ЗЕКЕТ – БАЙЛЫҚТЫҢ ҚОРҒАНЫ (Жиырма бесінші күн)
14 наурыз
Жиырма бесінші күн
ЗЕКЕТ – БАЙЛЫҚТЫҢ ҚОРҒАНЫ
اَلْحَمْدُ لِلّٰهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالصَّلَاةُ وَالسَّلَامُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَصَحْبِهِ أَجْمَعِينَ، أَمَّا بَعْدُ
Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.
Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Зекет – Ислам дінінің негізгі бес тірегінің бірі. Зекет тілдік тұрғыда: «тазару, өсу, өну, арту және береке» деген мағыналарды білдіреді. Ал шариғатымызда зекет деп, нисап көлеміне жететін дәулеті бар мұсылман кісінің Алла разылығы үшін байлығының бір бөлігін жылына бір рет Құранда көрсетілген топтағы адамдарға беруді айтады.
Алла Тағала Қасиетті Құранның көптеген аяттарына зекетті намаз құлшылғымен бірге бұйырған. Қасиетті Құранда «Бақара» сүресі, 110-аятында:
وَأَقِيمُوا الصَّلَاةَ وَآتُوا الزَّكَاةَ وَمَا تُقَدِّمُوا لِأَنْفُسِكُمْ مِنْ خَيْرٍ تَجِدُوهُ عِنْدَ اللَّهِ إِنَّ اللَّهَ بِمَا تَعْمَلُونَ بَصِيرٌ
«Намазды кемеліне жеткізіп, үзбей әрі уақытылы оқыңдар және зекетті толық беріңдер. Дүниеде өздерің үшін (Алланың разылығына бөлену мақсатында) қандай да бір жақсылық жасап, (ақыретке) жолдасаңдар, Алланың құзырына барғанда міндетті түрде алдарыңнан шығады. Шүбәсіз, Алла сендердің не істеп, не қойып жүргендеріңнің бәрін көруде», – деп айтылған.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) зекетті бес парыздың ішінде атап:
بُنِيَ الإِسْلامُ عَلَى خَمْسٍ : شَهَادَةِ أَنْ لا إِلَهَ إِلا اللَّهُ، وَأَنَّ مُحَمَّدًا رَسُولُ اللَّهِ، وَإِقَامِ الصَّلاةِ، وَإِيتَاءِ الزَّكَاةِ، وَصَوْمِ شَهْرِ رَمَضَانَ، وَحَجِّ الْبَيْتِ
«Ислам бес нәрсеге құрылған: Алладан басқа құдай жоқ екендігіне және Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Оның Елшісі екендігіне куәлік беру, намазды орындау, зекет беру, рамазан оразасын ұстау, шамасы келген кісіге Алланың үйіне қажылық ету», – деген.
Бұған қатысты Хакім Абай:
Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс,
Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс... – деп, мұсылман адам бес парызын толығымен орындау керектігін айтқан.
Зекет – адамдардың жанын тазартуда, мінез-құлықтарын жақсартуда ерекше бір әсері бар құлшылық. Ол – қоғамдағы түрлі дерттерге, қарым-қатынастардағы салқын қабақтылыққа қарсы таптырмас дауа. Ол – үмбеттің ішкі байланыстарын нығайта түсетін берік жіп. Зекеттің қоғамға және адамдарға, сонымен қатар зекет берушіге қатысты пайдалары да мол.
Бірінші: зекет адам нәпсісін менмендіктен тазартады
Қолында бар дүниені өзгеге беру адам нәпсісіне өте ауыр келетін іс екені белгілі. Алайда Алла Тағалаға иман келтіріп, екі дүние бақытын қалаған адам қалайда бойындағы жаман мінездерін тастап, жүрегіндегі рухани дерттерін емдеуі қажет. Адам баласының осындай арылуы керек болған сипаттардың бірі – сараңдық. Шәкәрім бабамыз: «Құдай Тағаланың пақырлар үшін жүз қойдан бір қой зекет бізге осынша ауыр көрінгені қалай? Тегінде байқасаңыз бізге көрінбей тұрса да бізді теріс жолға қызықтырып, оң жолдан жиіркендіріп тұрған бір нәрсе бар емес пе? Сол шайтан деген жауыңыз. Не қылсаңыз соған алдатпа», – деп сараңдықтың шайтан мен нәпсіден екендігін айтқан. Ал шайтанның азғыруына ермей, сараңдық дертін емдеудің бірден-бір жолы – Алла жолында мал дүниенің белгілі бір мөлшерін сарп етіп үйрену. Алла Тағала қасиетті Құранда:
وَمَن يُوقَ شُحَّ نَفْسِهِ فَأُولَٰئِكَ هُمُ الْمُفْلِحُونَ
«Кім өзінің сараңдығынан құтылса, міне, солар – табысқа жеткендер», – деп айтқан («Хашр» сүресі, 9-аят).
Екінші: зекет арқылы адамдар арасында сүйіспеншілік орнайды
Зекет беру арқылы мұқтаж адам мен ауқатты адамның арасындағы сыйластық пен сүйіспеншілік артады. Осыны терең түсінген халқымыз «Батыр болсаң, жауыңа найзаң тисін, бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін», – деп, ауқатты адамдарды мал-дүниесі арқылы қоғамға пайда тигізуге шақырған. Өзгелер үшін қолындағы барын аямай, жомарттық таныта білген ауқатты адамдардың халық дәрежесін көтеріп, «Атымтай жомарт», «Ақ пейіл жан» деген түрлі атаулармен атайтын болған.
Үшінші: зекет беру арқылы мал-дүниеге береке кіреді
Алла жолында мал сарп етушінің мал-дүниесі кемімейді. Керісінше, оған береке кіріп, молая түседі. Себебі мұқтаж жандарға зекет беру мал-мүлік берген Жаратушыға шүкірлік етудің көрінісі болып табылады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 261-аятында:
مَّثَلُ الَّذِينَ يُنفِقُونَ أَمْوَالَهُمْ فِي سَبِيلِ اللّهِ كَمَثَلِ حَبَّةٍ أَنبَتَتْ سَبْعَ سَنَابِلَ فِي كُلِّ سُنبُلَةٍ مِّئَةُ حَبَّةٍ وَاللّهُ يُضَاعِفُ لِمَن يَشَاء وَاللّهُ وَاسِعٌ عَلِيمٌ
«Алла жолында мал сарп қылғандардың мысалы – жеті бірдей масақ шығарған, әр масағында жүз дәні бар дәнек тәрізді. Әрі Алла кімге қаласа, неше есе арттыра береді. Алла тым кең, әр нәрсені білуші», – деген.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
مَا نَقَصَتْ صَدَقَةٌ مِنْ مَالٍ، وَمَا زَادَ اللَّهُ عَبْدًا بِعَفْوٍ إِلَّا عِزًّا، وَمَا تَوَاضَعَ أَحَدٌ للَّهِ إِلَّا رَفَعَهُ اللَّهُ
«Садақа ешбір малды кемітпейді. Алла біреуге кешірім жасаған пендесінің абыройын асырады. Кімде-кім Алла үшін кішіпейіл болса, Алла оның дәрежесін көтереді», – деген (имам Мүслим).
Төртінші: зекет – жәннатқа жетелейтін іс
Расында зекет беру – тақуалардың сипаты және адам баласын жәннатқа жетелейтін, жәннатқа кіруге себеп болатын іс. Алла Тағала қасиетті Құранда:
إِنَّ الْمُتَّقِينَ فِي جَنَّاتٍ وَعُيُونٍ. آخِذِينَ مَا آتَاهُمْ رَبُّهُمْ إِنَّهُمْ كَانُوا قَبْلَ ذَلِكَ مُحْسِنِينَ. كَانُوا قَلِيلًا مِنَ اللَّيْلِ مَا يَهْجَعُونَ. وَبِالْأَسْحَارِ هُمْ يَسْتَغْفِرُونَ. وَفِي أَمْوَالِهِمْ حَقٌّ لِلسَّائِلِ وَالْمَحْرُومِ
«Шүбәсіз, Аллаға лайықты түрде тақуалық ететін жандар жұмақ бақшаларында, бұлақтардың басында болады. Раббыларының өздеріне берген сый-сияпатын қуана-қуана алумен болады. Өйткені олар кезінде игілікті істер істейтін ізгілікке құштар жандар болатын. Сондай-ақ олар түнде аз ұйықтайтын (Раббыларына көп құлшылық ететін). Сәресі уақытында Алладан кешірім тілейтін. Олар қолындағы байлықтарында қайыр-садақа тілеген пақыр-міскіндер мен садақадан мақұрым қалған кедей-кепшіктердің де ақысы бар екенін ұмытпайды», – деген («Зарият» сүресі, 15-19-аяттар).
Зекет қоғамға үлкен пайда әкелетін, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ететін, экономикалық теңдікті арттырып, рухани дамуды қолдайтын құлшылық болып табылады. Сондықтан зекеттің – экономикалық және әлеуметтік пайдасы зор. Ол тек мұсылмандарға ғана емес, жалпы қоғам үшін маңызды болып табылады. Зекет арқылы байлықтың әділ бөлінуін қамтамасыз ету, қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікті азайту және қоғамның рухани тұрғыдан дамуына ықпал ету – зекеттің басты мақсаты. Әрбір мұсылман зекетті орындау арқылы қоғамға пайдасын тигізіп, өз бойындағы адамгершілік қасиеттерді жетілдіреді. Шайтан адам көңіліне: «Егер зекет берсең, өзің аш-жалаңаш қалып, қиналасың», – деп қорқыныш салады. Алайда Алла Тағала бұл туралы:
الشَّيْطَانُ يَعِدُكُمُ الْفَقْرَ وَ يَأْمُرُكُم بِالْفَحْشَاءِ ۖ وَاللَّهُ يَعِدُكُم مَّغْفِرَةً مِّنْهُ وَفَضْلًا
«Шайтан кедейлікпен қорқытып, сендерге жаманшылық жасауды бұйырады. Ал Алла сендерге өз тарапынан кешірім мен кеңшілігін уәде етеді...», – деген («Бақара» сүресі, 268-аят).
Дереккөз: ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі