Тағала оның іс-әрекетіннен бейхабар деген ойда ма? Жағдай ол ойлағаннан мүлде басқа. Алла Тағала барлық нәрсені көруші әрі бақылаушы. Қиямет күні барлық істің сұрауын алады.

أَلَمْ نَجْعَلْ لَهُ عَيْنَيْنِ. وَلِسَانًا وَشَفَتَيْنِ

8-9. Біз оған екі көзді жаратып бермедік пе? Әрі тіл мен екі ерінді?

Алла Тағала пендеге берген ең үлкен нығметінің бірін адам баласының есіне салуда. Айналаны көретін көз, көңілі мен жүрегіндегі ойын жеткізе алатын тіл және екі ерін бергенін баян етілуде. Бұл нығметтердің қадірін адам баласы ерекше ұғынуы тиіс.

وَهَدَيْنَاهُ النَّجْدَيْنِ

10.Оған екі жол көрсетпедік пе?

Адамға жақсылық пен жамандық, тура және адасу жолдарын баян еттік. Құранда: «Расында, оған тура жол көрсеттік. Мейлі шүкіршілік қылсын, мейлі қарсы келсін[1]», – деп айтылған.

فَلَا اقْتَحَمَ الْعَقَبَةَ

11.Ал, ол асудан өтуге тырыспады.         

Дүниесін Мұхаммедке (с.ғ.с.)дұшпандық үшін жұмсағанша, таудың асуынан өтуге бергені дұрыс болар еді. Таудың асуы – адамның нәпсісіне ауыр келетін амал. Бұл адамның өз нәпсісі, құмары және шайтанмен күресуі.

وَمَا أَدْرَاكَ مَا الْعَقَبَةُ

12.Асудың не екенін сен қайдан білесің?

Таудың асу «Ақаба» не екенін білесің бе?

فَكُّ رَقَبَةٍ

13.Ол – құл азат ету. 

Ақаба – Алла Тағала жолында құлды азат ету. Адам баласын құлдықтан босату. Өйткені, бір құлдың басына бостандық алып беру, ертеңгі күні тозақтан құтқарады.

أَوْ إِطْعَامٌ فِي يَوْمٍ ذِي مَسْغَبَةٍ

14.Немесе ашаршылық күнде тамақтандыру.

Ақаба – аштық заманда мұқтаждарға тамақ беру. Сауи: «Аятта тамақ беруді аштық заманмен байланыстыруының себебі аштық заманда қаражат шығару адамның нәпсісіне ауыр соғады», – деген.

يَتِيمًا ذَا مَقْرَبَةٍ

15.Жақындығы болған жетімді.

Ақаба – туыстық байланысы бар жетімге тамақ беру. Оны асырап бағу.

أَوْ مِسْكِينًا ذَا مَتْرَبَةٍ

16.Немесе шаң-топырақтағы кедейді.

Ақаба – сіңірі шыққан байғұс кедейге тамақ беру.

ثُمَّ كَانَ مِنَ الَّذِينَ آَمَنُوا وَتَوَاصَوْا بِالصَّبْرِ وَتَوَاصَوْا بِالْمَرْحَمَةِ

17.Кейін иман келтіріп, бір-біріне сабырды үгіттеген және өзара мейірімділікті насихаттап, кеңесін бергендерден болу.

Осы сауапты амалдардың барлығын тек Алла Тағала разылығы үшін жасап, сонымен қатар шынайы иманды болуы. Тәпсіршілер: «Бұл аят аталмыш сауапты амалдар мен құлшылықтардың имансыз ешбір пайдасы жоқтығын көрсетуде», – дейді. Сонымен бірге, олар бір-бірін иман мен құлшылықта сабырға шақырады. Және мұқтаж бен кедей-кепшікке мейірімділік танытуға үндейді.

أُولَئِكَ أَصْحَابُ الْمَيْمَنَةِ

18.Міне, осылар – оңшылдар.

Осы жақсы сипаттар бойынан табылған жандар – амал кітаптарын оң жағынан алатын жаннат иелері. Олар нығметке тола жаннатқа кірумен шынайы бақытты болады.

وَالَّذِينَ كَفَرُوا بِآَيَاتِنَا هُمْ أَصْحَابُ الْمَشْأَمَةِ

19.Ал, аяттарымызға қарсы шыққандар (сенбегендер), олар – солшылдар.        

Аталмыш аятта ізгілер мен жамандарды салыстыруда. Жәннат иелері мен тозақи адамдардың арасындағы үлкен айырмашылықты көрсетуде. Олар амал кітаптарын сол жақтан алады.

عَلَيْهِمْ نَارٌ مُؤْصَدَةٌ

20.Олардың үстінен қамап алушы тозақ бар.

Олар тозаққа түскен соң, жәһаннам қақпалары мәңгілікке жабылады. Тозақтың ішіне ешбір ауа да, қош иіс те кірмейді. Және тозақтан кәпірлер еш уақытта шықпайды. Алла Тағала біздің жанымызды ашу-қаһармен алмасын, азабымен құрдымға жібермесін және мұның барлығынан сақтасын!



[1]    Инсан сүресі, 3-аят

 

Серікбай қажы ОРАЗ
date04.11.2015readCount3628printБасып шығару