СӘЛЕМДЕСУ МӘСЕЛЕСІ

27 ақпан 2025 604 0
Оқу режимі

Әбу Һурайрадан (р.а) риуаят: «Нәби (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) былай деді: «Кіші үлкенге, өтіп бара жатқан отырғанға, аз көпке сәлем береді». (Бухари)

Алла Тағала Исламды адамзат қарым-қатынасын реттеу, арада сүйіспеншілік пен сыйластық болсын деп парыз етті. Бұл хадис осының бір көрінісі. Сәлем беруден мақсат: әлеуметте үлкен мен кішінің, көп пен аздың дәреже-мәртебесін айқындау. Осыған сай жасы кіші жасы үлкенге, түрған адам отырғанға, аз көпшілікке сәлем береді.

ХАДИСТЕГІ БІРІНШІ мәселе: мұсылмандық сәлемдесудің үлгісі, мағынасы мен мән-жайы.

Мұсылмандық амандасудың үлігісі: السَّلاَمُ عَلَيْكُمْ وَرَحْمَةُ اللهِ وَبَرَكَاتُهُ (сендерге Алла Тағаланың амандығы, рахметі мен берекеті болсын).

Жауап үлігісі: وَعَلَيْكَمَ السَّلاَمُ وَرَحْمَةُ اللهِ وَبَرَكَاتُهُ (сендерге де Алла Тағаланың амандығы, рахметі мен берекеті болсын).

Сонымен қатар сәлемдескенде السَّلاَمُ عَلَيْكُمْ (сендерге Алла Тағаланың амандығы болсын) деп, оған وَعَلَيْكَمَ السَّلاَمُ (сендерге де Алла Тағаланың амандығы болсын) деп жауап берсе болады.

Бұл жердегі мәселе: Алла Тағаланың: «Сендерге сәлем берілсе, сәлемге одан жақсы сәлем немесе соның өзін қайтарыңдар»,-дегеніне[1] сай сәлемге тең, немесе одан артық етіп сәлем қайтару. Мысалы, السَّلاَمُ عَلَيْكُمْ (сендерге Алла Тағаланың амандығы болсын) деп амандасқанға وَعَلَيْكَمَ السَّلاَمُ وَرَحْمَةُ اللهِ وَبَرَكَاتُهُ (сендерге де Алла Тағаланың амандығы, рахметі мен берекеті болсын) деп жауап қайтару.

Имам Әбу Дауд (р.а) риуаят еткен хадисте Имран ибн Әл-Хусайн (р.а) былай деді: «Нәбиге (с.а.у) бiр адам келiп: «Әс-саләму аләйкум»,-дедi.[2] 

Нәби(с.а.у) оған жауап бергеннен соң ол адам отырды. Нәби (с.а.у:

 «Он»,-деді.[3] Осыдан соң екiншi адам келiп: «Әс-саләму аләйкум уә рахматул-лаһ»,-дедi.[4]

 Нәби (с.а.у)  оған да жауап бергеннен соң, ол адам отырды. Нәби (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм):

 «Жиырма»,-дедi. Осыдан соң үшiншi адам келiп: «Әс-саләму аләйкум уә рахматул-лаһи уә бәрәкәтүһ»,-дедi.[5] 

Нәби (с.а.у) оған жауап бергеннен соң, ол адам да отырды. Нәби (с.а.у): «Отыз»,-деді».[6]

Мұсылмандық сәлемдесудегі السَّلاَمُ сөзінің мағынасы: саламаттық, амандық. Сонымен қатар السَّلاَمُ – Алла Тағаланың сипаты. Мағынасы: кемшіліктен пәк. Осыған сай السَّلاَمُ عَلَيْكُمْ және وَعَلَيْكَمَ السَّلاَمُ дегенді: «Сендерді Алла Тағала аман, саламат етсін) деп түсінсе болады.

Түп негізінде السَّلاَمُ عَلَيْكُمْ وَرَحْمَةُ اللهِ وَبَرَكَاتُهُ (сендерге Алла Тағаланың амандығы, рахметі мен берекеті болсын) және وَعَلَيْكَمَ السَّلاَمُ وَرَحْمَةُ اللهِ وَبَرَكَاتُهُ (сендерге де Алла Тағаланың амандығы, рахметі мен берекеті болсын) сөзі – дұға, тілек. Сондықтан осылай сәлемдескендер Хақ Тағаланың оларды аман етіп, яғни түрлі жамандықтан сақтап, рахметіне бөлеп, екі дүниесі берекелі болуын тілеген болады.

ЕКІНШІ МӘСЕЛЕ: сәлем беру.

Сәлем беру – сүннет. Сонымен қатар жеке адам сәлем беруі – сүнна-ғайн. Көпшілік сәлем беруі – сунна-кифая. Яғни, көпшіліктен бір адам амандасса жеткілікті. Барлығы сәлемдесуі міндетті емес.

Сәлем таныс-бейтанысқа беріледі.

Имам Әл-Мауардидің (рохматуллаһи ғаләйһи) айтуынша базар сиқяты көпшілік орындағы адам барлық адаммен амандасуы міндетті емес. кейбірімен сәлемдессе жеткілікті. Өйткені барлық адаммен амандасатын болса, ісі жайына қалады, әрі өзгелердің көңілін бөліп, мазаларын алады. Сондай-ақ егер біреу бір отырысқа келіп, онда адам көп болмаса, барлығына бір сәлем бергені жеткілікті. Егер көп болса, онда кірген кезде есік жанындағылармен амандасып, сол барша жиындағы адаммен сәлемкеніне жатады.[7]

ҮШІНШІ МӘСЕЛЕ: сәлемді естігендер сәлемге жауап беруі.

Сәлеміне жауап естуін қалаған сәлім естіртіп айту керек! Жауап берген де солай. Бұл арада түсінбеушілік, наразылық туындауына тосқауыл болады.

Жиында сәлемді естігендердің бір бөлігі сәлемге жауап беруі – уәжіп-кифая. Яғни, бұл жағдайда жиындағы барлық адам сәлемге жауап беруі міндетті емес. Сондай-ақ сәлем қайтарғандар тұрып амандасса болады. Егер сәлемге ешкім жауап бермесе, онда жиындағының барлығы күнә істеген болады.

ТӨРТІНШІ МӘСЕЛЕ: радио, теледидар т.б. аспаптан естіген сәлемге жауап беру.

Радио, теледидар т.б. аспаптан естіген сәлемге жауап беріледі. Бір мәтінді оқығанда онда сәлем айтылса, оған да жауап беріледі. Себебі «ас-саләму аләйкум» деген сөз – дұға, тілек. Яғни, Алла Тағаланың сәлемі мен амандығын тілеу үлгісі. Сондықтан, мысалы, радиодан диктордың сәлемін естіген адам оған Алла Тағаланың: «Сендерге сәлем берілсе, сәлемге одан жақсы сәлем немесе соның өзін қайтарыңдар»,-дегеніне[8] сай дикторға ол бергендей, немесе одан артық сәлем беріледі. Мысалы, диктор: «Ас-саләму аләійкум!»,-десе,оған: «Уа аләйкумус-саләм, немесе «уа аләйкумус-саләм ау рохматуллаһи ау баракәтүһ»,-деп жауап беріледі.

БЕСІНШІ МӘСЕЛЕ: мұсылман болмаған адаммен амандасу.

Пайғамбарымыздың (с.а.у)«Яһуди мен насаралармен бірінші болып амандаспаңдар!»,-дегеніне[9] сай мұсылмандар мұсылман болмағандармен бірінші болып сәлемдеспейді.

Егер яһуди, насара немесе мажүси сәлем берсе, олардың сәлеміне وَعَلَيْكَ (саған да) деп жауап берсе болады.

АЛТЫНШЫ МӘСЕЛЕ: пасықпен амандасу.

Жүмһур ғалымдардың пікірінше пасықпен, оған және өзгелерге өнеге болу үшін сәлемдеспеу сүннетке жатады.

ЖЕТІНШІ МӘСЕЛЕ: әйелзатпен амандасу.

Еркек махрамы болмаған жас бөтен әйелмен бірінші болып сәлемдеспейді. Егер махрам болмаған жас әйел сәлемдессе, оған жауап беруі – мәкрүһ.

Әйел әйеге сәлем беруі, еркек махрам әйелмен және шәһуетті, яғни құмарлықты қоздырмайтын қарт әйелмен амандасуы – сүннет.

Ғалымдардың кейбірі еркек махрам болмаған кез келген әйелмен сәлемдесуге болмайтыны жайында айтқан.

СЕГІЗІНШІ МӘСЕЛЕ: амандасу тәртібі.

Хадисте айтылғандай кіші үлкенге, жүріп бара жатқан отырғанға, аз адам көпке сәлем береді. Егер екі жақ та жас, саны, ахуалы жағынан тең болса, онда назарға ілім, діндарлығы алынып, дүние тұрғыдан дәрежесі, мысалы бай болғаны есепке алынбайды. Мансап тұрғыдан тек жазалау құқығы бар сұлтан есепке алынса болады. Егер екі жақ жас, сан, ахуалы, ілімі, діндарлығы, мансабы, яғни барлық тұрғыдан тең болса, онда бірінші болып абзалы амандасады.

Пайғамбарымыз (с.а.у) былай деді: «Мұсылман бауырымен болған қатынасын үш күннен артық үзiп, сол екiарада кездескен уақытта бiр-бiрiнен терiс қарауына болмайды. Олардың жақсысы кездескенде бірінші болып амандасқаны».[10]

Егер екі жақтың барлығы, мысалы қол алысып сәлемдессе онда екінші жақтың барлығы сәлемге жауап береді.

Егер жаяу келе жатқан салт аттымен бірінші болып амандасса, салт атты сәлеміне жауап береді.

ТОҒЫЗЫНШЫ МӘСЕЛЕ: балалармен амандасу.

Тәрбиелеу, сәлемдесу сүннетін қалыптастыру мақсатында үлкен адам баламен бірігші болып амандасқаны дұрыс. Нәби (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) солай ететін.

ОНЫНШЫ МӘСЕЛЕ: ишарамен сәлемдесу.

Дауыстап сәлемдесу мүмкін болған жағдайда ишарамен амандасу дұрыс емес. себебі Расулуллаһ (с.а.у)  былай деді: «Яһуди мен насараларға ұқсамаңдар! Өйткені яһудилердің сәлемі ишарамен, ал насаралардың сәлемі алқанды көтерумен болады».[11]

Нәбидің (с.а.у) бұл тыйымы жақыннан, дауыстап сәлемдесу мүмкін болған жағдайға қатысты.

Ишарамен дауыс жетпейтін жердегі адаммен сәлемдессе болады.

Құлағы естімейтін адам ишарамен амандасса, оған дауыстап және ишарамен сәлем қайтарылады.

ОН БІРІНШІ МӘСЕЛЕ: қол алысып сәлемдесу.

Қол алысып амандасу – сүннет.

Қол алысып сәлемдесу арада сүйіспеншілікті тудыратын амал.

Қол алысып амандасудың кемел үлгісі – екі қолдап сәлемдесу.

Сәлемге жауап беруші қолын сәлем берген адамның қолынан бұрын алмау – қол алысып амандасудың әдебіне жатады.

ОН ЕКІНШІ МӘСЕЛЕ: құшақтасып және сүйісіп сәлемдесу.

Бұл мәселеге қатысты ғалымдар түрлі пікір айтты. Мысалы, имам Малик (рохматуллаһи ғаләйһи) құшақтасып және сүйісіп амандасуды мәкрүһке жатқызып, ұстанымына имам Тирмизи (рохматуллаһи ғаләйһи) Әнастан (р.а) риуаят еткен хадисті дәлел еткен. Ол риуаятта Расулуллаһ (с.а.у) сүйісіп амандасуға тыйым салып, қол алысып сәлемдесуге рұқсат еткен.[12]

Жүмһур ғалымдар: «Сапардан келген адаммен құшақтасып және сүйісіп амандасудың оқасы жоқ»,-деді.

ОН ҮШІНШІ МӘСЕЛЕ: иіліп сәлем беру.

Иіліп сәлем беру: амандасу барысында басты, арқаны ию.

Ғалымдардың кейбірі басты иіп, иіліп (еңкейіп) сәлем беруді, амандасқанда басты, қолды сүюді мәкрүһ деген. Алайда, құрмет көрсетіп қолды сүйсе болады. Себебі Әбу Убайда (р.а) екінші әділ халифа Омардың (р.а) қолын сүйген болатын. Имам Малик (р.а) қолды сүюды дұрыс көрмеді. Бірақ оның бұл көзқарасы қолын сүйгізген адамның тәкаппарлығымен байланысты болуы мүмкін.

ОН ТӨРТІНШІ МӘСЕЛЕ: орнынан тұрып құрмет көрсету.

Егер құрмет көрсетілген адам соған лайық болса ғалымдар бұған оң көзбен қараған.

ОН БЕСІНШІ МӘСЕЛЕ: сәлемдесу мәкрүһ болатын жағдайлар.

1. Тамақ шайнап;

2. Ұйықтап;

3. Намаз оқып тұрған;

4. Азан атып тұрған;

5. Хұтба тыңдап отырған;

6. Әуреті ашық адаммен;

7. Әжетханада;

8. Моншада;

9. Дәріс барысында сәлемдесу мәкрүһ.

 

 

[1] «Ниса», 86 аят.

[2] Сендерге Алла тағаланың сәлемi болсын.

[3] «Сендерге Алла тағаланың сәлемi болсын»,-деп амандасқаны үшін он сауап.

[4] Сендерге Алла тағаланың сәлемi мен рахметi болсын.

[5] Сендерге Алла тағаланың сәлемi, рахметi мен берекетi болсын.

[6] «Әс-саләму ғаләйкум уә рахматул-лаһи уә бәрәкәтүһ»,-деп сәлемдескені үшін отыз сауап. ‏عون المعبود، شرح سنن أبي داوودللآبادي، 37 - كتاب الأدب، 1848 - باب كيف السلام، الحديث رقم 5188

[7] ‏فتح الباري، شرح صحيح البخاري للإمام ابن حجر العسقلاني، كِتَاب الِاسْتِئْذَانِ، باب تَسْلِيمِ الصَّغِيرِ عَلَى الْكَبِيرِ

[8] «Ниса», 86 аят.

[9] ‏سنن الترمذي، أبوابُ السِّير، 40 - بَابُ مَا جَاءَ في التَّسليمِ على أهلِ الكتابِ، الحديث رقم 1652

[10] ‏سُنَنُ أبي دَاوُد، 55 ت/47 م باب فيمن يهجر أخاه المسلم، الحديث رقم 4911

[11] ‏فتح الباري، شرح صحيح البخاري للإمام ابن حجر العسقلاني، كِتَاب الِاسْتِئْذَانِ، باب السَّلَامُ اسْمٌ مِنْ أَسْمَاءِ اللَّهِ تَعَالَى

[12] ‏كنز العمال للمتقي الهندي، ذيل السلام، الحديث رقم 25750

 

Пікірлер Кіру