ШЫНАЙЫ ДОСТЫҚ

16 тамыз 2023 4072 0
Оқу режимі

Жалғыздықтың тек Жаратқанға ғана жарасатынынын ескерсек, адам баласына ата-ана, асыл жар бала-шағадан кейін ең қажет болған адам, ол – шынайы дос. Асыл дініміз Исламда достықтың алатын орны ерекше. Алла Тағала қасиетті Құран кәрімде былай дейді:  «Достардың тақуаларынан басқалары сол күні (Қиямет күні) бір-біріне дұшпан болады» Зухруф» сүресі, 67-аят).

Яғни, Алла Тағала мына өмірде, Өзіне серік қоспастан тақуалық қылып, бір-бірімен дос болғандардың келесі өмірде жағдайларының жақсы халде болатынын баян еткен. Пайғамбарымызда (с.ғ.с) өз хадис шәрифінде адам досының дінінде екенін, үмбетіне кіммен дос болып жүргенін қадағалау керектігін айтып өткен.

«Шынайы дос табу – адам баласы үшін үлкен нығмет. Кімде-кім сондай дос тапса одан ажырамасын», – деп, имам Шафиғи, Хасан ал Басри сынды әуелгілерден болған ғалымдарымыз да достықтың адам өміріндегі құнын  айқындаған.

Осы орайда дана халқымыз досы көптің дұшпан қолында қалмайтынын айтып, тіпті «Жігітті жолдасынан таны» деп, кісіге жолдасы арқылы баға берген. Достың да түрлері бар: біреуі мұрныңнан қан шыққанша, біреуі қалтаңнан мал шыққанша, біреуі кеудеңнен жан шыққанша дейді. Дос-серікке біздің мұқтаждығымыз – Алланың алдында дәрменсіз құл екендігіміздің айғағы. 

Алла Тағала баршамызға Өзінің разылығы үшін бір-бірімізді жақсы көретін, Оны ұмытқанда еске салатын, қиямет күні Пайғамбарымыздың туының астына бірге жиналатын достар нәсіп етсін!  

Хусаинов Алтынбек
«Ырыскелді қажы» мешітінің найб имамы  

 

Дереккөз: Muslim.kz порталы

Пікірлер Кіру