Сүюдің көркі теңінде

11 шілде 2018 12708 0
Оқу режимі

Бойжетіп, ұзатылатын қыздың өз теңін тауып қосылуы Ислам құқығында «кәфаәт» деп аталған. Ардақты пайғамбарымыз (с.а.с.) бір сөзінде әйел затын өз теңіне қосуды өсиет еткен. Демек, қызды ұзатпай тұрып күйеу жігіт пен қалыңдықтың бір-біріне тең, әлде тең еместігін анықтап алудың мәні зор. Бұл дініміздің жаратылысы нәзік қыз балаға қорған болуының белгісі.

Дініміз қашан да әйел баласының жаратылысын ескеріп, оған ерекше қамқорлық танытқан. Ер кісінің үйленуі сәтсіздікке ұшыраса, ажырасуы оған пәлендей қиындық тудырта қоймауы мүмкін. Ал өмірде жолы жіңішке әйел адамға мұндай жағдай үлкен соққы болады. Сондықтан осыны әу бастан ескерген дініміз қыз баланың опық жеп қалмауы үшін теңіне қосуға үлкен мән берген.

Кейбір мұсылман ғұламалары екі жастың бір-біріне деген лайықтығын салыстырудың қажеті жоқ деген де пікір білдірген. Олардың көзқарасы бойынша, отбасын құратын жастардың мұсылман болуы және үй болуға ешқандай кедергінің болмауы жеткілікті. Дәлел ретінде олар «Хұжурат» сүресінің 13-аятында айтылған «Әлбетте, сендердің Аллаһтың алдындағы ең құрметтілерің – тақуаларың» деген аят пен

النَّاسُ سَوَاسِيَةٌ كَأَسْنَانِ الْمُشْطِ لَا فَضْلَ لِعَرَبِيٍّ عَلَى عَجَمِيٍّ إنَّمَا الْفَضْلُ بِالتَّقْوَى

«Адамдар тарақтың тісіндей бір-бірімен тең. Арабтың басқа ұлттан артықшылығы жоқ. Артықшылық тек тақуалықта».

لَا فَضْلَ لِعَرَبِيٍّ عَلَى أَعْجَمِيٍّ وَ لَا لِعَجَمِيٍّ عَلَى عَرَبِيٍّ وَ لَا لِأَحْمَرَ عَلَى أَسْوَدَ وَ لَا لِأَسْوَدَ عَلَى أَحْمَرَ إِلَّا بِالتَّقْوَى

«Арабтың басқа ұлттан, басқа ұлттың арабтан, қызыл түстінің қара түстіден, қара түстінің қызыл түстіден тақуалығынан басқа ешқандай артықшылығы жоқ», – деген хадистерін негізге алады (Ахмед ибн Ханбәл, Мүснәд, V, 411).

Сондай-ақ, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) кезінде болған кейбір оқиғаларды да дәлел ретінде алға тартады. Мысалы, бір күні қара нәсілді сахаба Біләл Хабаши (р.а.) ансарлық бір отбасының қызын айттырады. Әлгі отбасы қара нәсілді сахабаны қызына тең көрмегендіктен, келісім бермейді.

Мұны естіген Расулаллаһ (с.а.с.):

«Оларға барып: Аллаһ елшісі қыздарыңды маған берсін деп жатыр деп айт», – дейді.

Дегенмен жігіттің қызға лайықтығын мөлшерлеп-таразылаудың қажеті жоқ дейтін ғұламалардың саны аз. Ғұламалардың басым бөлігі қызды теңіне беруді қолдайды. Бұны некенің шарты болмағанмен, қажетті жағдайлардың бірі деп қарастырады. Себебі Аллаһ елшісі (с.а.с.) бір күні хазірет Алиға (р.а.) былай деген:

«ثَلَاثَةٌ يَا عَلِيُّ لَا تُؤَخِّرْهَا: الصَّلَاةَ إِذَا أَتَتْ وَ الْجَنَازَةَ إِذَا حَضَرَتْ وَ الْأَيِّمَ إِذَا وَجَدَتْ كُفُوًا»

«Уа, Али, үш нәрсені кешіктірме: Уақыты кіргенде намазды, дайын болған кезде жаназаны, теңі табылғанда қызды»(Тирмизи, Салә, 13).

Ал келесі хадисінде былай дейді:

«Әйелдерді өз теңіне қосыңдар. Оларды уәлилері (ата-анасы немесе ата-анасы болмаған жағдайда солардың орнындағы жақындары) үйлендірсін. Он дирхамнан аз мәһір жоқ» (әз-Зәйлаи, Насбур-раиә, III, 196-бет, 1973 ж.).

Міне, осы хадистерді басшылыққа алған ғұламалар қызды лайықты орынға ұзату керек дейді. Сүннетті берік ұстанған иісі мұсылман халқымыз да «теңі келсе тегін бер» деп, қыздың теңін табуын қош көрген.

Ханафи мәзһабындағылар теңдікті мынадай алты жағдайда қарастырған: діндарлық, Ислам, бас бостандық, тегі, тұрмыс жағдайы және мамандық.

Ал, Шафиғи мәзһабындағылар дін, бас бостандық, тегі мен бойында кемістіктердің болмауы сияқты қасиеттер бойынша белгілейді.

Ханбәли мәзһабындағылар дін, бас бостандық, тегі, тұрмыстық жағдай мен мамандықта теңдіктің қажет екенін айтса, Малики мәзһабындағылар тек қана дін мен бойында кемістіктердің болмауы жағдайын қарастырады.

Ханафи мәзһабы бойынша қыздың теңі болу үшін жігіттің бойынан мына қасиеттер талап етіледі:

1. Діндарлық: діннің негіздеріне немқұрайлы қарайтын, мінезі ұр да жық, күнәға бейім жігіт дініне берік, ар-намысын көзінің қарашығындай сақтайтын салиқалы қыздың теңі емес.

2. Ислам: Бұл жердегі негізгі мәселе күйеу жігіттің мұсылмандығына байланысты емес, күйеу жігіттің әкесі мен атасының мұсылман болу-болмауына қатысты туындайды. Себебі күйеу жігіттің мұсылман болуы некенің шартына жатады. Егер күйеу жігіт мұсылман болмаса, онда дініміз бойынша мұсылман қыз онымен тұрмыс құра алмайды. Бұл – некенің шарты. Ал қыздың теңін іздеуде Ислам мәселесі қыздың баратын жерінде атеист немесе басқа діндегі кісілердің болмауын талап етеді. Себебі мұндай отбасы мұсылман отбасынан шыққан қыздың теңі емес.

3. Бас бостандық: Көпшіліктің пікірі бойынша, бас бостандығы жоқ құл ерікті қыздың теңі бола алмайды.

4. Тегі: Бұл жерде мәзһаб ғалымдары араб қызының басқа ұлтқа берілмейтінін айтқан. Еліміздегі қожалардың тек қана қожадан қыз алуы немесе қыздарын тек қана қожаға беруі осыдан келіп шығады. Бірақ сахабалар мен алғашқы мұсылмандардың кезеңінде басқа ұлттарға қыз беру оқиғалары орын алған. Сондықтан бұл төртінші мәселені көпшіліктің бәрі бірдей қолдамаған десек те болады.

5. Тұрмыс жағдайы: Ерлі-зайыптылардың арасында келіспеушіліктер болмауы үшін ғалымдар бұны да маңызды санаттардың қатарына қосады. Себебі отағасының қалыңдықты асырай алатындай дүниесінің болғанын құп көрген. Шын мәнінде егер қалыңдық бақуатты жердің қызы болып, күйеуі түгі жоқ кедей болса, онда әйелі күйеуін менсінбеуі мүмкін. Бұл жағдайда отбасының басқарылуы қиындап, келіспеушіліктер туындайды. Бірақ тақуа қыз бен ер жігіт үшін бұл аса үлкен мәселе емес. Себебі Пайғамбарымыз (с.а.с.) кедей кезінде ауқатты әйел Хадиша анамызға үйленген. Олар парасаттылық пен салиқалылықтың арқасында өмірдегі ең бақытты жұпқа айналған.

6. Мамандық: Белгілі бір мамандық иелену де кісінің рухани өрістеуіне сеп болады. Ғалымдардың пікірінше, күйеу жігіттің мамандығы қалыңдықтың мамандығынан жоғары тұрып, отбасын асырауды өз мойнымен көтере алса, қызды ұзатуға лайық болғаны. Сонымен қатар күйеу жігіттің білімі қалыңдықтың парасат-пайымынан жоғары тұрғаны өте құптарлық жайт. Сонда отағасының сөзі де өтімді болмақ. Білім мәселесі әрі діни жағынан, әрі жалпы мәдениет жағынан да қарастырылғаны абзал.

Жалпы алғанда, әр жігіт пен қызға өмірде өз теңін тауып қосылуы аса маңызды. Бұл отбасының жарасымдылығы мен татулығын сақтап қалуда айтарлықтай рөл атқарады. Сондықтан үйленетін жастарға мәселенің осы тұсына да мән беруі олардың дұрыс шешім қабылдауына ықпал етері сөзсіз.

Ш. Әділбаева

Пікірлер Кіру