Жамандыққа – жақсылық...

16 тамыз 2021 9524 0
Оқу режимі

Көп адам жақсылыққа жақсылық жасай алғанымен, жамандық жасаған адамға келгенде, жақсылық жасай алмасы анық. Былайша айтқанда, жақсылыққа жақсылық әр кісінің ісі болғанымен, жамандыққа жақсылық тек ер кісінің ісі деуге болады.

Құран Кәрімнің Фуссиләт сүресінде: «Жақсылық пен жамандық бірдей бола алмайды. Сондықтан, жаман қылықтан барынша алыс тұруға тырыс. Сонда саған дұшпан болған адамдар уақыт өте келе жаныңа жиылып, сені жақсы көретіндердің санын толықтырады!» – делінеді.

Ашу мен қаһар, шын мәнісінде, адамның бойындағы әлсіз және жағымсыз қасиетке жатады. Ал жақсылық сүйгіштік пен биязылық жұрттың көңілін жаулап алатын, сол кісі жайлы жылы пікір қалыптастыратын қасиеттер. Аталған жақсы және жаман қасиеттер тайталасқа түскен сәтте жаман қасиетті емес жақсы қасиетті таңдап, соның айтқанымен жүретін адамдар айтарлықтай аз. Ал жақсы қасиет пен жаман қасиеттің бір деңгейде еместігі тағы талассыз.

Өзгенің нашар қылығына кешіріммен қарау да жақсылықтың нышаны. Өйткені, тек кешіріп қана қоймай, оған жақсылық жасау әлгі кісінің көңілін жаулап, жақсылыққа деген махаббатын оятады. Бұл әрекеттің жағымды нәтижесі мол.

«Жамандыққа жақсылықпен жауап беру тек сабырлы адамға тән қасиет. Бұл әрекет адамға көптеген несібе әкеледі. Егер бойыңда сайтани тұрғыдағы жағымсыз қылықтар бой көрсете бастаса, дереу Аллаға жалбарын. Өйткені, Жаратушы ие барлық дауысты естиді, болған әрбір істі бәрінен де жақсы біледі» (Фуссилат, 41/35-36).

Жақсылық пен жамандықтың тайталасында мұсылман кісі Алла әмір еткендей жақсы қасиетті таңдағанында, Ібіліс өкініштен бармақ тістейді. Сайтан адамдардың сәл де болса қате түсінікте болғанын қатты қалайды. Өйткені, ол мұсылманды осал тұсы арқылы үлкен күнәлар жасауға итермелей алады. Анығында ашу мен дөрекілік арқылы кез-келген адам бойындағы күш-қуатын жоғалтып алады. Ашумен әрекет еткен кісі жүз пайыз дұрыс болып тұрса да, өкінішке ұрынбай тұрмайды. Мына бір хадис шәріптің осы тұста берері мол:

«Бір күні бір кісі Әбу Бәкірге (р.а.) келіп, оның намысына тиетін ауыр сөздер айтады. Сол жерде ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) те бар болатын. Бейтаныс кісі былапыт сөздерін тоқтатпай айтып жатқанына қарамастан Әбу Бәкір үнсіз, сабыр сақтап тұрды. Ал Алла Елшісі (с.ғ.с.) де болған жағдайға күлімсіреп, қарап тұрды. Бір мезет ауыр сөздерге шыдай алмаған Әбу Бәкір ашу шақырып, бейтаныс кісіге дүрсе қоя берді. Осы сәтте Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) түрі бұзылып, ол жерден жедел кетіп қалады. Әбу Бәкір жылдамдатып Алла Елшісіне (с.ғ.с.) жетіп мұның себебін сұрағанда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бағана бейтаныстың сөздеріне үнсіз қарап тұрғаныңда сенің орныңа бір періште келіп, ана кісіге жауап беріп жатты. Ал сен ашуланып дүрсе қоя берген сәттен бастап қасыңа сайтан келді. Ал мен сайтан жүрген жерден алыс боламын», – дейді (Әбу Дәуіт, Әдеп 49).

Тағы бір аятта былай делінген:

«Олар не қаласа соны жасасын. Ал сен жамандықты мейлінше алыстатып отыр. Өйткені, біз олардың сен жайлы айтқан жағымсыз уәждердің ақ-қарасын өте жақсы білеміз. Сен былай деп дұға ет: Уа, Алла Тағала! Сайтанның айдауы мен оның қасында болудан мені сақтай гөр!» (Муминун, 23/96-98).

Кездескен жамандықтарға сабыр сақтаумен қатар, жамандыққа жақсылық жасау да асыл қасиетке жатады.

«Сен кешірім жасау мен елемеуді дұрыс көр. Жақсылықты талап ет. Наданмен надан болма. Егер кез келген сәтте түлен түртіп, жамандыққа құлқың тартса дереу Алла Тағалаға сыйын. Өйткені, Жаратушы Ие барлық дұғаны естіп қабыл етуші. Ол күмәнсіз бәрін білуші» (Ағраф, 7/199-200).

Адамның ойына шариғатқа қайшы көлденең ойлар келгенде, мұсылман кісі дереу Жаратушысына сыйынып, көмек сұрауы тиіс. Өзге де жағымсыз қылықтар бой көрсете бастаса дереу Аллаһқа сыйынып, жамандықтан сақтану дінімізде әмір етілген. Бұл аяттың үлгісі Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) арқылы дәлелденіп, бүкіл мұсылмандарға арналып түсірілген.

«Аллаға қарсы шығудан қорқушы адамға сайтан көлденең бір ой салған сәтте дереу өз-өзіне келіп, істейтін ісі мен ойына бақылау орнататын болады» (Ағраф, 7/199-200).

Тақуа кісілер еш уақытта өзін қауіпсіз сезіне алмайды. Өйткені, сайтан оларды да азғыруға тырысады. Бірақ Алланың мұндай құлдары азғыруға берілмей, өздерінің ізгі құл екендіктерін дәлелдей біледі. Дереу Аллаға сыйынып, адасушылыққа баспайды.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінікі дұрыс болса да, пікірталастан аулақ болған кісіге былай дейді: «Мен өзінікі жөн бола тұрып, пікірталастан қашқан кісіге жәннәт бақшасының шетінен әсем бір үй кепілдік беремін. Ал әзіл де болса өтірік айтудан аулақ болған кісіге жәннәттің ортасынан бір үй, көркем мінезді болған кісігі де жәннәттің ең жоғарғы қабатынан әсем бір үй кепіл етемін» (Әбу Дәуіт, Әдеп 7).

М.ЕСЕНӘЛІ

Пікірлер Кіру