Тұт жапырағы

09 ақпан 2021 6272 0
Оқу режимі

Мұхаммед бин Идрис шежіресі Құрайыштан бастау алатын ғұлама. Қарапайым жұрт оны – имам Шафиғи есімімен таниды. Шафиғ – оның атасы. Пайғамбардың (с.ғ.с.) көзін көрген кісі. Сахаба. Мұхаммед бин Идристің Шафиғи боп аталуды қалауының сыры да сондықтан.

Имам Шафиғиден философтар: «Жаратушының бар екеніне қандай дәлел бар?», – деп сұрағанда6 имам: «Тұт жапырағы. Оның дәмі, иісі және түсі баршаға мәлім. Тұт жапырағын құрт жесе – жібек шығады, ара жесе – бал шығады, қой жесе – құмалақ шығады, ал киік жесе қош иісті миск шығады. Тұт жапырағынан осылайша түрлі нәрсе шығарып жатқан кім?», – деп, Жаратушының барлығын бір-ақ жапырақпен дәлелдеп береді. Ғалымның сөзі пәлсапашылар ойынан шығып, бірауыздан иманға келген деседі[1].

Құран Кәрімдегі «Ақиқатында, аспандардың және жердің жаратылуында, түн мен күндіздің ауысуында ақыл иелері үшін белгілер бар[2]» деген иләһи нұсқаулар ғаламдағы әрбір туынды өз Иесінен хабар беретіндігін ескертуде.

Бір дала арабы: «Жаратушының бар екенін қайдан білесің?»,-деген сұраққа: «Тезек түйенің, жапа есектің ал іздер жүріп өткен жаяу жүргіншіден хабар береді. Ал, жұздызға тола аспан, шексіз шөл дала, толқынды теңіз  барлығын Білуші, асқан құдірет Иесінің барлығын көрсетпей ме?!»,-деп жауап берген екен.

Он сегіз мың әлем деген ұғым бар. Адамзат әлемі, жануарлар әлемі. Өсімдік әлемі. Осылай жалғаса береді. Әлем – белгі деген мағынаны білдіреді. Әрбір әлем Жаратушынының бар екеніне бір белгі. Әлемнің бар болуы Жаратушының бар екендігіне, ал әлемдегі мінсіз жүйе Жаратушының Жалғыз екенінің белгісі.

Мұхаммед Ибраһим


[1] Сираж әд-Дин Омар бин Исхақ Ғазнауи, «Шарх ақидат имам Тахауи», 42-бет
[2] Әли Имран сүресі, 190-аят

 

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру