«ВАЛЕНТИН КҮНІ» АЗҒЫНДЫҚҚА АПАРАДЫ

14 ақпан 2023 4732 0
Оқу режимі

Ислам діні қазақ халқының өзіндік руханияты мен мәдениетінің қалыптасуындағы негізгі қайнарлардың бірі екені сөзсіз. Алайда, өзге ұлттың азғындаған салты мен дәстүрі, жат діннің қисынсыз сенімі мен нанымы дініміз бен дәстүріміздің басына үздіксіз қара бұлттай қаптап келеді, сүйекке сіңіп барады. Сондай түкке тұрмайтын, жарамсыз, жаңадан пайда болған жоралғылардың бірі – 14 ақпанда жастар  қапылып, қуана күтетін, халық арасында кең таралған «Валентин күні» деп аталатын мейрам. Аталмыш мейрамды кейбіреулері көпшіліктен естігені бойынша «ғашықтар күні» ретінде тойласа, енді біреулері тіпті анық-қанығын  білмесе де  елеуге  тырысады.

Шын мәнінде, «Валентин күні» – біздің дінімізге де, салт-санамызға да үш қайнаса сорпасы қосылмайтын жат мейрам. Бұл күн мәңгілік махаббатқа емес, бір күндік рақатқа, бейбастыққа, ұятсыздыққа, арсыздыққа жетелейтін күн. Ең сорақысы, бұл мейрамның ұмытылмай, ұрпақтан-ұрпаққа кәдімгідей «мұра» болып қалыптасуында.

Құдайға шүкір, біз мұсылманбыз. Дініміз – Ислам, тегіміз – түркі халықпыз. Алла Тағала Қасиетті Құранда: «Барлықтарың Алланың жібіне жабысыңдар да, одан бөлінбеңдер»[1], – деген. Бұл аятта суға кеткен адам жіпке қалай жармасатын болса, дінге солай жармасу керектігі айтылған. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім көпшіліктен (жамағаттан) сүйемдей жер алыстаса, ол өз мойнындағы Исламның арқанын алып тастағандай болады»[2], – деген. Қазақ халқы ешқашан да асыл дінінен ажырап, әдет-ғұрпын аяққа таптаған емес. Ұлттық болмысымызды сақтау үшін, дінімізге, дәстүрімізге берік болуымыз қажет. Сонда ғана елдігімізді сақтап қаламыз.

«Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» демекші, біздің әдет-ғұрыптарымыздың басым көпшілігі шариғат шеңберінде үйлесіп келген. Кез келген мәдениетіміздегі құндылықты, салт-дәстүрді алып қарасақ, діннен негізін табамыз. Ислам ғалымдары дұрыс және бұрыс ғұрып деп екіге бөледі. Шариғаттың үкіміне қайшы келмейтін ғұрып «дұрыс ғұрып» деп аталады. Ал бұрыс ғұрып – ол халалды харам, харамды халал еткен, шариғаттың ережелеріне қайшы келген ғұрып.

«Валентин күні» жәй ғана «ешқандай зияны жоқ» деп айта салатын мереке емес. Бұл мерекенің астарында адам мен қоғамды аздыруға, рухани және ұлттық құндылықтарды жоюға бағытталған жүйелі тәсіл жатыр. Бұндай тәсіл адамның достық, махаббат деген ұғымдарға жеңіл-желпі қарауынан туындайтын болашақ отбасылық өмірінің құлдырап бұзылуына соқтыруы әбден мүмкін. Бұл мерекенің түп тамырында ұлтты азғындық жолға апаратын, аса үлкен қауіп бары байқалады. Қазақтың басына түскен СПИД, нашақорлық, жезөкшелік, зинадан бала туып тастап кету сияқты қоғамдық дерттеріміздің негізінде осындай, ұлттық менталитетімізге, мұсылмандық болмысымызға жат қылықтарды насихаттау жатыр.

Сосын бұл мереке – мұсылмандыққа, қазақтыққа мүлде жат іс, ұяттан жұрдай ететін, адамды адамдық дәрежесінен түсіретін және зинаға бастайтын зауалдық іс. Алла Тағала: «Және зинақорлыққа мүлде жақындамаңдар, ол – азғындық әрі ең сорақы жол»,[3] – деп бұйырды. Болашақ ұрпақ зинасыз, кіршіксіз, таза, пәк туылуы керек.

 Қызына, әпке-қарындасына, анасына бөгде адам «валентинка» сыйласа, ер азаматтардың «Онда тұрған не бар дейсің!» – деп үндемей қалулары әбестік. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әйелін бөгде еркектерден қызғанбайтын еркек жәннаттың иісін сезбейді»[4], – деп ескерткен.

Осы күнде еліміздің түкпір-түкпірінде, әртүрлі шаралар ұйымдастырылып, ақпараттық шақырулар таратылып жатады. Клуб, ресторан, кафе сияқты жерлерді қойғанда, білім ордаларының «әулие валентин күніне» терлеп дайындалатыны бізді қатты қынжылтады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім қай халыққа ұқсағысы келсе, ол солардың бірі»[5], – деген. Сондықтан, өзіміздің кім екенімізді еш уақытта ұмытпағанымыз жөн.

Ислам дінінде адамдар арасындағы өзара махаббат, сүйіспеншілік Алла Тағаланың разылығы үшін және Оның заңдарының шеңберінен шықпауға, адамдардың бір-біріне деген бауырмалдыққа негізделеді. Өйткені Алладан қорқатын адам дінімізге жат нәрседен бойын аулақ ұстайды, әрбір ниеті мен амалы үшін ақыретте Алла алдында жауап беретіндігіне кәміл сенеді. Алла Тағала: «Ізгілікке үнде және надандардан бет бұр»[6], – деп бұйырады.

Ертеректе ата-бабаларымыз бір-біріне деген сезімін, қарым-қатынасын мұндай жария түрде баяндамаған. Қыз бен жігіттің арасында жеңгелері өнегелі ұлттың ұрпағына сай қылық танытып, жігіттің ойын еркесіне жеткізіп отырған. Сонымен қатар, қайын сіңлісіне кез келгеннің сұқтануына жол бермей, текті атаның балаларына, ақылына талай ел тәнті болған ер азаматпен көңіл қосуға кеңес беріп отыратын болған. Жастар некелерін қиғанға дейін жиі кездеспей, жеңгелерінің көмегімен, кестелі орамал арқылы жұмбақтап сырласатын болған. Ата-бабаларымыз Валентин күнісіз-ақ танысып, отау құрып, бала тәрбиелеген.

Ардақты ағайындар, қымбатты мұсылман бауырлар! Біз ар-иманын ту еткен ата-бабаларымыздың ақ жолынан таймас үшін, олардың ұстанған дінін, дәстүрін қасиет тұтуға тиіспіз. Дінінен, дәстүрінен ажыраған ұлттың болашағы бұлыңғыр. Салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпсыз ел әдепсіздік пен берекетсіздікке салынуы мүмкін. Біздің халқымыз өз ұрпақтарын қасиетті салт-дәстүрмен, өнегелі әдет-ғұрыппен, ырым-тыйыммен тәрбиелеп, ұлағатты ұл мен инабатты қызды теріс жолға түсірмей тәрбиелей білген.

«Уа, иман келтіргендер! Сендер өздеріңді және үй іщтеріңді тозақ отынан сақтаңдар!» – деген аят түскенде, Хазреті Омар (Алла оған разы болсын): «Уа, Алланың Елшісі, біз өзімізді сақтаймыз-ау, бала-шағамызды қалай сақтай аламыз?» – деп сұраған екен. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла сендерді неден қайтарған болса, оларды да қайтарасыңдар. Алла сендерді неге бұйырған болса, оларды да бұйырасыңдар. Міне сол, оларды тозақ отынан сақтау болады», – деп жауап берген екен.

Сондықтан, Алланың наразылығына, қаһарына себеп болатын әрқандай істерден сақтанайық, жамағат! Алла Тағала баршамызға тура жол көрсетіп, екі дүниенің бақытын нәсіп еткей!

 

 

Сансызбай ҚҰРБАНҰЛЫ,

ҚМДБ Төрағасының орынбасары ,

«Шариғат және пәтуа»
бөлімінің меңгерушісі

 


[1] «Әли Имран» сүресі, 103-аят.
[2] Бұхари мен Муслим риуаят еткен.
[3] «Исра» сүресі, 32-аят.
[4] Ахмад пен Насаи риуаят еткен.
[5] Ахмад пен Әбу Дәуд риуаят еткен.
[6] «Ағраф» сүресі, 199-аят.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру