ЖОМАРТТЫҚ – АСЫЛ ҚАСИЕТ (Жиырма үшінші күн)

12 наурыз 2026 79 0
Оқу режимі

12 наурыз

Жиырма үшінші күн

ЖОМАРТТЫҚ – АСЫЛ ҚАСИЕТ

اَلْحَمْدُ لِلّٰهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالصَّلَاةُ وَالسَّلَامُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَصَحْبِهِ أَجْمَعِينَ، أَمَّا بَعْدُ

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.

Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

Жомарттық ислам дінінде өзге мұқтаж жандарға көмек көрсетудің сауабы мол амалы болып саналады. Қазақ  халқы жомарт адамды «қолы ашық жан, жомарт жан, барымен бөлісетін адам» деп бағалаған. Дана халқымыз: «Кең болсаң – кем болмайсың», – деп қанатты сөз қалдырған. Жомарттық – адамгершілік пен қайырымдылық қасиеттердің бірі. Алла Тағала:

الَّذِينَ يُنفِقُونَ أَمْوَالَهُمْ فِي سَبِيلِ اللَّهِ ثُمَّ لَا يُتْبِعُونَ مَا أَنفَقُوا مَنًّا وَلَا أَذًى ۙ لَّهُمْ أَجْرُهُمْ عِندَ رَبِّهِمْ وَلَا خَوْفٌ عَلَيْهِمْ وَلَا هُمْ يَحْزَنُونَ

«Сондай қайыр істегендер, бергендеріне міндетсу, ренжіту араластырмаса, (беріп алып бұлданбаса, кейітпесе) оларға Раббыларының құзырында сыйлық бар. Сондай-ақ оларға қорқыныш жоқ, әрі олар қайғырмайды», – деген («Бақара» сүресі, 262-аят).

Жомарттық жасайтын адам тек Алла Тағаланың ғана разылығын көздейді. Мұқтаж жанға көмектескен адам одан сыйлық немесе марапат, жақсы сөз күтпеуі тиіс. Өзіне қажет бола тұра өзгенің қажетін өтеген адамды Алла Тағала үлкен нығметке бөлейді. Қасиетті Құран Кәрімде Жаратушы Иеміз құлдарын сараңдық жасамай, жомарттық танытуға бұйырған. Мәселен, Құранның «Мұхаммед» сүресі, 38-аятында Раббымыз:

هَا أَنتُمْ هَؤُلَاءِ تُدْعَوْنَ لِتُنفِقُوا فِي سَبِيلِ اللَّهِ فَمِنكُم مَّن يَبْخَلُ وَمَن يَبْخَلْ فَإِنَّمَا يَبْخَلُ عَن نَّفْسِهِ وَاللَّهُ الْغَنِيُّ وَأَنتُمُ الْفُقَرَاءُ وَإِن تَتَوَلَّوْا يَسْتَبْدِلْ قَوْمًا غَيْرَكُمْ ثُمَّ لَا يَكُونُوا أَمْثَالَكُم

«Негізі, сендер Алла жолында мал жұмсауға шақырылудасыңдар. Алайда араларыңда сараңдар бар. Кімде-кім сараңдық жасаса, өзіне сараңдық жасағаны. Өйткені Алла бай (ешнәрсеге мұқтаж емес), сендер кедейсіңдер. Егер Алладан теріс айналсаңдар сендердің орындарыңа басқа қауым әкеледі. Олар сендер секілді болмайды», – деп бұйырған.

Дінімізде адам баласының Алланың өзіне берген ризығынан мұқтаж пенделерге көмек беру қажеттілігі ескертілген. Ақиқатында Жаратушы Иеміз құлының берген дәулетіне немесе көмегіне мұқтаж емес. Адам біреудің қажетін өтеу арқылы өзінің өмірін ізгілікке толтырады.

Жомарттық жасаудың ең биік дәрежесі – өзі мұқтаж  болса да, қолындағы барын өзгеге беру арқылы жасалған жомарттық. Ислам тарихын қарайтын болсақ, алғашқы мұсылмандар осындай жомарттық жасағанын көреміз. Мәдиналық мұсылмандар, яғни ансарлар Меккеден көшіп келген мұсылман бауырларына Алланың разылығы үшін көмектесіп, мал-мүліктерін теңдей бөліп берген.

Жомарттық – көркем мінездің ажырамас бір бөлігі. Жомарттық жасауда адамзаттың абзалы болған Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) баршаға үлгі бола білген. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) барлық амалда үмметіне өшпес өнеге қалдырған.

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қартайған бір кәрі әйел көршісі болған. Оның намаз оқығанда үстіне жабатын киімі болмаған. Сөйтіп, қызын Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жұмсап: «Маған намазда үстіме жабатын киім берші», – деп сұратады. Сонда Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінде де артық киім жоқ болатын. Сонда да үстіндегі ұзын көйлекті шешіп, сол әйелге беріп жібереді. Намаз уақыты болған кезде үстінде киімі болмағаны себепті мешітке бара алмайды. Бұл жағдайдан хабардар болған сахабалар: «Расулалла (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) соншалықты жомарт. Киімсіз қалып мешітке келе алмай отыр. Бізде барымызды кедейлерге таратайық», – деген екен.

Сол күні намаздан соң хазіреті Әли (Алла оған разы болсын) Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасына келіп, бала-шағасы үшін қарызға алған 8 күміс дирхамның жартысын Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бергісі келетінін жеткізеді. «Бұл дирхамға киім алыңыз», – дейді хазіреті Әли (Алла оған разы болсын). Расулалла базарға барып, 2 дирхамға бір көйлек сатып алады да, қалған 2 дирхамға азық-түлік алуға бара жатқанда екі көзінен айырылған соқыр адамды көреді. Әлгі соқыр адам өзгелерден: «Кім маған Алла разылығы үшін киім береді», – деп сұрап отырады. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) базардан жаңа алған киімін сол адамға береді.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сұрап келген адамның көңілін қалдырмайтын. Тіпті, «жоқ» деп айтуға ұялатын.

Бірде бір кісі Алла Елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мал-мүлік сұрайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сұрағанын береді. Тағы сұрағанда, тағы береді. Үшінші рет сұрағанда, қолында ешнәрсе болмағандықтан, оны тауып беруге уәде етеді. Бұған шыдай алмаған Омар (Алла оған разы болсын): «Неге өзіңізді сонша қинайсыз?!» – дейді. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  Омардың (Алла оған разы болсын) бұл сөзіне қабағын шытады. Сол кезде Абдулла ибн Хузайфа: «Уа, Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бер! Жаратушы Иеміз сені аш қалдырады деп қорықпа!» – дейді. Бұл сөзді естігенде Расулалла (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) күлімсірейді. Сонда ол: «Мен осылай жасау үшін жіберілдім», – деп жауап береді.

 

 

Дереккөз: ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі 

Пікірлер Кіру