«СУРУРИ» КІМ, «СӘЛӘФИ» КІМ?

12 желтоқсан 2023 2288 0
Оқу режимі

Сурурия – сәләфилердің ішіндегі діни-саяси ағым. Сәләфизмнің сурури бағыты діни догматика/ақида тұрғысынан сәләфи ағымдарына ортақ діни нанымға негізделген.

Оның негізін сириялық Мұхаммед Сурур Зейнул Абидин (1938-2016) қалаған. Ол Сирияның Харран қаласында дүниеге келген. Мұхаммед Сурур әуелде «Ихуанул муслимин» («Мұсылман бауырлар») ұйымының белсенді мүшесі болған. Кейіннен ол ұйымнан шығып, өзінің саяси көзқарастарын Сауд арабиясында таратқан. Сауд Арабиясы патшалығында әскер қатарында офицерлік лауазымда болып, сондай-ақ «Имам» Ислам университетінде ұстаздық қызметін атқарған.

Мұхаммед Сурур 1991 жылы Саудия мемлекетінің елге Америка әскерлерін кіргізу шешіміне қарсы шығып, сол кездегі билікке «тәкфир» шығарып, күпірлікте айыптаған. Осыдан кейін араб елдерінен қашып, Ұлыбританиядан пана тапқан болатын.

Сурурилер «мадхали» жамағатының өкілдерін («Назратулла Абу Марьям», «Ринат Абу Мухаммад») «муржиттер» деп айыптайды. Сурурилердің мадхалилерден айырмашылығы – өз идеологтарының пәтуаларына иланады және иман іс-әрекетпен (амалмен) дәлелденуі тиіс деп санайды. Бұл тұрғыдан калимасын келтірсе де, намаз оқымайтындарды толық мұсылман ретінде қабылдамайды, оларды діндес деп санамайды. Мысалы, Саудиялық сурурилер бес уақыт намаз оқымаған мұсылманды күнахар емес, кәпір деп есептейді. Сурурилер Ибн Тәймия мен оның идеяларын саясиландырып жалғастырған Мұхаммед Абдулуаххабтың көзқарастарын ұстанады. Саудиялық сурурилер «Араб көктемінің» басталуына идеологиялық тұрғыдан дайындық жүргізген белсенділердің қатарына жатады. Жалпы, сурурилер идеологиясының тұғырнамасы «Ихуанул муслимин» ұйымының көсемдері Саид Құтып пен Хасан Бәннаның діни-саяси көзқарастарына негізделген. Мадхалилер оларды осы үшін «құтыпшы», «ихуан», «харижи» деумен қатар, «тәкфир» деп те атайды.

«Шарқул-Аусат» (Таяу Шығыс) атты халықаралық араб газетінде (орталығы Лондонда орналасқан) оларды Ибн Тәймия (XVI ғ.) мен Саид Құтып (XX ғ.) сенім негіздерінің қосындысы деп бейнелеген. Ибн Тәймиядан сәләфилік теріс ақиданы алып, саяси басқару мен көтеріліс ұйымдастыру істерінде Саид Құтыптың тәсілдерінен қолданған. Дегенмен, сурурилердің діни концепциясы екеуінен де әлдеқайда өзгеше екені байқалады.

Дінді тарату форматы «Ихуан Муслимин» саяси ДЭҰ ұқсас. Осы ретте, қоғамдағы діни мәселелерді саясиландырады және діни радикализмге бейім болады. Олардың ойынша мұсылман мемлекеті өзге мұсылман емес елдермен қарым-қатынас жасамауы керек, сондай-ақ діннің мемлекет басшысының саясатына немесе ел басқару жүйесіне араласуы міндет деп есептейді.

Сарапшылардың тұжырымы бойынша, суруризм жақтастары діни радикализмге бейім болады. Зайырлы билікке, осындай мемлекетте тұратын басқа дін өкілдеріне немесе дінсіздерге қатысты шектен тыс төзімсіздік танытады, өз саяси мақсаттарына жету үшін кез келген тәсілді қолдануға, соның ішінде қарулы қақтығыс жасауға да барады.

Негізінде сурурилер жамағатының жақтастары өз иделогиясын тарату формасында «Ихуанул муслимин» ДЭҰ  «діни экстирмиздік ұйымдар» амал-тәсілдеріне ұқсас. Атап айтқанда, діни көзқарастарын қоғамда белсенді насихаттау арқылы жақтастарының санын көбейтіп, уақыты келгенде, жамағат санының күшеюіне қарай ресми биліктен өздеріне тиімді саяси реформаларды ашық түрде талап етуге, немесе билікті күшпен алуға әрекет етуге бейім.

Сурурилер мұсылмандықтың өлшемін амалмен бағалайды. Яғни, басқаның мұсылман екендігін бағалаудың басты өлшемі – амал, мысалы намаз оқу. Осы тұрғыдан, жақын туысы болса да, намаз оқымайтын ата- анасын, туған-туыстарын имандарында күмән бар деп санайды, олардың дінін түзету қажет деп, оған өз иделогиясын енгізуге тырысады.  Діни догматтық негізде, яғни, ақида тұрғысынан бір елдің діндар қауымының ынтымағын бұзады. Мысалы, ҚМДБ ұстанатын «матуриди» ақида мектебін секта деп насихаттап, мешіт жамағатын ресми Муфтиятқа қарсы қойып, мешітке келуші қазақстандық мұсылмандардың азаматтық бірлігі мен ынтымағын бұзады. Ресми биліктің ішкі саясатына, ел басқару жүйесіне араласуға бейім. Мұсылман емес мемлекеттермен қарым- қатынас жасауға қарсы.

Сурурилердің әлемге танымал негізгі идеологтары ретінде саудиялық Салман Ауда, Насыр Умар, Аид Қарни, Мухаммад Арифи және мысырлық Мухаммад Хассан, Мухаммад Хусейн Яъқуб, Мұстафа Адәуи секілді уағызшыларды атап өтуге болады.

Қазақстанда діни радикализмге бейім және саясиланған сурурилердің орыс тілдес аудиториясы осы кезеңде You Tube бейне хостингінде және әлеуметтік желілерде ақпараттық белсенділік көрсетіп жүрген РФ Дағыстан Республикасынан шыққан аварлық Абу Умар Саситлинский және даргиндік Абдуллах Костекский деген уағызшыларды тыңдайды. Сурурилік ағымының қазақ тілді көсемдері де жасырын түрде мұсылман жамағаты арасына іріткі салып, бейбіт күннің шырқын бұзудан қалыс қалып жатқан жоқ.  

Сурурилер жамағаты өздерін «сурури» деп атамайды. Бір бірін тану үшін «әһли сүннет» деген терминді қолданады. Өздерін және дін тарату әдісін «таза ислами діни жолдағылар», яғни сәләфу солихиндердің ізбасарлары ретінде көрсетіп, «сәләфи» деген атақты тағып алған.

YouTube бейне хостингіндегі арнайы арналар арқылы идеологтарының бейне және аудио уағыздарын, сондай-ақ басқа да форматта діни материалдарын таратып, діндар қауымға теріс идеологиямен ықпал етеді.  

Олар көбінесе «Китаб-ут Таухид», «Три Основы»/«Үш Негіз», сондай-ақ «Ахлю ас-Сунна ва-ль-Джамаа» (Ahlus Sunnah Wal Jamaa), «Аl-igtisam» YouTube бейне хостингіндегі арналарды пайдаланады. «Аl-igtisam» арнасында қазақстандық діндар аудиторияға бағытталған және мұсылмандардың санасында зайырлы мемлекеттік құрылым мен үкіметке қарсы ұстанымды қалыптастыратын радикалды діни-саяси мәтіндегі уағыздары жарияланған: «Притеснение мусульман в Казахстане» (18.03.2021 ж.), «О ситуации в Казахстане» (9.01.2022 ж.).

 

ҚМДБ Діни оңалту бөлімі

 

Дереккөз: ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі 

Пікірлер Кіру