ШАҒБАН АЙЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ

12 ақпан 2024 1934 0
Оқу режимі

Пайғамбарымыз (с.а.у.) Айша (р.анһа) анамызға: «(Нәпіл оразалардан) маған ең ұнайтыны – шағбан айының оразасы. Уа, Айша! Бұл айдың ерекшелігі, жыл ішінде қайтыс болғандардың есімдері шағбан айында өлім періштесіне тапсырылады. Мен де атымның оразалы кезде берілгенін қалаймын» - дейді. 

Үммү Сәләмә (р.анһа) анамыз: «Расулуллаһ (с.а.у.) Рамазан айынан басқа ешбір айда шағбан айындағыдай (көп) ораза ұстамайтын»  - дейді. 

Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді:

«Режеб Алланың айы, шағбан менің айым, рамазан үмметімнің айы. Шағбан күнәларға кәффарат, Рамазан болса, күнәларды тазалаушы ай».

Шағбан айы жақсылық есіктері ашылып, береке жауатын, қателік пен күнәлар кешірілетін және жаратылыстың ең қайырлысы Пайғамбарымызға (с.а.у.) көптеп салауат оқылатын ай. 

Мүміндер бұл айда ғапылдықтан оянып, күнәларына тәубе етіп тазарып, Рамазан шәріп айына дайындалады. 

Бұл айда Алла Тағалаға жалынып, жалбарынып, Пайғамбарымызды (с.а.у) себепші қылып Алланың рахметіне жақындауға тырысу керек. Бұларды кейін жасаймын деп кешіктіру дұрыс емес. Себебі дүние үш күннен тұрады:

Біреуі - кеше өтіп кетті, ғибрат алатын күн. Екіншісі - бүгін, амал жасау күні. Оны олжа санап, пайдалы өткізу керек. Үшіншісі - ертең. Бұл үміт, адам ертең бар-жоғын білмейді.

Айлар да осындай. Режеб айы өтті, қайта келмейді. Рамазан шәріп келешекте, оған жетіп-жетпейтінімізді біле алмаймыз. Шағбан айы болса осы екі ай арасына дәнекер. Бұл айда ғибадатпен шұғылдануды олжа деп санау қажет.

 

Пікірлер Кіру