ШАҒБАН АЙЫ

12 ақпан 2025 880 0
Оқу режимі

Қасиетті Шағбан айы – Пайғамбарымыздың (салаллаһу алайһи уә сәлләм) айы. Сондықтан бұл айда көп салауат айту керек. Және көп истиғфар айтып, ықылас сүресін оқу қажет. Тәһәжжуд пен тәсбих намаздарын оқып, әнбия хатымын жасау керек.

Қасиетті Шағбан – құрметті, ұлы, құтқаратын, Иләһи сыйға жеткізетін, мүміндерге рақым, кәпірдерге азап болатын және Иләһи нұрға қауыштыратын ай. 

Бұл айдың бірінші түнінде, яғни бүгін кешке әр ракағатта бір «Фатиха», үш «Аятүл күрсімен» тәсбих намазы оқылады. («Дұға және ғибадаттар»)

ШАҒБАН АЙЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ

Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Бұл (Шағбан айы) Режеб пен Рамазан айларының арасындағы адамдар надандықта болған ай. Бұл амалдардың Алла Тағалаға ұсынылған айы. Мен амалдарымыздың ауыз берік кезде ұсынылғанын қалаймын». («Мүснәд Ахмед»)

Пайғамбарымыз (с.а.у.), Айша (р. анһа) анамызға: «(Нәпіл оразалардан) маған ең жақсы болған ораза – Шағбан айының оразасы. Уа, Айша! Ол сондай бір ай, сол жыл ішінде қайтыс болатындардың есімдері, бұл айда өлім періштесіне тапсырылады. Мен де есімімнің ораза кезінде берілуін қалаймын» - деген. 

Үммү Сәләмә (р.анһа) анамыз; «Расулаллаһ (с.а.у),  Рамазан айынан кейін ешбір айда Шағбан айындағыдай ораза ұстамаған»  - деген. 

Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді:

«Режеб Алла Тағаланың айы, Шағбан менің айым, Рамазан үмбетімнің айы. Шағбан күнәларға кәффарат (кешірілуіне себеп) болған айы. Рамазан болса күнәларды тазартқан ай».

Шағбан айы – қайыр есіктерінің ашылатын, берекеттің жауатын, қателердің тасталатын, күнәлардың кешірілетін және жаратылыстардың ең қайырлысы болған Пайғамбарымызға (с.а.у.) көптеп салауат оқитын ай. 

Мүміндердің бұл айда надандық ұйқысынан оянып, өткен күнәларына тәубе етіп тазаланып, Рамазан Шәріп айына дайындалуы керек. 

Бұл айда Алла Тағалаға жалынып, жалбарынып, Пайғамбарымызды (с.а.у) себепші қылып Алланың рахметіне жақындауға тырысу керек. Бұларды кейін жасаймын деп кешіктірмеу керек. Себебі дүние үш күннен тұрады:

Біреуі кеше, өтіп кеткен ғибрат алатын күн.

Келесісі бүгін. Амал жасау күні, оны олжа санап, пайдалы өткізу керек. 

Үшіншісі – ертең. Бұл бір үміт болады. Ертең бар-жоғыңды білмейсің.

Айлар да осындай. Режеб айы өткен, қайта келмейді. Рамазан Шәріп айы келешекте, бірақ оған қауышып қауышпайтыныңды біле алмайсың. Шағбан Шәріп айы болса екі ай арасына бір себепші. Бұл айда ғибадатпен айналысуды олжа деп білу қажет. 

 

 

Пікірлер Кіру