ТӘРБИЕНІ НЕДЕН БАСТАУ КЕРЕК?

01 ақпан 2023 6036 0
Оқу режимі

Адамзат баласының дүниедегі басты мақсатының бірі – өнегелі ұрпақ өсіру. Ұлым иманды, қызым ибалы болып, көсегемді көгертсе деген үмітпен әр ата-ана бар жақсы дүниесін перзенттеріне арнайды. Осы жолда өзінен асып түсіп, мерейін өсіргенін қалайды. «Қайтсем, баламды адам қылам» деген ойдың жетегінде бар ғұмырын сарп етумен өткізетін жандар да аз емес. Бала-шағамыз дұрыс жолда өмір сүріп, ел алғысын алған азамат болғанын бәріміз қалаймыз. Ендеше тәрбиені неден бастау қажет?

Тәрбие бастауы – ата-ана. «Бала тәрбиесі басты байлығың, кешіксең көретінің қайғы-мұң» деген хәкім Абай: «Өзін тәрбиелей білмеген, өзгеге өнеге көрсете алмайды» деп тауып айтқан. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде: «Қайбір қауым өзін-өзі өзгертпейінше Алла оны өзгертпейді», – («Рағыд» сүресі, 11-аят) деп баяндаған. Демек кемел сипатты ұрпақ өсіруін қалаған әрбір ата-ана тәрбие жолын әуелі өзінен бастағаны жөн. Ал өзімен айналысуды тоқтатып, керісінше баласының өзінен де асқан керемет тұлға болып өсіп шығуды күтетін әке-шешеге заңғар жазушы Мұхтар Әуетзовтің «Еккенің тікен болса, орғаның балауса болмас» деген ұлағаты ой салса керек. Адам баласының бар ғұмыры өмірлік тәрбиеден тұрады. Себебі әр кезеңге қадам басқан сайын пенденің үйренері мен түйгені арта түсетіні анық. Адам екі дүниеде де бақытқа қол жеткізу үшін өзінің адамгершілігі мен отбасына сіңірген тәлімі басты маңыз болмақ. Жаратушы Иеміз елшілері арқылы дүние ақырының қалай боларын ескертіп, әрдайым ізгілікке ұмтылдырып, ескертіп отырған. Оған қоса дұрыс өмір сүрудің, үздік тәрбие жолы мен мәңгілік бақыттың жолын да көрсетіп берді. Алла Тағала Құранның «Тахрим» сүресінде: «Ей, мүміндер! Өздеріңді әрі үй-іштеріңді отыны адамдар мен тастардан болған оттан қорғаңдар!» – деу арқылы, бізге арты тозаққа сүйрейтін, өкінішті өмірге себеп болатын, жамандық атаулының барлығынан бойды аулақ ұстау қажеттігін ескертуде. Осы аяттағы құтқарудың мағынасын Әли ибн Әбутәліп (оған Алла разы болсын): «Оларға ғылым-білім үйретіп, әдепке баулыңдар», – деп түсіндірген. Сондай-ақ, отбасы мүшелерін қамтитын отбасыңыз бен туған-туыстарыңыздың да тура жолдан тайқып кетпеуіне жәрдем беруіңіз міндет. Осылардың ішіндегі ең маңыздысы – әлбетте ұрпағыңның тәрбиесі. Егер берген үлгіңіз жақсы болса – тірі кезіңізде көзқуанышыңыз, дүниеден өткен соң сауабыңыздың үзілмес жалғасы болмақ. Егер керісінше жағдай орын алса, өзіңіз де, сізге қарап өскен ұрпағыңыз да қасіретке ұрынбақ. Осы орайда Жүсіпбек Аймауытовтың «Баланы бұзуға, түзеуге себеп болатын бір шарт – жас күнде көрген өнеге» деген сөзіне үңілсек, күнделікті өмір сүру салтыңыз тәлімнің терең бастауы екенін ұғасыз. Сондай-ақ, ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ешқандай ата-ана баласына жақсы тәрбиеден ар тық ешнәрсе бере алмайды», – деген хадисін естен шығармаған жөн.

Ұрпақ тәрбиесі – бір ғана шаңырақты қамтитын дүние емес. Бәлкім қоғамның, елдің тағдырымен ұштасқан маңызды процесс. Өйткені тұлғаның тәрбие мектебінің қоғамды түзетуде ықпалы зор. Яғни Мұхтар Әуезовтің «Ұл тәрбиелей отырып, халықты тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлт тәрбиелейміз» деген ойы сөзімізді қуаттай түспек. Ұрпақты қалай дұрыс тәлімді етіп өсіре аламыз? Оны әлбетте Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегесінен іздегеніміз жөн.

«Балаларыңды үш түрлі қасиетке баулыңдар: Пайғамбарларыңды сүюге, оның әулетін сүюге және Құран оқуға. Шындығында Құранды көтергендер (жаттағандар) ешқандай көлеңке болмайтын күні (Қиямет күні) Алланың Аршысының көлеңкесінде болады» (Табарани). Яғни адамдықтың бастауы – шариғат негіздерін жастайынан жүрегіне, руханиятына сіңіру. Осы нәрсені терең түсінген бабаларымыз «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деп кесіп айтқан. Әбу Һурайрадан (оған Алла разы болсын) жеткен риуаятта Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Шежірелеріңнен туыстық қатынастарыңды жалғайтын нәрселерді үйреніңдер. Шындығында, туыстық қатынасты жалғау әулетке сүйіспеншілік, малға өсім, ғұмырға ұзақтық әкеледі» (Ахмад, Термизи) деген. Демек «Жеті атасын білмеген жетесіз» деген аталар нақылы Пайғамбар тәрбиесінен екенін аңғару қиын емес.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қайсыбіріңнің балаларына әдеп үйреткендерің оларға күн сайын жарты сағ (бір уыс бидай не құрма) садақа бергеннен артық», – деп әдеп-ибаның садақадан да абзал екенін көрсеткен. Сондай-ақ, Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Балаларыңа жүзуді, садақ атуды, атқа мінуді, ал әйел баласына тоқуды үйретіңдер», – деген. Демек әр баланы қабілеті, жас ерекшелігі мен ынтасына қарай түрлі еңбекке баулу қажет. Мұны әр ата-ана бала тәрбиесіндегі басты ұстанымының бірі етуі тиіс.

Қорыта айтқанда, осы секілді негізгі тәрбие көздерін тізбектей отырып, игі ұрпақ тәрбиелеу жолын Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мектебімен ұштастыра алсақ, қателікке ұрынудан ада боларымыз анық. Отбасы мәселесіндегі ең үлгі тұтар тұлғамыз – Алла елшісі бір хадисінде: «Сендердің ең жақсыларың – отбасымен жақсы қарым-қатынаста болғандарыңыз. Отбасымен жақсы қарым-қатынаста болғанның ең абзалы – менмін» деген. Демек отбасы төңірегіндегі барлық мәселенің шешімі мен үлгісін сүннеттен таба аламыз.

Нұрлыбек МОЛДАБАЙҰЛЫ, «Қабақ баба» мешітінің бас имамы.

«Munara» газетінен

Пікірлер Кіру