ЖҮГІҢДІ ТАСТА ДА, ӨТІП КЕТ!

26 сәуір 2023 3266 0
Оқу режимі

Бір әулие кісі ғибрат назарымен қараған бір көрініс арқылы адам баласының әуесі мен тойымсыздығы туралы былай тілге тиек еткен екен:
«Бір күні ағаштың астында дем алып отыр едім. Сол кезде бір құмырсқаға көзім түсе кетті. Өзінен бірнеше есе үлкен нан қиқымын арқалап, сүйретіп апара жатқан екен. Егер алдынан жиналған су шықса, айналып өтеді. Шөптерге тіреліп қалған нанын құтқару үшін бар күшін салып тырысып жатты. Не болса да нанын тастамады. Көтеруге жеңіл болу үшін нанды бөлшектеуге де разы емес сияқты кейіп танытқандай. Осылай ыстық күнде сол нан қиқымын ұзақ уақыт тасыды. Ақыры илеуіне келді. Бірақ илеудің аузы мен дәлізі тар, нан қиқымы үлкен болатын. Мыңдаған қиыншылыққа төзіп, көтеріп әкелген нанын қайтсе де ішке кіргізе алмады. Қиқымның айналасын төрт айналса да, оны ары-бері аударып, тартса да нан қиқымын илеуіне кіргізе алмады.

Бұл көрініс мені өз халімді ойлауға жетеледі. Өмір бойы теріп-жиған дүниемізді қабірдің есігінен кіргізуге қалай тырысып жатқанымызды ойладым. Алайда, дүниеде теріп-жиған бұл заттарымыздан, әшекей бұйымдармыз бен байлығымыздан әлдеқайда артық, қымбат болғандары бізді ахірет өмірінде күтіп тұр емес пе еді?! Әрине, ол жаққа өзімізден бұрын жібере алсақ қой! Хақ Тағала сыйлаған нығметтердің қалай жұмсалатынын білсек!..»

Мәуләнә Руми өмірін фәни де шындығы жоқ нәрселердің артында тауысып, ахіретке қолы бос барғандардың ақымақтығын былай тілге тиек етеді:
«Дүниеге көңіл бөлгендер көлеңке аулаған аңшы сияқты. Көлеңке қалай мүлік болмақ? Мысалы, ақымақ аңшының бірі құстың көлеңкесін құс деп, оны ұстамақ болады. Бұған бұтақта отырған құстың өзі аң-таң».

Мүмин жанға тиесілісі –  мүліктің екі жүзді пышақ секілді екенін ұмытпау. Яғни, нығметтер жақсылыққа да, жамандыққа да қолданыла береді. Тәрбие көрмеген шикі нәпсінің нығметтерді ғапыл күйінде жұмсауы әлгі екі жүзді пышақты тайдырып алып, байқаусызда адам жан тамырын кесіп алатынындай. Алайда, нығметтерді нәпсіге жем қылмай, Алланың разылығына бөлейтін дәнекер іспеттес бағалау –  аса зәрулік іс. Өйткені Құран аяттарында: «Ақыры сол күні (дүниеде игіліктенген) ырыс-дәулеттеріңнен, қайткенде де сұраққа тартыласындар» (Тәкәсур, 8) деп айтылған.

Қысқасы, Алла сыйлаған нығметтерді нәпсісіне жем қылғандарға қандай обал, қандай өкініш! Нығметтерді Алланың разылығына бөленудің ақысы ретінде қолдана білген жандар қандай бақытты десеңізші!

Дүние-мүлікке шегінен тыс көңіл бөлу өмірді тек бұл дүниеде ғана болады деп, ахіреттен қапыда қалып қалудың өкінішті де күйзелтуші нәтижесі. Кәпірлер мен пасықтар қияметтің қорқынышты күнінде душар болатын азаптарынан құтылу үшін дүниеде иесі болған барлық нәрселерін, тіпті, оларды еселеп отырып, артығымен беруге разы болады. Бірақ, сол күн болары болып, әр істің есебі көріліп, амал дәптерлер жабылып, мұрсат қолдан қашып кетеді. Бұл жағдай Құранда былай тілге тиек етілген:

«Ол күні аспан балқыған мыс реуіштенеді. Таулар түтілген жүн шіпеттенеді .
Достар бірін-бірі көре тұра (өз басымен қайғы болып қал сұраспайды). Күнәһарлар сол күннін азабынан өзінің балаларын, сүйген жарын, аға-бауырларын, өзінің ел жұртын, тіпті, бүкіл жер жүзіндегі адамдарды түгел бодауға беріп болса да өзін құтқарғысы келеді. Әсте олай болмайды. Ол тозақ анық жалындаған от (қандай бір бодау берсе де ол тозақтан құтылуға болмайды)» (Мәариж, 8-15).

Хадис шәрифте де кәпірлердің қиямет күніндегі бұл жағдайы былай суреттелген:

«Қиямет күні кәпірді әкеледі. Одан:
“—Айтшы, қане, сенің дүниеге толы алтының болса, оларды өзіңді қазір қутқарып қалу үшін бодау ретінде берер ме едің?” — деп сұралғанда, ол:
“— Иә!” — дейді. Сонда оған:
— Саған бұдан да жеңіл талап қойылған (Бірақ сен одан қаштың!” — деп айтылады» (Бұхари, Риқақ, 49; Мүслим, Мүнәфикин, 52).

Салиқалы жандардың біреуі былай деген екен:
«Түсімде өзімді жәһаннам көпірінің үстінде тұрғанымды көрдім. Сол жерге үлкен қорқынышпен әрі уайыммен қарадым. Өзіме-өзім:

  • Бұл жерден қалай өтемін? деп тұрғанда, сол жердегілердің біреуі:
    — Ей, Алланың құлы! Жүгіңді таста да, өтіп кет! - деді.
    Оған:
    — Кандай жүгімді? - дегенімде:
    — Дүниені таста! – деп үн қатты (Рұхул Баян, II, 470).

Жүректен алып тастауды қажет ететін дүниенің не екенін Хазіреті Мәуләнә былай қорытындылаған:
«Мынаны білгейсің! Дүние –  ақша, мал-мүлік, әйел, бала-шаға, киім-кешек пен сауда-саттық емес. Дүние –  Алладан ғапыл болу».

Яғни, жүректі мазалап, құлды ғапылдыққа итеріп, Раббысын ұмыттыратын әр нәрсені жүректен шығарып тастау керек.

Раббымыз бізді аманат ретінде берген нығметтерді ахіреттің қорына айналдыра білген салих, садық құлдарынан жазсын!.. Бізді қиямет күні мақрұм қалдырмасын!.. Бізді қиямет күні мұңаятындардан аулақ қылсын!

 

Дереккөз: Muslim.kz порталы

Пікірлер Кіру