ТЫЛСЫМҒА СЕНУ КЕРЕК ПЕ?

10 ақпан 2023 3429 0
Оқу режимі

Тылсым – табиғи нәрселер мен құбылыстар әлеміне қарама-қарсы, олардың заңдарынан биік тұратын және оны басқаратын ерекше нақтылықты білдіретін термин. Дінтану ғылымында бұл ұғым адам санасын жаулап алған қиял, елес, қасиет, байланыс деген мағынаны білдіреді. Сонымен қатар тылсым күштің бар екендігі және оның қандай екенін тек Алла ғана біледі. Олар жайында адам баласы нақты әрі тұжырымды нәрсе айта алмайды. Себебі оны көзбен көріп, қолмен ұстау мүмкін емес. Ғайып әлеміне қатысты шариғатта періште, жын, шайтан, ібіліс пен нәпсі жайында баян етеді. Соның ішінде періштеге сену – иманның шарты. Бірақ мұсылман адам ғайып әлеміне қатысты шариғаттың хабар берген сипаттамасынан ары аса алмайды.

Періште, жын мен шайтан атты мақұлықтардың бар екеніне адам баласы сенеді. Сонымен қатар, қай заманда да адамдар сиқыршылар мен арбаушылардың, жалған көріпкелдердің құрбаны болып жатады. Мәселен, пенделікке салынып, кейбіреулер баласы оқуға түсер алдында құмалақ аштырса, енді біреулер кәсібін дөңгелету үшін көріпкелге жүгінеді. Тағы біреулер дертіне шипа іздеп тәуіп аралайды. Сол секілді біреулер жоғын іздеп балшыға жүгінеді. Қоғамда көрініс берген жайттарға назар салсақ, олардың ішінде жоғары білімді, әлеуметтік жағдайы түзу адамдар да Аллаға сенудің орнына тылсым дүниемен шұғылданушы адамдарға көбірек сеніп, болашағын көріпкелге болжатып, адасып жатады. Мұндай іске бару шариғат бойынша үлкен күнә әрі қателік. Өйткені, ислам дінінде бақсы-балгерлердің ісіне тыйым салынған. Егер тәуіп емдеу шаралары барысында Аллаға серік қоспай, Құран аяттарын оқып, дем салатын болса, оған рұқсат. Ал жын-шайтандар мен өлілер арқылы емдеу шариғатта тыйым салынған іс. Әруақтармен сөйлесу, жын-шайтанмен дос болу немесе оның көмегіне жүгіну, ажалдан арашалап қаламын деп Алладан басқа өзгеден медет сұрау, ертеңгіні болжау, сәуегейлік жасау, сиқыр көрсету секілді іс-әрекеттердің барлығына дініміз тыйым салады. Бұл туралы «Жын» сүресінің 26-27 аяттарында: «Алла Тағала ғайыпты ешкімге білдірмейді, оның сырын ешкімге ашпайды…»  деп ескерткен. Ислам діні бойынша ең үлкен күнә – Аллаға серік қосу болмақ.

Сондай-ақ, соңғы ғасырда вампирлер, қасқыр адам мен зомбилер, яғни қара күштер мен жын кірген адам жайындағы фантастикалық әңгімелер мен кинолар барған сайын көп адамның назарын жаулап барады.  Сол секілді сиқыршылар, көрікті жалмауыздар, сымбатты қанішерлер бүгінде кітап, кино мен бейне ойын индустриясын жаулап алған тылсым дүние кейіпкерлерінің біріне айналуда. Осы мәселеге қатысты әлеуметтанушы профессор Клод Фишер: «Елес пен аруақтарға он америкалық азаматтың ішінде біреуі сенген болса, соңғы бірнеше онжылдықта үшеудің ішінде біреуі сенетін жағдайға жетті. Америкалықтардың аға буынына қарағанда, жас буынның елеске және жын-елес үйлеріне екі еседей көп сенетіні, бақсыларға екі есе көп баратыны белгілі болды», – деп дабыл қағуда.

Ал газет шолушысы Майкл Калиа есімді журналист адам ішіне кіретін залым күштер жайында: «Өткен онжылдықтағы зомби, қасқыр адам мен вампирлер дәурені қайта туып, әлем мәдениетінде жын-перілер тақырыбы жандана түсті» деп жазады.

Қорыта айтар болсақ, дүниежүзі бойынша адамдардың 50 пайызы елеске сенеді екен. Сол секілді елес тақырыбы көптеген халықтардың әдебиетінің төрінен орын алатыны таңғалдырады.

Көзге көрінбейтін адамзат пен параллел өмір сүріп жатқан жын, шайтан, періште атты мақұлықтардың бар екені шындық. Алайда, олардың көмегіне жүгіну, олармен тікелей байланыс орнатуға шариғат бойынша рұқсат берілмеген. Сонымен қатар, сиқырға, балгерге және нумерологтың айтқандарына сенуге болмайды.

Қасымов Бердімұрат Сайынұлы
«Көктал» мешітінің наиб имамы,
Астана қаласы Діндерді зерттеу орталығының
теологы, исламтанушы.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру