Рамазанның «қанша» сұрағына жауап бере аласыз?
Әдетте біз Рамазан айы дегенде көбіне оразаны ғана еске алумен шектеліп жатамыз. Ораза – сөзсіз бұл айдағы негізгі құлшылық түрі. Дегенмен рамазан айында оразамен қатар басқа да құлшылықтар мен игілікті істерді атқаруға не кедергі? Құранда сахабаларымыздың бір қасиеті үнемі құлшылықтарын азырқанып тұратындығы айтылған.
Бір жолы сахабаларымыздан Абдулла ибн Амрды (р.а.) Ардақты Елші шақыртып, оған бірқатар ескертулер жасайды.
– Естуімше, күнде-күнде ораза ұстап жүр екенсің?
– Иә, Расулалла.
– Түнімен намаз оқиды екенсің?
– Иә, Расулалла.
– Құранды бір түнде хатым етеді екенсің?
– Иә, Расулалла.
Тіпті,құлшылыққа қатты берілген бұл сахабасы жаңа үйленген жарына да әлі көңіл бөлмеп еді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған бұл тұрғыда ескерту жасап, оразалары мен намаздарын азайтуды ескертеді. Әуелі әр айда үш күн ораза ұстаса жететінін айтады. Сахабасы одан да көбіне шамасы жететінін білдіргенде, онда аптасына екі күн ораза ұстау жеткілікті екендігін естиді. Сахабасы одан да артығына күші жететінін айтып, соңында Дәуіт пайғамбардың оразасын ұстауға рұқсат алады. Дәуіт (а.с.) бір күн ұстап, бір күн ұстамаған екен. Құранды да бір түнде хатым ететінін шектеп, бір айда бір рет хатым етуді ұсынады. Алайда сахабасы он күнде бір рет хатым етуді де азырқанып, үш күнде бір рет хатым жасауға рұқсат алады.
Тағы бір жолы Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мешітте жұмақ жайлы әңгімелеп, «Тіршілігінде садақа бергендер, жұмақтың садақа бергендерге арналған есігінен шақырылады. Кім намаз оқыса, жұмақтың намаз оқығандарға арналған есігінен шақырылады. Кім дін жолында күрессе, жұмақтың дін жолында күрескендерге арналған есігінен шақырылады. Кім ауыз бекітсе, раййян есігінен шақырылады» деген кезінде, хазірет Әбу Бәкір (р.а.): «Уа, расулалла! Жұмақтың барлық есігінен шақырылуы мүмкін адам бола ма?» - деп сұрайды. Сонда Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әртүрлі сауапқа ынтық досын жақсы танығандықтан, «Сені дәл солай барлық есіктен шақырады деп үміттенемін» деп жауап қатқан болатын.
Бұл оқиғалардан сахабаларымыздың құлшылыққа, сауапты істерді көбірек атқаруға неғұрлым құмартып тұрғанын байқаймыз.
Рамазан айында да жасалатын сауапты істер аз емес. Айталық, бұл айда ауызашар беру. Хадисте ауызашар бергеннің ауыз бекіткендердің сауабындай сауапқа ие болатындығы айтылған. Ендеше, қанша кісіге (туыстарға, студенттерге т.б.) ауыз аштырдыңыз? Немесе соны ұйымдастыратын қайырымдылық акцияларға қатыстыңыз? Қанша ауыз бекітпеген кісілерді ауызашарға шақырып, оразаның ұнамдылығын насихаттадыңыз?
Рамазан – тәрбие айы. Әр мұсылман Алланың әмірін орындай жүріп, өзін күнәлардан қорғауға тырысады. Ендеше, бұрынғы нашар әдетіңізді тастап, қанша күнәңызға тәубе еттіңіз? Күніне қанша истиғфар айтып, кешірім тіледіңіз?
Исламда отбасы – ерлі-зайыптылар үшін үлкен аманат. Сол аманаттың көп жауапкершілігі отағасына жүктелетіні белгілі. Ендеше, отбасыңыздың руханиятына көңіл бөліп, ораза туралы қанша аят-хадисті түсіндірдіңіз, өсіп келе жатқан бала-шағаға не үйреттіңіз?
Мешіттер – Алланың үйі. Адам басын қаншалықты иген сайын Жаратушы оның абырой-беделін өсіреді. Хадисте адамның Аллаға ең жақын болатын кезі сәждедегі кезі екендігі айтылған. Ендеше, үлкен де, кіші де жапа-тармағай мешітке ағылған кешкі уақыттарда, сіз де қанша күн тарауих намазыңызды мешітте өтеп, ақыретте бұған жамағаттың куә болғанын қаладыңыз? Имамдарымыздың ықыласпен айтқан уағыздарының қаншасын тыңдап, өзіңізге не түйдіңіз?
Хадисте түнде тұрып оқылған намаздардың қараңғы қабірді нұрландыратыны айтылады. Тақуа кісілердің өмірінде балиғатқа толмаған кездегі намаздарының қазасын өтегендері де кездескен. Ендеше, сәресіге тұрған уақыттарды пайдаланып, қанша тахажжуд намазын, қанша қаза намаздарыңызды өтей алдыңыз?
Ардақты Елшіміздің өсиетінде иманның да тозатыны, киімді жаңалаған секілді оны да жаңалап отыру керектігі ескертілген. Бүгінгі күні иманды жаңалаудың бір жолы – діни әдебиеттерді тұрақты оқып отыру керектігі. Сіз бұл айда қандай діни кітапты қолға алдыңыз? Рухани іліміңізді қаншалықты молайтудасыз?
Өмірде сұрақ көп. Әсіресе, өзімізді мазалайтын діни сауалдарға уақытында тұшымды жауап алып отыру да керек-ақ. Осы уақытқа дейін сізді қандай сауалдар мазалап келді? Қаншасына жауап таптыңыз? Әлі жауабын таппағандарыңыз қайсылары?
Құранға қарасақ, «Мүміндер – бір-бірімен бауыр» делінген. Рамазан – рақымдылық жауған, мейірімділік айы. Сіз бұл айда қанша адамға бауырмалдық көрсетіп, мейірбандық таныттыңыз? Жағдайын сұрап, көмек беруге тырыстыңыз?
«Сіздер толық иманға жетпейінше жұмаққа бара алмайсыздар. Бір-бірлеріңізді жақсы көрмейінше толық иманға қол жеткізе алмайсыздар. Ол үшін араларыңызда сәлемдесуді жайыңыздар» деген хадиске сай көптен хабарласпай кеткен қанша туыс, жақын, таныстарыңызды өзіңіз іздеп, сәлем бердіңіз?
Иә, қайырымды айда жасалатын қайырымды істер көп-ақ. «Қайырлы істе ысырап, ал ысырапта қайыр жоқ» деп бекер айтылмаса керек. Шындап келгенде, бұндай сұрақтарды көбейте беруге де болар. Алайда, осындай сұрақтарды өзіңізге қойып көріңізші, қаншасына тұшымды жауап айта аласыз?