ТЫНЫБАЙ ҚАЖЫ КӘУКЕНҰЛЫ КІМ?

26 маусым 2024 1443 0
Оқу режимі

СЕМЕЙ ШАҺАРЫНДАҒЫ ӘЙГІЛІ КӨПЕС ТЫНЫБАЙ ҚАЖЫ КӘУКЕНҰЛЫ КІМ?

Биыл еліміздегі тарихи мешіттердің бірі - Семей қаласындағы Тыныбай мешітіне 190 жыл толады. Осы ғибадат үйін салдырған Тыныбай Кәукенұлы кім? Осы сауалдың жауабын іздеп бірнеше тарихи еңбектерге жүгіндік...

Тыныбай Кәукенов - қазақ ортасынан шыққан алғашқы екінші гильдиялы көпес. Руы – Уақ, Көкен болысының старшыны болған. 1789 жылы дүниеге келіп, 1887 жылы 98 жасында қайтыс болған.

Тыныбай қажы тек байлықтың иесі болмаған. Сол кездегі алдыңғы қатарлы тарихи тұлғалармен тығыз байланыс орнатқан көзіқарақты, көкірегі ояу тұлға. 1854 жылы Семей облысының ашылуына байланысты облыс прокуроры болып сайланған барон Врангель өзінің еңбектерінде белгілі орыс жазушысы Федор Достоевский екеуі Тыныбай үйінде болып, дастарханынан дәм татқандарын айта келіп, әкелі-балалы семейлік көпестер Тыныбай мен Меңдібайға деген ерекше ризашылығын білдіреді.

1855 жылы Семейге келген Шоқан Уәлиханов Тыныбай қажымен кездесіп, Тыныбай мешітінің суретін қарындашпен салған. Сонымен қатар Тыныбай Кәукенұлы аға сұлтан Құнанбай Өскенбайұлымен және Жетісуда әйгілі Мамания мектебін ашып, өзінің ағартушылық қызметімен қазақ даласына танымал болған Маман әулетімен де құда болған екен. Қапалдағы бес мешіттің бірін Тыныбай Кәукенұлы салдырған деген деректер де бар. 1874 жылы Құнанбай мырза қажылыққа құдасы Тыныбай көпес салдырған мешіттен аттанады.

Қытаймен ортаға керуен жүргізіп, саудаға мыңдап мал айдаған Тыныбай қажы Семей көпестер қоғамына мүше болып, мещан атанған қазақтардың бірі. Мещандарға қала тұрғындарынан қол өнершілер, ұсақ саудагерлер, ұсақ үй иелері т.б. жатады. 1775 жылдан бастап капиталы 500 сомнан кем емес қала тұрғындары жатқызылды. Мещандық атаққа ие болғандар ұсақ буржуазиялық өкілдерден құралған әлеуметтік топ. Олардың мүддесі заң жүзінде қорғалып, мещандық атақ әкеден балаға мирасқорлықпен жалғасқан.

ХІХ ғасырдың ортасына таман Семей қаласының сауда орталығы ретінде атқаратын қызметі маңызды болды. Семей саудагерлері, көпестері батыста Қытай қалаларымен, солтүстікте Ресеймен сыртқы сауда байланысын дамытты. Осылайша ХVІІІ ғасырдың аяғында Семей қаласы  ірі сауда орталығына айналды.

Жастай саудаға араласқан Тыныбай Каукенұлы екінші гильдия көпесі атанды. Ресей Сенаты 1760 жылы саудагерлерден басқа ешкімге орыс және шетелдік тауарлармен сауда жасауға тыйым салатын Жарлық шығарды. 1785 жылы Екатерина II қол қойған «Қалаларға хаттар» шығарылды, онда гильдиялар арасында нақты шекара берілген. Дәл осы құжат көпес класына сауда жүргізуге монополиялық құқық берді.

Шоқан салған сурет / Сурет автордың мұрағатынан алынды

Бірінші гильдия саудагерлері теңіз кемелеріне иелік ете алады, өз өндірісі (зауыттары, фабрикалары), сондай-ақ сыртқы сауданы жүргізу құқығына ие болды, паспорттық артықшылыққа ие болды. Олар әскери қызметтен және дене жазасынан босатылды. Ал екінші гильдияның көпестерінде өзен кемелері  болуы мүмкін. Олар сондай-ақ зауыттар мен фабрикаларды иелене алады. Үшінші гильдиядағылар дүкендерге және қонақ үйлерге иелік ете алады. Басқаша айтқанда, бөлшек саудамен айналысады. Қарап отырсақ екінші гилдиядың  көпестің байлығы 10 мың рублдің шамасында болған. Сол кездегі қазақ даласындағы  базар нарығында  бір  қойдың құны 0,5-1 рубльдің шамасында болған екен. Осыған қарап шамалауымызша Тыныбай қажы үлкен дәулеттің иесі болған.

Тыныбай Кәукенұлы мен Жоламан би мешіт-медресе салу кезінде көптеген қиындықтарды бастан өткереді.1820 жылдардың аяғында қарапайым ғибадат үйін ашуға жергілікті патша әкімдерінен әрең дегенде рұқсат алған олар кейінде мешіт салуға байланысты түрлі қиындықтар мен кедергілерге душар болғаны байқалады. Мәселен, Жоламан мешітінің салыну тарихына қатысты мына бір ресми құжатта: «Киргизский старшина Джоламан Джандарбеков показал, что нынешнею весною, после вскрытия льду, он начал строить мечеть, но не окончил ее совершенно (не покрыл крышею), по случаю запрещения городничим, который приезжал летом за реку и взял с него подписку, чтоб более не производили построек.
…назад четыре года просил от графа Бенкендорфа об отводе ему земли для построения мечети и вследствие сего в 1839 г. Томским землемером отведена ему земля
…» [ЦГА РК, ф. 64 и 478, оп. 01, д. 938 и 1], – деп жазылған. Ақыр соңында Тыныбай Кәукенов 1834 жылы, ал  Жоламан Жандарбеков 1841 жылы өз мешіттерін толықтай салып бітірген.

Ол кезде патшалық биліктің тарапынан Ертіс жағалауынан он шақырымдай жерге жергілікті халықтың яғни қазақтардың қоныстануына рұқсат болмады. Дегенмен Көкен болысының старшыны Тыныбай Кәукенов пен Терістаңбалы болысының старшыны Жоламан Жандарбеков сияқты адамдар ғана өз беделімен жер алып, ағаш үй тұрғызды. Екеуі де мешіт, медресе салды. Өздеріне қарасты слободкалары болды. 1917-1927 жылдары Алаш арыстары ту тіккен  Алаш қаласы атанған қазіргі Семей қаласының сол жағалаудағы бөлігі сол кездегі екі слободканың негізінде құрылған еді.

«ХІХ ғасырдың басында қазақ жеріне патшалық Ресейдің ішкері аймақтарынан жаппай қоныс аударған қарашекпенділермен қоса діни миссионерлер де қаптап келе бастайды. Орыс православиелік шіркеуінің Қасиетті Синодының жарлығымен 1829 жылы Сібір халықтарын шоқындыру мақсатында арнайы Алтай миссиясы ашылды. Кейінде ол өз діни қызмет аясын кеңейтіп, Алтайды мекендеген қазақтар арасында 1871 жылы Қосағаш миссиясын ашты. Сөйтіп, діни миссионерлер қазақ жеріне аяқ басты. 1882 жылы Қасиетті Синод Семей миссиясын ашып, оған басшы етіп, свещеник Филарет Синьковский тағайындалады. 1894 жылы Ертістің сол жағалауындағы қалың қазақ ортасына Қырғыз миссиясының шіркеуін әкеп салады» - деп жазады тарихшы М.Кенемолдин.

Міне осындай сын сағатында басқыншылардың шоқындыру саясатына жол бермей ел ортасында Ислам дінін сақтап қалу үшін қазақтың белгілі тұлғалары қарсы әрекет жасай бастады. Аға сұлтан Құнанбай Шыңғыстауға  мұғалім апарып, жастарды оқытса, Семейде Тыныбай, Жоламан Жандарбеков сияқты көкірегі ояу азаматтар мешіт салып, қазақ балаларының білім алуына жол ашты. 1930 жылдары белгісіз жағдайда Жоламан мешіті өртеніп кетеді.

Мұхтар Әуезовтың әйгілі «Абай жолы» эпопеясындағы қалалық саудагер Тыныбек деген кейіпкердің протативі болған Тыныбай қажы Құнанбай Өскенбайұлының басына күн туған сәтте жанынан табылып, қол ұшын созған. Омбыдағы түрмеден босап келген аға сұлтан Құнанбай: «Осы жолы Құдайдан соңғы қуатым құдаларым болды. Адал достықты, шын беделді солардан көрдім. Атап айтқанда Алшынбай мен Тыныбек» деп айтуы екі тарихи тұлғаға деген айрықша құрметі еді.

Қазақ арасынан шыққан тұңғыш кәсіпкерлердің бірі, екінші гилдиялы көпес, ұлт жанашыры Тыныбай Кәукенұлы 1887 жылы 98 жасында қайтыс болады. Өзінің кіндігінен үш ұл, бір қызы болған екен. Ұлдары өзінен бұрын дүниеден өтеді. Үлкен ұлы Меңдібайдың есімі тарихи құжаттарда көп аталады. Шамасы әке кәсібін жалғастырған іскер азамат болған сияқты. Тыныбай қажы қайтыс боларының алдында өзіне тиісті үйін, қора-жайын, қамбасын мешіт қарамағына өткізген екен. Көнекөз қариялардың айтуынша,  марқұмның зираты сол жағалаудағы қорымда  болған. Кейінен қабырстан сүріліп, орнына көп қабатты үйлер салынған екен. Сонымен қатар мецанаттың фотосуретін де кездестірмедік. Үлкен қалада тұрған белгілі тарихи тұлға, бірнеше атағы бар әйгілі көпес Тыныбай Каукенұлының фотосуреті болу керек, оны іздеп табу алдағы уақыттың еншісінде деп білеміз.

Сөз соңында айтарымыз, кезінде өз еңбегімен дәулет жинап, елінің игілігіне жұмсаған Тыныбай қажының есімі семейліктердің жадында мәңгі сақтау мақсатында игілікті шаралар жүргізіп, кезінде өзі іргетасын қалаған сол жағалаудағы қаланың бөлігінен бір үлкен мөлтек ауданға немесе көшеге белгілі кәсіпкердің есімін берсе, тарихи тұлғаға деген құрмет болар еді.

Дәулет ТІЛЕУБЕРДІ

 

Дереккөз: абай.кз

Пікірлер Кіру