ЖӘКЕН ОМАРОВ: СЫН САҒАТТАРДА ЖҮРЕГІМДІ «ҚАЗАҚИЯ» ЖАРЫП ШЫҚТЫ...

23 қараша 2023 2582 0
Оқу режимі

Қазақ өнерінің қайраткері, айтыскер ақын, термеші, сазгер, қазақша Мәуліт жырының авторы Жәкен Омаровтан алған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

Бұл жолмен жүруге жеңілге жүгірмейтін жігер керек

– Жәкен аға, адамның ақыл-ой па­ра­саты қаншалықты дәрежеде болса, өнері де сол биіктен көрінеді деген көзқарас бар. Осыған алып-қосарыңыз бар ма?

– Адамдықтың өзі сол ақылы мен же­тесінің жеткен жеріне дейінгі дәре­же­де болса керек. Ал шын өнерге кел­сек, ол енді екінің біріне беріле қой­мас. Біз­ден өнердің өресін сұрап отыр­­­саңыз, осы жасқа дейінгі өмір тәжі­ри­бемде «Шығыстың Аристотелі» атан­ған Әбу Насыр әл-Фарабидің жіктеуіне тең баға тап­падым. «Өнердің айнала­сын­да жүр­гендер бар. Бірі – таза таби­ғи дарын­ды­лар, оларды Раббымыз со­лай жаратады. Екінші тобы оқып-шо­қып, ізденіп, тал­пынып, үйреніп, еңбек қылып, тыр­мы­сып шебер ата­на­ды. Ал енді үшінші топ бар, олар – сол алғашқы екі топқа елік­тейтіндер» дей­ді данышпан. Бұған бас­қа нені алып-қосайын...

– Ұлттық өнерімізді ұлықтап, асыл ді­­німізді жыр-термемен насихаттап жүр­­ген танымал тұлғаның бірісіз. Үлкен өнер­­ді ұстай білетін ірілік, ерекше мінез ке­­рек деп жатады. Осыған қатысты не ай­­та­сыз?

– Ұлттық өнер – жыр-термені «үл­кен өнер» деп бағалайтындар қазір саяқ. Жасыратыны жоқ, дәстүрлі ән мен жыр-термені жалғастырып жүр­ген, оның аймақтық ерекшеліктерін сары май­дай сақтап айтатын насихат­шы­­лар­дың да қатары сиреді. Жыр мен тер­меге сұ­раныс жоқ деген – жәй әң­гі­ме. Айту­шы аз, бұл жолды «ұст­ау­шы» кем. Ал әл­гі айтқан «еліктейтін­дер­ге» сенім жоқ, олар «тойда тойып се­­­кіріп» кетуі мүм­кін, бүгінгі тренд бойынша, айт­қа­ны «өтпей» қалса, әлеу­меттік желіде «хит болмай, атпай, жар­май» қалса, жар­ты жолда «әй, пай­дасыз артық дор­ба» деп тастап та кетуі мүм­кін.

«Ірілік» деп ірі әңгіме айтып отыр­сыз, киелі өнердегі өр мінез дегеніңіз – қан­мен келетін қасиет. Одан қалса «көр­гендіден» көріп, жақсыға еріп, өмір­дің өзінен үйренетін жауапты жүк. Жолың бол­са, өзі уәлі, сөзі дуалыға ке­зігіп, ба­тасын аласың. Әйтпесе жөн көр­се­тер ұстазға жолығып, ол өз дұға­сы­нан қалдырмаса – бағыңның жанға­ны да. Бұл жолмен жүруге керек ерекше мі­нез – жеңілге жүгірмейтін жігер, ар­зан­­ға сатылмайтын табандылық, оңай­­ды іздемейтін ерен еңбек, қалға­нын бір Алла өзі реттейді.
 

Аш адамға қазанның қақпағын аша салғандай болдық...

– Бір кездері «Зікірулла» әніңіз мұ­сыл­­ман жамағатының әнұранына ай­нал­­ды. Қазіргі «Қазақияңыз» естіген жан­­ның жүрегіне жетуде. Тұтынушының та­мырын тап басып, яғни халық рухты әнге шөлір­кі­ген сәтте осындай құнды туындыны өмір­ге әкелудің өзі ұлы өнер деп білеміз... Бұл жайлы не дейсіз?

– Өнер – халықтікі. Шын өнерлі әр­­кез халықпен һәм қоғаммен бірге. Қуан­са – шаттанады, мұңайса – қай­ғы­ра­ды. Небір қилы замандарда, ел басы­на күн туғанда, батырлар қаруын қам­дап, темірші көрігін қыздырған, ал ақын­дар ерліктің туын өлең-жырмен тік­­теп берген. Хош, бұл күндері жау азайып, басқыншы басылып тұр ма? Қай­­сыбір жылдары қазақтың «жер» мә­­селесі ел ішінде үлкен толқу тудыр­ған­­да «Қазақия» жүрегімді жарып шық­­қан-тын. Саясаткер емеспіз – май­данда шай­қасатын, депутат емес­піз – мінберде сөзін өткізетін, қолым­нан келері өлең, жыр болған соң, Алла­дан алақан жайып сұраған дұғам­ды, тілегімді осы рухани туын­дымен жеткізгім келді. Байтақ жер, баталы ұрпақ, көк байрақты, ел­таң­бамызды осы өлеңмен ашықтағым кел­ген-дағы... Алла «Қазақияма» жар бол­сын айт­тым. Шығарма тамырды дөп ба­сып, сәтінде туса, онда біздің де уа­қыт­­­пен бірге қозғалып, бірге жүрге­ні­міз шығар...

«Зікірулла» 2000 жылы елде алғаш рет орындалды. Сол кезде-ақ топыра­ғың торқа болғыр әдебиетші ғалым, ака­де­мик Тұрсынбек Кәкішев ағамыз ри­за болып: «Зікірулла» қазақ мұсыл­ман­­­дарының әнұраны болуға әбден лайық» деп телеэфирден айтып еді, одан кейін бұл сөзді сізден естіп отыр­мын, бағаңыз үшін рақмет. Бұл шы­ғар­ма 1996 жылы шетелде шыққан, таза намыстан туған дүнием және өз уа­қыт-сәтінде туды деп ойлаймын. Өзіңіз білесіз, Кеңес кезінде дін ұста­ған не тұлғалар желкеден аты­лып, жа­қыннан сатылды. Дінді тығы­лып тұты­нып жүргенде Құдай жарылқап еге­мендік алдық, одан бірден аралас-құра­лас Ислам әлеміне шекараны ашып жібердік емес пе... Жаппай сіңіру, аш­тай тойыну, тіпті «бақылаудан шы­ғып кет­ті» ғой деймін сол тұста... Оның мы­салы «аш-жалаңаш адамға қа­занның қақ­пағын аша салумен» бір­дей болды ғой. Оның салдары не болды, міне бүгін мәселе болып ушығып, қоға­мы­мыздың бітпес дау, жазылмас дертіне ай­налып әлекпіз.

Біз де азды-көпті діни сауатты шет­ел­де алдық. Бірақ өз басым жоғары оқу ор­нын бітіріп, есейіп бардым. Ескі көз­ден жұрымдап жеткен дініміздің түбі те­рең іргетасына табанымды тіреп бар­дым, тарам-тарам, ағым-ағымға бөлі­н­ген жамағат біткеннің арасынан тек ке­ре­гімді алып, судың беті, жардың ше­­­­тімен абайлап жүріп аман қайттым десем, анығы – сол. Шетел асып жүріп алған білім, жеткен жетістігімді «Зікірулла» ар­қылы жеткізуге тырыстым. Қазақтың дәстүрлі діні дегеніміз – тұғырлы аят-ха­дистің өзі, Пайғамбардың (оған Алла­ның салауаты мен сәлемі болсын) түзу жолы, ата-ананың тәрбиесі, тарихымыз бен жұртымыз, бай мәдениетіміз бен ғұр­пымыз, жүректің тазалығы мен ниет­­тің түзулігі. Демек түзу жолда еке­ні­­мізге пікір, зікір, шүкір етуіміз керек. Сон­дықтан болар діндегі ағым-арнасы бө­лек аз ғана топ болмаса, қалың қазақ жұр­ты бұл «Бір Аллаға мадақ – иләһи жы­рымды» махаббатпен қабыл алған жайы бар. «Зікірулла», «Нұрулла», «Хик­­метулла», «Қағбатулла» циклды Ал­ла­ға мадақ иләһи-жырларым – жал­пақ елдің өз несібесі, өз ұстанымы, ға­сыр­лардан жеткен ғұрпы, сәулелі са­на­сы, рухының азығы, жанының қалауы, біз оны өлеңмен жеткізуші тек себепкер шығармыз.
 

Жерде жатқан дүние жоқ

– Расында кез-келген туындының әні мен сөзін жазатын әрі оны қоңыр дауыс­пен, ұлттық нақышпен келістіре орын­дай­тын өзіңіздей өнер иесі некен-саяқ. Әуелі ән жазасыз ба, әлде өлеңді өріп ала­сыз ба? Осы жайлы толығырақ айтып кет­сеңіз.

– Әрқалай, бірінің мақамы туса б­і­рін­ші, кейде сөзі бірінші келеді. Та­қы­рып ішкі дайындығыма қарай. Көп із­де­ніп, әсіресе иләһи ән шығарғанда ға­лымдардың пәтуасына салып, қы­рып-жонып, әр туындыма үлкен жауап­кер­шілікпен қараймын. Жас кезде шы­ғарған біраз әндерім бақылаусыз тара­лып кетті, қазір шығармаларым дайын болғанда бірінші өзім орындап үлгі жасап беремін. «Мен айтсам бола ма?» дегендер қатаң қадағалауымызда, жер­де жатқан дүние жоқ, егесіздей ен­ші­лейтін. Оның үстіне қазір әлеуметтік же­лі деген жақсы болды, кімнің не ай­тып, қалай айтып жүргенін қарап оты­расың. Айтпақшы, өзімнің де жеке ар­нам, парақшаларым толық рәсім­дел­ген, бәрін кәсіби мамандар реттеп оты­ра­ды.

– Сіз жыл сайын Мәуліт кешінде Пай­­ғам­барымыз Мұхаммедтің (оған Алла­ның салауаты мен сәлемі болсын) өне­гелі өмір тарихына арналған Мәуліт жы­рын кезең-кезеңімен қазақша жырлап келесіз. Бұрын рухани кештерде Пайғам­бар өмірі арабша орындалатын. Халық қа­зақша Мәуліт жырын қалай қабылдап жатыр? Жалпы Мәуліт жырын толық орын­дап, қорытындылауды қашанға жос­парлап отырсыз?

– Осы елдің қарапайым бір мұсыл­ма­ны ретінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының салалы, сындарлы ізгі іс-шараларына жоғары баға беру­шінің бірімін. Өзім алғаш иләһи жыр айтқан, 2000 жылы басталған шағын Құ­ран жарысы мінеки кеше бәріміз ри­­за болып тамашалаған әлемдік дең­гей­­дегі халықаралық Құран жарысы дә­­ре­жесіне жетті. Отызға жуық елден кел­­ген қари-хафиздар 2 миллиард мұ­сыл­манға Қазақстанның атын жайды деген сөз ғой, Құдайға шүкір! Мүфтият үлкен іс атқарды. Сол сияқты бірінші Мәу­літ кеші де қазіргідей барлық ай­мақ­та емес, тек бір Алматыда ғана өте­тін, басынан бастап «басы-қасын­да­мыз», жыл сайын иләһи жырларымды ай­тып жүрдім. Ой, жалған дүние-ай, жа­рықтықтар Әбсаттар қажы Дербісәлі мен Абдулла Жолдас көкем есіме түсіп кетті ғой осы арада, иманы саламат бол­сын. Жылда қарилар сиярды (Пай­ғам­бар өмірбаяны) араб тілінде айтып жүр­ді. Содан 2018 жылы Мәулітті қа­зақ­­ша айту идеясы бойынша «ҚМДБ ұсы­ны­сы әрі таңдауы сіз болдыңыз» деп сол кездегі Алматы қаласы мешітінің им­а­мы, қасында мұраттап қарилар бар, ма­рқұм Бауыржан Әли бастаған ғалым­дар бар, арнайы ат басын тіреп, шаңы­ра­ғыма келіп, жөн-жобасын түсіндіріп, ақ­параттық және ғылыми бағытта қол­дау болатынын білдіріп, қолқасын сала келді. Ұсынысты үлкен жауапкер­ші­лік­пен қабыл алдым. Дастарқан басында 1993 жылы ауылдағы әулие Қантай ишан­ның тұқымы Датқа ишанға ескі ша­ғатай тілінде Шәді төренің «Сияр Ша­рифін» оқытып отырып, кирилл әр­піне өзімнің түсіріп жазып алған қа­лың дәптерімді көрсеттім, ғалымдар да, өзім де бір толқыдық.

Міне, Алланың қалауымен алғашқы бас­тамасы 1993 жылы басталған Пай­ғам­барымыздың (оған Алланың салауа­ты мен сәлемі болсын) сиярына деген шек­сіз махаббат ірі іс-шараға ұласып, биыл 6 жыл үлкен сарай сахнасында, ха­лық алдында қазақтың өз тілімен, ұлт­тық аспабы – қара домбыра һәм сыр­лы сырнайымен жаңа «Қазақша Мәу­літ жыры» болып бөлім-бөлімімен жүйе­лі айтылып келе жатыр.

«Алланың бұлбұлы көп дарақтағы.

Адамның кәдесіне жаратқалы.

Уаһиди, ибн Ысқақ, ибн Хишам,

Алғашқы сияршылар арабтағы.

Ясауи, Бақырғани, Жүніс Әмре,

Расулды өз тілінде мадақтады.

Майлы ақын, Мәшһүр Жүсіп, Шәді төре,

Ғұлама шайырлар ед, санаттағы.

Солардың жолыменен «нәзиралап»,

Отырмыз Мәуліт айтып таратқалы» деп басталады жырдың сөз басы.

Осылайша кәсіби, әдеби үлгі «на­зи­ра» дәстүрімен, яғни өзіме дейін жазыл­ған барлық сияршылардың өлең-жыр­ла­рын оқып, талдап, зерттеп, іріктеп, «ықтилабын» күмәнді, даулы жерлерін зерттеушілермен нақтылап, заманға сай мақамға салып, сахналық форматын тауып, әдеби айналымға заманауи үл­гі­дегі «Қазақша Мәуліт жырын» қостық. «Ел қалай қабылдап жатыр?» деген сұ­рақ қойып отырсыз, сарай толы халық ал­ғаш шыққанда сәл тосырқағандай кө­рінді маған, оның үстіне Абай айтқан «елбұзар дүмше молдалардың» «музыка ха­рам, домбыра харам» деген таратпа сөзі елді екіұ­дайлатып қойғаны тағы бар емес пе... Ол топқа арнап:

«Мәулітті деп жүрген бар керегі не?

Пайымы жетпей сауап көлеміне.

Үлгі алып, Хақ Расулдан, Құранда да

Артық көр ата-анаңнан демеді ме.

Мәулітті оқып, тыңдау нәсіп болар,

Ішінде үмметтердің зерегіне...» деп жыр­­мен жауап айттық. Сөзден жаңыл­мау­­ға, ойдан айнымауға тырыстық. Қа­лың елдің көзі қырағы, құлағы сақ емес пе?! Өзінің қанына сіңген жыр әуені, өлең дәстүрімен айтылған асыл діннің ай­шығын анық танығанда бұрын Ақыт қа­жы, Сәдуақас Ғылмани жазған Мәуліт жы­рының дәстүрлі жалғасына қауы­ш­қан­­дай қабылдады.

Биыл алтыншы жыл бұрын тек кітап­тан оқыған сияр енді сахналық нұсқада өлең-жырмен жеткізе айтылғанда көбі ри­за болып, көзіне жас алып, Пай­ғам­ба­ры­мызға (оған Алланың салауаты мен сә­лемі болсын) деген махаббаты мен сүйіс­пеншілігін көрсетіп, арасында са­лауа­тын айтып, орнынан тұрып, «мәрхә­ба­лап» құрмет көрсетіп, жылдан жылға кә­дімгідей ықыласы артуда. Жылдың ал­ты-жеті айын осы елдің құрметі үшін, ха­лықтың қызметі үшін үлкен дайын­дық­қа, дәл ақпарлы зерттеуге, әлемдік үл­кен ғалымдардың әр тілде айтқан сияр дәйек­терін саралап, салыстырып, талдап ба­рып өлеңге түсіріп жатқаныма ҚМДБ ғалымдары куә.

Қазақ, орыс, өзбек, түрікмен, кавказ ел­­­­­деріндегі ғұламалар, түрік еліндегі ұстаз­дарым бар, қажетті мәліметтерді кіта­бы болса кітабымен, хаттайы болса интернет желісіндегі хат алмасумен, ZOOM байланысы тағы бар, арасында ұмра сапарларында Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі бол­сын) жүріп өткен жолдары Меккедегі Нұр тауы, Сәуір тауы, Тайеб мекені, Ху­дай­бия келісімі болған жер, Бәдір, Уһуд, Хандек (Ор) шайқасы орындарына табан ти­гізіп, Раудада арнайы дұға жасап, Алла­ның ризалығы, Расулалланың ша­па­­ғатын сұрап, атқарылып жатқан үлкен жұ­мыстың нәтижелі болуын Жаппар Хақ­тан тілеймін, әрине.

ҚМДБ ұсыныс-тапсырысымен жа­зы­лып жатқан сахналық нұсқа бойынша һиж­раның 8 жылындағы оқиғалар, «Мек­­­кені Фатх етудің» жалғасы мен одан кейін­гі оқиғалар, Пайғамбары­мыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі бол­сын) дүниеден озуы толық жырлануы тиіс. Ендігі жерде, Құдай қаласа, Бір Ал­ла­ның ризашылығы үшін қалған өмірімді Пай­ғамбарым Мұхаммед Мұстафаның (оған Алла­ның салауаты мен сәлемі бол­сын) өмір тарихын бар дерегін қалдыр­май, то­лық жыр түрінде жазып шығуға ниет еткенімді сізге бірінші рет айтып отыр­мын. «Аллам Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі бол­сын) өмір тарихын соңына дейін жыр­лау­ды бұл дүниеде нәсіп етсін!» деген ниет – менің және менің тілеу­лестерімнің күн­делікті дұғасы.
 

Қазір елдің рухын көтеру маңызды

– «Біздің елдің жігіттері» әніңіз уа­ғын­да біраз жігіттің намысын қайрады. Өкі­нішке қарай қазір дінге ден қойған кейбір бауырларымыз ұлттық өнерден жери­тін қылық танытып жүр. Осыларға арнап, жаңа жыр шығарып «әу» деп қою ойда жоқ па? Теріс діни ағымда жүрген­дердің көзқарасын қалай оңалтуға бола­ды деп ойлайсыз?

– Байқаймын, бізден жаңа жыр, жаңа ән сұрап отырғандайсыз... Құдай әуметті өлеңнен берген соң жүрген же­рімде, сұраған сәтінде «әу» деуден еш қашпаймын. Жақында өткен ҚМДБ, соның ішінде Алматы қалалық ор­талық мешіті ұйымдастырған кең салалы DASTUR FEST шарасында бас имам Төлеби Оспан бауырымыздың қолқа салуымен, шапанымды киіп, қара домбырамды қолға алып, арнау айттым:

«Атамыз – Адам, білсек, ілкімізді,

Адамнан – араб, ажам, түркімізді.

Осылардың ішінде, Құдай қалап,

Халық еткен «Қазақ» дейтін ұлтымызды.

Аллаға шексіз шүкір, осыншама,

Белгілеп берген ата-жұртымызды.

Даналар Исламмен қабыстырған,

Саналы салт пен дәстүр, ғұрпымызды.

Бабаларға Алланың нұры жаусын,

Қолға ұстатқан құлпы ашар кілтімізді.

Сол кілтті білікпен айналдырсақ,

Қолдағы бар ұқсатып мүлкімізді.

Ұмтылсақ ынтымаққа ымырамен,

Жау алмас ішіміз һәм сыртымызды.

Туған жер – жөргегіміз, құндағымыз,

Бәріміз текті атаның жұрнағымыз.

Ұлтымның құндылығы дәріптелсе,

«Әке көрген оқ жонар» – ұлдарымыз,

«Шеше көрген тон пішер» – сырғалымыз.

 

Баптаған қазығында қазанатын,

Қазанат тәрбиелеп азаматын.

Қолы – істе, жүрегі – зікір салып,

Құдай жар боп, жол тапқан тазаратын.

Неше ерлер жандарын пида қылған,

Мәңгі өрлей берсін, деп «Қазақ» атың!

 

Қолға алса қобызым мен домбыраны,

Басына бозторғай құс қондырады.

Әр заттың иесі мен киесі бар,

Күтімін білген жанға орнығады.

 

Аят-хадис сүйеніп нұсқасына,

Қалдырыпты бабалар мол мұраны.

Өнер, білім – халықтың қазынасы,

Мәртебесін асырып зор қылады.

 

Әжемнің орамал мен кимешегі,

Сән беріп, тұрпатына үйлеседі.

Қазақы «хиджап» деген осы болар,

Шариғат құптамаса кимес еді.

Шапан да «Пайғамбардың сүннеті» деп,

Үстінен тастамаған би-көсемі.

 

Үлгі алса үлкендерден жас баласы,

Белгілі көргенін жас тастамасы.

Әртүрлі ағымға еріп соғылмасын,

Ақ пейіл жамағаттың тасқа басы.

Дінім мен дәстүрімді сабақтаған,

Оң болсын хазіреттердің бастамасы...».

«Біздің елдің жігіттері» дер кезінде на­мыс қайрады деп қалдыңыз, 1993 жылы Есенқұл ақын екеуіміз бұл әнді жаз­ғанда елдің мұңы басқа еді, «байтал түгілі бас қайғы» заман еді, халықтың халі мүшкіл, елдің елдігі қыл үстінде тұр­ған сын уақыттар еді. Біздер тойып та­мақ жемеген, қырғын соғыстан аман қа­лып, айдалада көмусіз қалмай, бей­біт, тыныш аспан астында қара нан мен қара суға разылығын жылап тұрып ай­тып, «осы күнге аман жеткізгеніңе, ұр­пақ сүйгізіп, балаларымның алдын­да ақ өліммен өтетініме шүкір еттім» деп егілген аталарымызды көрдік.

Егемендіктің алғашқы жылдарында артық ас жоқ, жұмысынан алты ай ай­лық алмай, «бәрі уақытша ғой» деп, ел­дің тыныштығы үшін көрген күніне са­быр еткен момын халықты көрдік, ар­ғыны айтпағанда. Осылар есіме түссе, өт­кен күндерді, елдің көрген қиын­шылығын естен шығармау керек деп те қоя­мын. Бір «Оян, қазақ!» фильмінің жас­­тарға қалай әсер еткенін көріп отыр­­сыз. Егер елге қажеті осы әдіс бол­са, тарихымыздағы данышпан аналар, білекті батырлар, жүректі би-көсемдер, жа­лынды жастар, атқамінер азаматтар, ұлт­тың ұлылығын сақтаған ғұламалар, ишан, әулие, билер, текті ұрпаққа тек­­­ті­лік­тің тетігін ұстатар ел таңдаулылары мен намыс жанитын елеулі оқиғалар, жі­герлі жырлар кеңінен дәріптелуі тиіс. Фи­льм, арнайы подкасттар, ашық жиын, фестиваль, рухани байлықты то­­­­лықтыратын өнер жарыстары ұйым­дас­тырылып, елге етене жақындап, осы жұ­мыстарға жастарды баулып, не істе­сек те есеп үшін емес, шынайылықпен си­пат алуымыз маңызды шығар. Ақыл­шы көп заман ғой, әлеуметтік желіні ел­ді бұзуға, теріс кетуге емес, жаппай жүйе­лі жоспармен елдің рухын көтеруге пай­далануымыз дұрыс секілді бізге.
 

 «Жұмаш қойды бағады,   Күләш орден тағады...»

– Өзіңізбен Атырау облысына бар­ған сапарымызда жиналған қауымға «Ақ­құр­дастарым Атыраудағы» әнін орындап бер­д­іңіз. Халық қиқулап, өнеріңізді зор ілти­патпен қабылдады. Сол кезде осы ән­нің тарихы жайлы сұрау­ға мүмкіндік бол­мады. Қазір реті келіп тұрғандай...

– Құдайдың берген өнерінің ар­қа­сын­­да елді көп аралаймын, тек Атырау емес, байтақ елдің әр аймағын жақсы көремін. Асқақ Алтай, шығыстың сұлу табиғаты, Аякөздің бүкіл ділмар даласы, кө­рікті Көкше, Арқаның текті жұрты, Қызыл­жардың мәрттігі, данышпандар мекені Кереку, Тобылдың маңы ен то­ғай, жер жәннаты Жетісу, тарихы те­рең Тараз, Әулиеата, киелі Түркістан, қа­сиет­ті Қазығұрт, кәрі Қаратау, сүлейі мол Сыр өңірі, Шалқардың шалқар мі­­­незі, Сарайшық Атырау, Текедегі Ор­да, әулиелі Маңғыстау, табаным тиген жер­лер, тұз-дәмі бұйырған елдер... Жүр­ген жерлерімде достарым, арқа тұ­тар ақжайлау ағаларым, құрметі таусыл­мас інілерім баршылық, шүкір!

Бірде атақты «ЕмбіМұнайГаздың» ме­рейтойлы айтысы үстінде, жатқан же­рің жайлы болғыр, ақиық ақын Са­лауат досым «Біздің елдің жігіттері» біз­дің Атырауда да жетеді, Атыраудың аза­маттарының рухын көтеретін бір ән сұрай­мын» деп қолқа салды. Айтыстан соң жергілікті елжанды жігіттер күллі ай­мақтың ойы мен қырын түгел ара­ла­тып, тарихымен таныстырып, мәрт мі­­­­нездерімен мейірімді қандырып, ен­дігі жерде ән арнамасам болмайтындай етіп «аққұрдастап» шығарып салған.

Сол сапарда алған әсер, құлақта қал­ған өздеріне ғана жарасатын сөздері мен жайдары мінездері ұшақтан түсіп, үйіме жеткенше әдемі саз болып, кө­кірегіме қонды ғой, сөзі де қатар шық­ты. Ұзатпай әнді жолдадым, ой, мәз бол­ғаны-ай, риза болғандары-ай, ондай се­зім тек атыраулықтарда ғана бар, біле біл­генге. «Өзімізден екенсің ғой» деп іш­тартқаны рас. 

«Сазды Сарайшық – хандар тұрағы,

Тарихтың талай қалған сұрағы.

Шайхыларымның бәтиқасымен,

Қайқыларымның жанған шырағы...»

Содан «Аққұрдастарым Атырауда­ғы­ны» айтпай жиындары бітпейді екен. До­сым Салауаттың бір айтқаны бар: «Жұ­маш қойды бағады, Күләш орден та­ғады». Әнді сен шығарғанмен, абы­ройы менікі болды» деп күле-күле кетті жа­рықтық, айта-айта жүрсін деген екен...

Бұл дәстүр ақтаулықтарда жалғасты кейін. «Ақтауым-ай» ән-толғауым бар. Сә­ті, реті келсе, бұл цикл әрі жалғасын табады. Келесі кезекте ақтөбеліктер, өс­кемендіктер тұр, «келіңіз, өлкемізді өлеңіңізге өзек етіңіз» деп. Нәсіп болса, шабыт шақырар сәттер алда...

 

Орта буын ортада алтын көпір болмаса...

– Тәрбиенің тәлімді құралы терме ғой. Әйтсе де қазіргі жастар терме тыңдай бер­мейді деген пікір бар...

– Сіз жастарды қоя тұрыңыз, орта буын­да терме тыңдай алатын орта табу қиын... Бұлар тура тәуелсіздік алған жыл­­­­­дардың буыны ғой. Дәстүрдің, оның жол жалғастығының да шатқаяқ­тай­тын жері осы арада. Иә, сіз көтеріп отырған мәселеде осындай негіз бар. Ел тағдыры я ары, я бері болар тұста, ұрпақ қамы түгілі бас қам басымызға мұң бо­лып тұрған шақтар. Насихат жоқ, шал­ғай елдермен байланыс жоқ, бір қап екін­ші сортты ұнды төрт қойға айыр­бас­тап алған мезгілдер, қалада көпқа­бат­ты үйлердің қабырғасын тесіп мұржа жасаған қиын уақыттар, теледидар мен радио қосуға электр жарығы болмаған кезеңдерде, терме айтып, оны тыңдай­тын­дарға «ала қаппен вагон аралап нәпақа қуып кеткен» шақтар қатты кері әсе­рін тигізді...

«Одан да жаман күндерде тойға бар­ған қазақпыз ғой», бірақ бүгінгі орта буын дәстүр сабақтастығына кейіндеу, ке­шеуілдеу ілесті. Есесіне осы кешеуіл­деу бүгінгі рухани жұтаңдыққа алып ке­ліп отыр, қанша тырыссақ та. Әр нәр­се өзінің кезеңімен емес пе, қазір тер­ме десе «ішкен асын жерге қояр» ес­кіні көрген шалдар қатары тым си­реді, бүгінгі тыңдаушымыз аға буын ға­на. Ал жастарға не дейсіз, қолындағы те­лефонмен TikTok-тан әр ақпарды тың­дап қарауға 3-ақ секундқа жетеді екен шыдамы. Оның кері неге әкеліп соқ­тырары бір Аллаға ғана аян... Осы күн­гі жастар ең болмаса сапалы ән тың­дап үйренсе, соның өзіне рақмет. Тер­ме­ге келеді ғой сосын өздері, уақы­ты­мен. Олай демегенде, мысалы:

«Бисмиллә дедім, я, Алла,

Әуелі «кәф» пен «нун» болды,

«Кәф» пенен «нун» қосылып,

Оқысаңыз «кун» болды» (Майлықожа) дегенді немесе:

«Бұлт шөгіп күн жауса егер тау мен тасқа,

Қалмаған мұзда ерік су болмасқа»

(Майлықожа),

«Жүйрікке томар жолығып,

Ұрыншақ найза түйреген» (Қ.Әйтпенов) де­ген сөз саптастарды жастар қазір қа­был­­дай ала ма? Әй, білмеймін... Орта буын ше, орта буын ұғуы тиіс бұл ма­қам­дарды, түсіну қиын болса тырысу ке­рек, үйреніп-машықтануы қажет, ара­лық мәдени көпірді мықтау дұрыс. Әйт­пегенде жас ұрпақтың өлең түсінуі, өнер түсінуі «бір мұң, бір қайғы» болып қалуы әбден ықтимал.

Терме – текті өнер. Тағылымы те­рең. Ұлттық кодты сөзден іздесеңіз, тер­меден табасыз. «Қадірін ғұламаның ғалам білмек, Ешқашан көптік етпес оған құрмет» (Әлішер Науаи). Термені айтушы мен таратушыға да байланысты көп нәрсе. Мысалы, біз терме айту үшін бар өмірді осы жолға бағыштаған адам­быз. Тұрсынғали, Арын, Айтқожа, Әзім, Рахманбердідей Майлықожаның ті­келей ұрпақтары мен мұрагерлерінің ау­зынан бала кезден саққұлақтықпен тың­дап, жаттап өстім, Қуатхан ишан­дар­дың ишаратын алдым, аузыма тү­кіріп, батасын берді. Кәрі құлақтардың көзінен «Әй, Жәкенжан, қайдасың, кел сөз тыңдадан» таса болмадық. Одан ай­тысқа қатыстық, дода көрдік, ақын­дар­дың ұстазы атанған Қаныбек Сары­баев рухани әкем, айтулы бапкерім бол­ды. Ақ өлеңнің құйыны Манап Кө­­­­кенов, Көкен Шәкеев, Көпбай Ома­ров­тардың жанында жүріп, Шәмші Қал­дая­қовтың қолын алып, дәмдес бол­дық, қырғыздың шалқар жыршысы Әшірәлі Айталиевтің ықыласына бө­ленгенбіз, оңтүстіктің өнер майтал­ман­дары Оразқожа Бекахметов, Ка­мал Ендібаев, Қарсыбай Ақтаевтардан мақам тыңдап үйрендік. Одан елдің қа­мын шын ойлаған Қаныбектей ба­тырға іні болдым, есті ақын Есен­құл­мен айтысып, бірге әндер жаздық, сырластық, одан түрік ұстаздарым да ер шықты, әл-Азһар университетінде дә­ріс берген Садық Көстереліоғлы, мың­даған қаридың ұстазы Мұстафа Кочоғ­лы, Сияр Нәбиден ғалым Халил Иыл­маз һәм Мұстафа Күлли қарилар та­ғы­лымын зор ілтипатпен берді. Құ­дая тәуба, осындай елдің ағаларымен ара­ласып, жақсылармен жанасып тә­жірибе қаттадық. Бұлай болмаса қай­дан...

Терме поп-музыка, хип-хоп немесе рэп емес, мыңдап жиналып, теле­фон­ның жарығын қосып еліріп тың­дай­тын, жүз-жүздеп зал толтырып билетіп ай­татын эстрада емес. Мен сізге ай­тай­ын, 25 адам да көп, егер тыңдай ал­маса. Терме – төре өнер, оған күй ке­рек, құлақ тұнар тыныштықта ұйып тың­дайтын, тыңдаушыны да талғай­тын өнер. Қолқа сап, әңгімесін айта отырып, тамсандырып, тәнті қып ай­та­тын талғампаз өнер. Ұлағаты мен ғиб­ратын бойында қалай ұстап тұрса, ұлт­тың асыл сөзі мен текті сөзін сақ­тау­шы да өзі, жеткізуші де өзі. Сон­дық­тан терме айту дәстүріне берілетін маңыз жоғарғы деңгейде, ұлттық дең­гейде. Мұны мезгілімен, білімімен, тәр­биесімен, талғамымен түсінетін жастар келеді ғой, өседі ғой. Тек айта беру, дамыта беру, тиімді жерлерде пай­далана білу керекпіз.

 

Өнерпаздың ең үлкен жауы – «болдым, толдым»

 

– Қазіргі жас өнерпаздарға айтар аға­лық ақылыңыз қандай?

– Ақыл айтуға аса құмар емеспін не­гізі. Бөлісетін тәжірибемді жаңа айт­тым. Өнердің киесіне еге болсаңыз, оған абай болсаңыз, адал болсаңыз, өр­ге өзі-ақ сүйрейді. Өнерпазға ең үл­кен жау, өзіңіз білесіз, «мен, білемін, бол­дым-толдым» деген. Қаныбек ұс­та­зым сөзбен қағып отырушы еді, ыл­ғи: «Біреу мақтаса – сеніп қалма, Бір­деңеге жетсең – сеніп қалма», – деп айтушы еді. Тоқтап қалма, ары қа­рай тағы асу бар дегені екен ғой... Көп оқып, көп үйрену – ең дұрыс жол.

Уақыттың мүмкіндігі қолайлы бо­лып тұрған шақ қазір, шығыстың не тіл­дерін үйреніп алып, интернет ар­қылы болса да түпнұсқадан Фирдоуси, Низами, Физули, Жәми бар, Рудаки, Науаи сынды әлем жұлдыздарын оқы­саң қандай... Ясауидің «Хикметтері», Баласағұнның бәйіттері, Иүгінеки, Хо­резми, Мәулана, Румилердің шы­ғар­маларына дендеп, жыраулық поэ­зияның сөзі сіңсе бойыңа, Абай, Шә­кәрімнің тұлғалық концепциялары, Алаш қайраткерлерінің азаматтық идея­сына қанығып, ән, жыр, термелері­мізді терең игере білсек, шіркін, Алла­ның берген өнері қай кезде де өз биі­гіне алып шығады. Арамызда жүрген ға­лымдар, білуші тәлімгерлер, тәжі­ри­белі шеберлерден білгенін мейлінше алып қалу қажет, тіпті міндет. Алмас Алматов көкеміз бар, әңгімесін тың­дасаң телегей теңізге жолығасың, аты шығып әйгілі болмаса да білімі дария әдебиетші ғалымдар бар, тілдің тұнық тұнбасын сақтап отырған қытайдағы, моңғол жеріндегі қазақ бауырлар бар. Сабыр Адай отыр «Әр қазақ менің жалғызым» деп, Светқали Нұржан – ақын­дардың ақсақалы, Берік Жүсіп аға­мыз бар, жыр-терме, салт-дәстүрде біл­мейтін ақпары жоқ, энциклопедия­лық қоры бар элитамыз, осы ағалары­мыз төрде отырғанда құрметімізді көр­сетіп, үйретерін қалт жібермейік. Ең бастысы ел аман, бейбітшілік за­ман болғай. «Бір үйдің бір би, бір қа­зан­бұзары» болады дейді қазақ. Қа­занбұзарлардың жаман пиғылын жа­рия қылып түңіле бермей, әлеуметтік же­ліні жақсылық сөз жаюға, жақсыны үй­ренуге қолданайық демекпін. Алла елі­мізге жар болсын!

 

Сұхбаттасқан Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ

«Мұнара» газеті, №21, 2023 жыл

Пікірлер Кіру