Таулар мен пайғамбарлар

30 желтоқсан 2020 8141 0
Оқу режимі

Таулар − жер бетіндегі жазықтардан оқшау көтеріліп жатқан қатпарлы және жақпарлы құрылымды бөлік десек, ал пайғамбарлар − адамдар арасынан таңдалған әрі басқалардан биік тұратын Жаратушының елшілері екені белгілі. Сан жағынан алсақ, әлемде таулар да көп, пайғамбарлар да аз келмеген. Алайда, бұлардың арасында қандай байланыс болуы мүмкін?

Қасиетті Құранда таулар жайында мынандай мәліметтер кездеседі: «Біз алғашында бұл аманатты көктер мен тауларға бергенімізде, олар қорқып, оны алып жүруден бас тартты, адам баласы ғана өзіне қабылдады»[1]. 

Айтылған аманат: ақыл-ой иесі ретінде саналы түрде мойынсұну, діни міндеттерді орындау, сол жауапкершіліктің үддесінен шыға білу деп тәпсірленген[2].

Осыған ұқсас ойды мына аяттан да байқаймыз:​ «Егер Біз бұл Құранды тауға түсіргенімізде, сен оның Алладан қорыққан күйі бас иіп, быт-шыты шыққанын көрер едің»[3].

Бұл Құрандағы жауапкершіліктің тау шыдамайтындай ауыр екенін, ал соны мойнына алған адам баласының одан бейғам өмір кешіп жатқанын аңғартуда.     

Қазіргі уақытта ғалымдар таулардың жер астына кіріп тұрған бөліктерінің (айсбергтер тәрізді) анағұрлым үлкен екенін әрі бұның жер бетіндегі орнықтылық пен тепе-теңдікті ұстап тұрғанын анықтады. «Тауларды қазық қылып қақпадық па?»[4], «Жерді теңселтпесін деп мығым таулар орналастырдық»[5] деген аяттар осыны меңзеуде.

Таулар – түз тағылары мекендейтін, өзіне тән өсімдіктері бар, ауасы да, суы да ең таза орындар болып табылады.

Таулардан өзен ағар сарқыраған,
Айнадай сәуле беріп жарқыраған.
Жел соқса, ыстық соқса бірқалыпта,
Аралап тау мен тасты арқыраған, − деп Ыбырай Алтынсарин атамыз суреттегендей, барлық мөп-мөлдір әрі тұп-тұнық су қайнарлары мен бұлақтардың бастау алатын жері – таулар. Ал сол таулардан сылдырап аққан бұлақтар таңдайы кеуіп шөлдеген қанша тіршілік иесінің шөлін қандырып, қажетіне жарайтыны белгілі. Осындай ерекшеліктерінен болар, өзіне тән тазалығы, өзіне тән кіршіксіз сенімі, ғибадаты, өмір сүру салты мен көзқарастары бар пайғамбарлар да тауды жанына жақын тұтқан. Пайғамбарлардан тараған таза иман ақиқаты да рухани шөліркеген қанша жанның мейірін қандырып, рухани кеселдеріне емге жараған. 

Таулар мен адамзат таңдаулыларының өзара байланысы тым әріден бастау алатын тәрізді. Өйткені, Адам ата (ғ.с.) жұмақтан түсірілгенде, Хауа анамыз қазіргі Жиддаға (Сауд Арабиясының батыс бөлігі), ал өзі қазіргі Үндістанның шығыс жағалауындағы Цейлон аралындағы Серендиб атты тауға аяқ басқандығы айтылады. Риуаяттар бойынша, қырық жыл я екі ғасыр көздерінен жас құрғамай жылап жүріп, тәубелері қабыл болғанда, Хауа анамыз екеуі Меккедегі Арафат тауында жолыққан. Қазірдің өзінде «Рахван» не «Адам» деп аталатын Шри-Ланкадағы сол тауда Адам пайғамбарға тән аяқ ізі мен кең аңғар бар. Тіпті кезінде Адам атаға тән арнайы мешіт те болған екен.[6]

Топан судан кейін Нұһ пайғамбардың кемесі де тауға барып тоқтаған. Ол таудың нақты қай тау екені талас тудырса да (Жуди, Арарат, Қазығұрт т.б.) тіршіліктің сол таудан қайта жаңарып, жанданғаны сөзсіз.

Хазірет Ибраһимнің де (ғ.с.) пайғамбарлығы таудағы үңгірмен байланысты болған деседі. Ал Мұсаның (ғ.с.) Жаратушымен тілдесуі де басқа орында емес, тауда жүзеге асқаны қызық. Синайдағы Тұр тауы қазіргі уақытта туристердің көп баратын орны. Онда быт-шыты шығып шашылып кеткен тау мен басқа да балқып, еріген тауларды көруге болады. Бұл құбылыс Мұса пайғамбардың Жаратушымен тілдесу кезінде оны көзімен көргісі келген қалауымен тікелей байланысты. Алла Тағала оған өзін көре алмайтындығын айтып, нұрынан тауға түсіргенде, таудың шыдамай үгітіліп шашылып кеткен көрінісі әлі күнге өз бейнесін сақтап тұр. Алланың нұрына таудың да шыдамағанын көргенде Мұса (ғ.с.) сол жерде есінен танып қалған.

Иса пайғамбардың (ғ.с.) өміріндегі көп оқиғалар да таумен (Йерусалимдегі Елеон тауы) байланысты. Оның тау басында айтылған уағыздары христиандар үшін әлі күнге өзектілігін сақтап келеді (нагорная проповедь).

Қасиетті Құран аяттарының алғаш рет Нұр тауының Хира үңгірінде түскенін, Мәдинаға хижретке жолға шыққан уақытында Сәуір тауындағы үңгірге барып жасырынғанына қарасақ, ардақты Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірінің маңызды тұстары да таумен байланысты болғанын көреміз. Бір жолы Ұхыд тауына қарап: «Ұхыд бізді жақсы көреді, біз де Ұхыдты жақсы көреміз»,[7] деген. Тіпті, «Қажылық дегеніміз Арафатқа шығу» деген сөзімен қажылыққа барып, тақуалық биігіне ұмтылған мұсылман үмбетінің де таумен жақындығы болғанын қалағандай. 

Иә, қай уақытта да таулар қайсарлық пен өрліктің, асқақтық пен биіктіктің рәмізі болып келді. Бәлкім, қайсар рухты, ойы ұшқыр, ақиқат жолында табанды, адамзатты өрге сүйреген биік парасат иелерінің де тауға құмартуы сондықтан болар. Мүмкін бұны алыптардың өзара үндестігі деу дұрыс шығар. Бірақ қанша асқақ, қанша биік болса да, таулар да Жаратушыға бас иеді.

«Ант етейік, біз Дәуітке тарапымыздан артықшылық бердік. «Әй, таулар, онымен бірге тәсбих айтыңдар» дедік. Бұны құстарға да айттық» деген «Сәба» сүресінің 10-аяты таулардың да құлшылық жасайтынын, Алланы зікір ететінін білдіруде.

Ендеше, адамзатты Алланы тануға, құлшылыққа шақырған тау тұлғалы пайғамбарлар мен Аллаға бас иген, тәсбих, зікірмен құлшылықтарын жасайтын таулардың арасында өзара жақындық болуы табиғи секілді. 

Құдайберді Бағашар


[1] «Ахзаб» сүресі, 72-аят.
[2] Мұхаммед Али әс-Сабуни, Сафуатут-тафасир.
[3] «Хашр» сүресі, 21-аят.
[4] «Нәба» сүресі, 7-аят.
[5] «Әнбия» сүресі, 31-аят.
[6] Ибн Халдун. Мұқаддим. Бейрут. 1967. Б. 635.
[7] Мүслим, Фәдаил, 11.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру