Жыныс мүшесін ауыстырудың үкімі

20 желтоқсан 2020 6002 0
Оқу режимі

بِسْمِ اللهِ الرَّحْمَنِ الرَّحِيم

الْحَمْدُ لِلَّهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ وَالصَّلاةُ وَالسَّلامُ عَلَي أَشْرَفِ الْمُرْسَلِين وَعَلَى آلِهِ وَأَصْحَابِهِ أَجْمَعِين

Аса мейірімді, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын. Барша мадақ әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың ардақтысы  Мұхаммедке, оның отбасы мен сахабаларына салауат пен сәлем болғай!

Қазіргі заманауи медицинада адамның жыныстық ағзаларын ауыстыру өзекті мәселелердің біріне айналды. Шариғи тұрғыдан жыныстық мүшені ауыстыруға тыйым салынады. Оған төмендегі мына аят-хадистер айғақ болады.

1) Жыныстық мүшені ауыстыру – Жаратушының жаратылысын өзгерткенмен тең. Алла Тағала мұндай өзгертулерді харам еткен. Себебі, мұндай сорақы іс-әрекет Ібіліс шайтанның діттеген мақсатына кіреді. Алла Тағала Құранда Ібіліс шайтанның былай деп ант ішкендігін ескертеді:

 ﴿وَلآمُرَنَّهُمْ فَلَيُغَيِّرُنَّ خَلْقَ اللَّهِ

«Мен оларға (адамзатқа) Алланың жаратылысын өзгертсін деп, сөзсіз, әмір етемін»[1].

2) Шариғатта ер кісінің әйелге, әйелдің ер кісіге ұқсауына қатаң тыйым салынған. Абдулла ибн Аббас (р.а.): «Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әйелге ұқсағысы келген еркектерге және еркектерге ұқсағысы келген әйелдерге лағынет айтты», – деген[2].

3) Мұндай жыныстық өзгертулер ер мен ердің, әйел мен әйелдің үйленуіне жол ашады. Ал, шариғатымыз мұндай сорақы істі харам еткен. Ер мен ердің немесе әйел мен әйелдің жыныстық қатынасқа баруы – Лұт пайғамбардың дәуірінде жасалған азғындықтың жалғасы.

Дүниежүзілік мұсылман Лигасына қарасты Ислами Фиқһ Академиясы өзінің он бірінші отырысында осы мәселе жөнінде: «Аталық жыныс мүшелері толық жетілген ер кісінің немесе аналық жыныс мүшелері толық жетілген әйелдің жыныс мүшесін қарсы тараптың жыныс мүшесіне ауыстыруы – харам іс. Бұл үлкен күнәлардың қатарына жатады. Мұндай сорақы іске қадам басқан адам жазаға лайық болады. Өйткені бұл іс Алланың жаратқан жаратылысын өзгерткенмен тең», – деген шешім шығарған[3]

ҮКІМ:

Шариғат бойынша ер кісінің жыныс мүшесін әйелдің жыныс мүшесіне ауыстыруы немесе әйелдің жыныстық мүшесін ер кісінің жыныстық мүшесіне ауыстыруы – харам.

 


[1] «Ниса» сүресі, 119-аят.
[2] Хадисті имам Бұхари риуаят еткен.
[3] Ислами Фиқһ Академиясы, 11 отырыс, Мекке қаласы, 1989 жылы қабылданған № 6 қарар.

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі

Пікірлер Кіру