Жастықтың қадірін білу – жетістікке апарар жол

28 ақпан 2019 11919 0
Оқу режимі

19-25 ЖАС АРАЛЫҒЫ – БОЗБАЛА НЕМЕСЕ БОЙЖЕТКЕН ШАҚ.

Бұл кезеңде адам толықтай жетіліп, ақыл-есі тұрақталып, ересек өмірге аяқ басады. Студенттік уақыттың аяқталып, еңбек етуге, отбасын құруға деген құлшыныстың оянуы осы кезеңге сәйкес келеді. Бұл кезеңде тәрбиенің маңызды қызметі адамның өз мамандығын таңдауына көмектесу, өз отбасын құруына дайындау және азаматтық көзқарасы тұрғысынан әлеуметтік, Отанға деген белсенділігін қалыптастыру болмақ. Сонымен қатар, өз өмірінің келешегі мен жоспарлары, дүниетанымының негізі қалыптасады, өмірге деген өзіндік көзқарасы, өмірдегі өзінің орны айқындалады. Бұл кезеңдегі тәрбие өзінің айқындаушылық қызметін атқаратын болса, дәл сол кезде жеке тұлғаның өз белсенділігі, оның әртүрлі құбылыстарға дұрыс баға беруі, қоғамдағы келеңсіздіктерге қарсы ықпал ете білуі айқын көрініс береді, күнделікті өмірлік тәжірибелерінің нәтижесінде пайда болатын күрделі жағдайлардан шығудың дұрыс жолын таба біледі (икемділік). Адамның тәні күшейіп, сезімдері артумен бірге сыртқы сұлулықтары да жоғары шыңына жетеді. Бұл кезеңде адамның мүмкіндіктері мен күш-қуаттарын босқа кетіріп, кемелдікке жететін жолдарына бөгет болатын мәселелер де кезігеді. Хиджри қамаридың 5-ші ғасырының әдебиетшісі Ансар әл-Маали Кайковус өзінің «Кабуснама» кітабында ұлына жастық шақ туралы: «Балам! Мүмкіндігіңе қарай ақылды бол. Жастығыңды жасама деп айтпаймын, бірақ қырағы бол. Жастық шағыңның күндерін пайдалан, өйткені қартайған соң күш-қуатыңнан айрыласын. Жастық шағында Алланы ұмытпа, өлімнен хабардар бол, ол жас пен қартты таңдамайды. Балам! Қырағы бол, бірақ тәкаппар болма. Әрқашан Алланы ұмытпа, кешірім сұра, өлімнен қорық»,-деп өсиет қалдырған болатын. Нәпсі қалауларының шарықтап тұрған кезінде, Алланың бар екендігін ұмытпай, бір сәттік дүниенің ләззаты үшін ақіретті тастамай, ізгілік пен ар-намыстың жаршысы бола білу – жастар үшін аса маңызды дүние. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз хадисінде: «Сендердің араларыңдағы ең жақсыларың дүние үшін ақіретті ұмытпағандарың және ақірет үшін дүниені ұмытпағандарың»,[1] – деп айтқан.

Жоғарыда айтып кеткендей, бұл кезең отбасы құруға дайындық уақыты. Кейбіреулер ешбір дайындықсыз, нәпсінің жетегінде кетіп немесе ата-анасының күштеуімен ерте отбасын құрып жатады. Алайда, бұндай отбасылардың 30 %-ы соңына дейін жетпей ажырасады немесе өмір бойы бақытсыз болып өтеді. Себебі, олар отбасы дегенді тек үйлену деп білді, үй болудың қаншалықты қиын шаруа екендігін сезінбеді. Әрине, бұдан басқа да ажырасуға себеп болатын көптеген факторлар бар. Бір ғана дайындық жеткіліксіз деп айтуға болады. Бірақ, отбасылық өмірге әзір болу – бастапқы жасалуы керек алғышарттардың бірі. Ендеше, дайындық қай бағытта жүруі қажет, соған тоқталайық:

1. Жауапкершілікті сезіну. Отбасы құруға ниет еткен адам бұл іске өзінің саналы түрде, өз еркімен бара жатқандығын түсінуі тиіс. Отбасылық өмірдің қызығы мен шыжығы, ыстығы мен суығы да болатынын білуі керек. Ер жігіт отбасының отағасы, ардақты әке боламын деген оймен үйленсе, қыз бала адал жар, аяулы ана боламын деген ниетпен тұрмыс құрса нұр үстіне нұр болар еді. Жауапкершілік жайында Ардақты Пайғамбарымыздың (С.ғ.с.) хадисін келтіре кетсек: «Сендердің әрқайсың бақташысыңдар және сендердің әрқайсыларың баққандарыңа жауап бересіңдер: әмірші өзінің қол астындағыларға бақташы саналады, еркек өзінің жанұясының бақташысы, әйел де күйеуінің үйінде бақташы, әрі өзінің бақташылығына және оның балаларына жауапты. Сонымен, әрқайсың бақташысыңдар және әрқайсың жауапкершілік көтересіңдер» [2], - деген.

2. Материалдық қажеттіліктерін қамтамасыз ете алу. Отбасында нәпақа тауып, бала-шағаны асырау ер адамға жүктелгендігі мәлім. Жоғарыда айтып кеткен ажырасудың себептерінің бірі – ер адамның материалдық жағынан дайын болмауы. Әрине, «сүйіктіңмен лашықта да бақытты болуға болады», бірақ қазіргі нарықтық заманда тек махаббат жеткіліксіз. Құран Кәрімде Алла Тағала былай дейді: «Ерлердің әйелде ақысы болғаны секілді, әйелдің де ерлерде жақсылықпен өтелетін ақылары бар. Сонымен қатар ер адамдар (міндеттері мен жауапкершілігіне орай) бір саты жоғары тұрады. Алла өте үстем, асқан дана»[3]. Аятта аталған ерлердің әйелдерінің алдындағы міндеттерінің бірі - әйелін тамақ, киіммен және қаржылай қамтамасыз ету болып табылады. Сондықтан, еркектің азды-көпті қаржысы, тұрақты жұмысы немесе шағын кәсібі болғаны абзал. Ал егер бұлардың ешқайсысы болмаған жағдайда, Алла Тағалаға дұға етіп, аянбай тер төгіп, қалай болса да адал жолмен отбасын асырауға бар күш-жігерін жұмсауы қажет. Себебі, отбасы – аманат, ал аманатқа қиянат жасау мұсылманға жат қылық.

3. Өзін өзі тәрбиелеу. Мұсылман адам (ер мен әйел) тұрмыс құрмас бұрын, барлық жағынан өзін тәрбиелеуі керек. Біріншіден, эмоционалдық тәрбие, ер адам керек кезде ұстамды, байсалды болуға ұмтылса, әйел адам әркез күйеуіне қолдау көрсетуге дайын болуы тиіс. Екіншіден, қаржылық тәрбие, яғни үнемшілдікке тәрбиелеу. Бұл отбасылық өмірде ең қажетті нәрсе. Үнемшілдік ысырапшылдыққа жол бермейді, ал ысырапшылдық күнәға жол ашады. Әр отбасыда өзінің «отбасылық бюджеті» болуы маңызды. «Отбасылық бюджет» ай сайынғы қайырымдылық, азық-түлік, тұрмыстық заттар, пәтерақы, жолақы, киім-кешек (керек кезде) және күтпеген шығындардан құралады. Бұл жерде не себепті қайырымдылық бірінші тұр, себебі ақша бар кезде қайырымдылыққа жұмсау оңайырақ, ал жұмсайтын нәрселерге жұмсалып болып, ақша біткен кезде садақа немесе зекет (нисап мөлшері болса) беру нәпсіге қиын соғады. Ал ай сайынға қаржаттың 10 %-ы қайырымдылық бағытқа жұмсалып тұрса, мұсылман адам екі дүниеде де бақытқа кенеледі. Бұл жайында аят-хадистерде көптеп кездеседі. Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала: «Жақсы көрген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша жақсылыққа қол жеткізе алмайсыңдар. Не жұмсасаңдар да Алла оны сөзсіз біліп тұрады»[4] - деп ескертуде. Тағы бір аятта: «Алла жолында мал-мүлкін садақа қылғандар жеті дана бас шығарған, әрбір басында жүзден дәні бар дақылға ұқсайды. Алла қалаған пендесіне еселеп сауап береді. Алла дархан, бәрін білуші»[5] - делінеді. Пенде мұқтажға садақа берумен сауапқа кенеледі әрі мүлкінен ештеңе кемімейді. Керісінше Алла оның мүлкіне береке беретін болады. Ардақты Пайғамбарымыз (С.ғ.с.) былай дейді: «Садақа мал-дүниені ешқашан кемітпейді. Пенде қолын садақа беру үшін созғанда ол садақа сұраушының қолына жетпестен бұрын Аллаға берілгендей болады»[6]. Үшіншіден, рухани тәрбие, ер мен әйел де тұрмыс құрудан алдын рухани ішкі дүниелерін дұрыстап алулары керек. Үйленудегі мақсат – дүниелік бір мақсаттар емес, тек Алланың разылығы үшін, салиқалы ұрпақ жалғастыру үшін болуы қажет. Рухани тәрбие болмаса, қалғандары түкке жарамсыз болады. Рухани тәрбие – кез келген отбасының тірегі, негізі. Рухани бай болған ер мен әйел, болашақта дүниеге келетін ұл-қыздарына да дұрыс тәрбие беретіні даусыз. Иманды ұл, ибалы қыз тәрбиелеу бәріміздің асқақ арманымыз болғаннан кейін, тәрбиелемес бұрын тәрбиелену қажеттігін естен шығармағанымыз жөн. Себебі, бала естігенінен емес, көбінесе көргенінен тәрбие алады. Төртіншіден, интеллектуалды тәрбие, ақыл-ой өрісін, адамның жаңа өмірлік жағдайларға бейімділік қабілетін дамыту. Американдық ғалым Дэвид Векслердің пайымдауынша интеллект – ақылмен іс-әрекет жасау, рационалды түрде ойлау және өмірлік мәселелерді дұрыс жеңе білу, яғни интеллект – адамның қоршаған ортаға бейімделе алу қабілеті. Қарап отырсақ, интеллектің де отбасылық өмірде өзіндік орны бар. Мысалға, кез келген шиеленісті жағдайды ақылмен шеше білу, таныс емес ортаға (қайын жұрт) тез бейімделу қабілеттері және т.б. Бесіншіден, физикалық тәрбие. «Күшті мұсылман әлсіз мұсылманнан қайырлы» демекші, салауатты өмір салтын ұстану отбасылық өмірде де, күнделікті өмірде де маңызды тәрбие түрі. Алдымен, адам ауру-сырқаудан аулақ болады, жұмыс істеуге деген құлшынысы артады, көңіл-күйі жайдары болады, қайырлы істерді көбірек жасайды. Ал болашақ ұрпақтың дені сау болып тууы, ер мен әйелдің салауатты өмір сүруіне тікелей байланысты. Қазіргі кезде белсіздік белең алып, көптеген отбасылар ұрпақсыз қалуда. Салдары ажырасуға дейін алып баруда. Белсіздіктің, ұрпақ жалғастыруға қабілетсіздіктің көп жағдайдағы (80 %) себебі – қозғалыссыз өмір, денені шынықтырмау немесе шылым шегу, ішімдік ішу сияқты жаман әдеттер. Отбасы үшін ең ауыр нәрсе – әкелік мейірім мен аналық махаббатты сезінбеу.

Әлбетте, отбасылық өмірге толықтай жүз пайызға дайын болу мүмкін емес. Ол кезеңнің өзіндік қыры мен сырлары бар, сондықтан кез келген жағдайға іштей дайын болу керек. Жоғарыда аталғандар, осыған азғантай болсын септігін тигізуге итермелейді.

26-30 ЖАС АРАЛЫҒЫ – ЕР ЖІГІТ ЖӘНЕ ӘЙЕЛДІК КЕЗЕҢІ.

Бұл кезеңде адам психикалық жағынан тұрақты, әрбір іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарайтын, өмірге жастық максимализм тұрғысынан емес, объективті тұрғыдан қарайтын болады. Кез келген нәрсені эмоциямен емес, ақылмен қабылдайды. Әрине, егер алдыңғы кезеңді дұрыс пайдалана білсе. Кейбіреулер бұл жаста әлі күнге дейін өзін бала көріп, еркелікті тастамай, өмірге бозбала немесе бойжеткеннің көзімен қарауда. «Жанның жас болғаны» жақсы ғой, бірақ өмір бойы жас болып қала алмаймыз. Фәни өмірдің қысқалығын түсініп, барынша пайдалы (өзіне де, қоғамға да) өмір сүруге талпыну қажет. Бұл кезеңде ерлі-зайыпты ер мен әйел баяғыдай енді ғана отау құрған жас жұбайлар емес, бір біріне үйренген, артық-кем тұстарын біле отырып, сол беті қабылдайтын, жігіт-қыз кезеңінен өткен, есті адамдар. Сонымен бірге, бұл уақыт бала-шағалы  болатын уақыт. Біреулердің баласы мектепке аяқ басса, біреулердікі енді ғана тәй-тәй басып үйренуде болады. Адам өзін тәрбиелеу кезеңінен дұрыс тәлім алып шықса, бала-шағасына да соны үйретеді. Пайғамбарымыз өз хадисінде «Әкенің балаға беретін ең үлкен сыйлығы – дұрыс тәрбие» деу арқылы тәрбиенің әке мен бала өміріндегі маңыздылығын көрсетіп отыр. Жоғарыда айтып кеткендей, отбасылық өмірдің өз аумалы-төкпелі кезеңі болады. Халқымызда оны «ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» деп жақсы жеткізген. Неге бұл жерде «сылдырлау» сөзін пайдаланған? Себебі, ыдыстың тек сылдырлағаны оның сынуынан аман қалғаны деген сөз. Бұл дана халқымның «ыдысты сындырмай» жәй ғана «сылдырлатқан», «сынуға» дейін апармағанның белгісі. Ендеше, отбасылық өмірді бақытты етудің, «сындырмақ» түгіл, «сылдырлатудың» алдын алу жолдары жайлы басқа тақырыптарда тоқталамыз.

Аталмыш үш кезеңнен сүрінбей өткен адам өмірінің қалған кезеңдерін де, Алла Тағаланың қалауымен еш алаңсыз сүре алады. Бастысы, тәуекел ете білу, өз қолынан келгенін жасай отырып, қалғанын Аллаға тапсыру және соған толықтай иман ету. Жастық шақ – қайтып келмес өмірдің қысқа ғана уақыты. Оны пайдалы немесе зиянда өткізу адамның өз еркінде. Пайғамбарымыз (С.ғ.с.) өз хадисінде былай дейді: «Адам екі нәрсенің қадірін білмейді – ол бос уақыт пен денсаулық». Бұл екеуі де адамның жас кезінде жетерлік. Алла Тағалам осы екі нығметті сізбенен бізге тура жолда пайдалануға нәсіп етсін! Әумин!

Көпен Әділет

ҚМДБ Жастар ісі секторының меңгерушісі


[1] Хадис Анастан. ас-Суюты Дж. Аль-джами‘ ас-сагыр. С. 250, хадис № 4112, «сахих»
[2] Бұхари, 853; Мүслим, 1829
[3] Бақара сүресі, 228-аят
[4] Әли Имран сүресі ,92-ат
[5] Бақара сүресі, 261-аят
[6] Табарани. Кәбир. ІХ, 109 б.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру