ТӘУБЕ ЕТУДІҢ ПАЙДАЛАРЫ

15 қаңтар 2024 2028 0
Оқу режимі

Нәжмуддин әл-Газзи (рах.) өзінің «Хусн ут-тәнәббух» атты еңбегінде күнәдан тәубе етудің кейбір пайдаларын былайша атап өтеді:

Мүмин тәубе ету арқылы құлдықтың кемеліне жетеді. Тәубе еткені үшін Алланың махаббатына ие болады. Хадис шәріпте: «(Бір күнәмен) сыналып, көп тәубе еткен мүмин құлын Алла тағала жақсы көреді», - деп айтылады. 

Тәубе еткен құл Алланың разылығын алады. Алла тағала құлының шынайы тәубесін қабыл етіп, күнәларын кешіреді. Аятта: «Расында, мен тәубе етушілерді өте кешірушімін», (Таһа сүресі, 82-аят) делінген. Хадисте болса: «Күнәсына тәубе еткен адам күнәсі мүлде жоқ адаммен тең», - деп айтылады.

Тәубе етумен құл Алла тағаланың мейіріміне бөленеді. Өйткені тәубе ету – сауапты іс. Алланың мейірімі жақсылық істегендерге жақын. Хадисте: «Күнәсына өкінген (тәубе еткен) адам Алладан рақым күтеді. Ал істеген жамандығына мәз болған (тәубе етпеген) адам Алланың жазасын күтеді», - деп айтылады.

Тәубе еткен адам күнәдан және Раббысына қарсы шығудың қорлығынан құтылып, мойынсұнудың абыройы мен құрметіне жетеді. Өйткені күнәлар дүние мен ақыретте қасірет әкеледі. Тәубе ету және Раббысының әміріне мойынсұну жоғары дәрежелерге жетелейді.

Тәубе еткен адамның жүрегі елжіреп, мейірімге толы болады. Раббысынан ұялғандықтан, Алла тағаланың рақымына бөленеді. Жүректегі бұл мейірім болса, тәубенің қабыл болуының белгісі. Омар (р.а.): «Тәубе етушілермен бірге отырыңдар, өйткені олар жұмсақ (Алланың мейіріміне жақын)» - дейді.

Тәубе жан тыныштығына, ризық-несібенің молаюына жол ашады. Һуд сүресінің 3-аятында: «Раббыларыңнан кешірім тілеңдер, сосын Оған тәубе етіңдер, сонда Ол сендерді белгілі бір мерзімге дейін түрлі нығметке бөлесін және ізгілерге мейірім танытсын», - деп айтылған. Хадис шәріпте: «Кімде-кім көп истиғфар айтса, Алла тағала оған түрлі ауртпалықтан, алдынан шыққан әр қиындықтан шығудың жолын көрсетіп, күтпеген жерден ризық береді», - делінген.

Күнә істеген адам құдды бір кемшілігін жауып тұратын, оттан сақтайтын пердені жыртқандай болады. Тәубе еткен құл болса, күнә жасау арқылы жыртылған бұл пердені қалпына келтіргендей болады. Пайғамбарымыздан (с.а.у.): «Мүмин үшін қанша перде бар?» - деп сұралды. Ол (с.а.у.): «Санауға келмейтіндер көп. Алайда мұсылман күнә жасағанда бір пердені жыртады. Ал тәубе ететін болса, оған сол пердемен бірге тағы тоғыз перде беріледі...».

«Хамәлә-и Арш» (Алланың аршысын алып жүретін періштелер) кешірім тілеп, тәубе еткен адам үшін дұға етеді. «Мүмин» сүресінің 7-ші аятында былай деп айтылады: «Аршты көтеріп жүргендер және оның айналасындағы періштелер Раббыларын мадақтап, пәктеп, Оған иман келтіреді. Әрі Оған иман келтіргендер үшін кешірім сұрап: «Уа, Раббым! Сен бәрін мейіріміңмен, (илаһи) біліміңмен қоршадың. Енді тәубе етіп, сенің жолыңмен жүргендерді кешір және оларды тозақ азабынан сақтай көр», дейді».

Алла тағала тәубе еткен құлының күнәларын жақсылыққа ауыстырады. «Фурқан» сүресінің 70-аятында: «... Тек қана тәубе етіп, иман келтіріп, ізгі іс істегендер олай емес. Өйткені Алла олардың күнәларын жақсылықпен алмастырды...», делінген.

Тәубе жәннатқа кіруге себепкер. «Нұр» сүресінің 31-ші аятында: «Ей, мүминдер, бәрің де Аллаға тәубе етіңдер, сонда жақсылыққа жетесіңдер» делінген. Бұл жердегі жақсылық (фәлах) жұмаққа кіру дегенді білдіреді. Хадис шәріпте былай деп айтылады: «Аспанның сегіз есігі бар, жетеуі жабық, бір қақпасы күн батқаннан қиямет таңы атқанға дейін ашық болатын тәубе есігі».

 

 

 

Пікірлер Кіру