РАМАЗАН ОСЫНДА: АЛ, СЕН ҚАЙДАСЫҢ?

27 наурыз 2024 1974 0
Оқу режимі

«Кім ақырет пайдасын қаласа, оған оның пайдасын арттыра түсеміз. Ал және кім дүниенің пайдасын іздесе, оған одан береміз. Оған ақыретте несібе жоқ» (“Шура”, 20).

«Бұл дүние — егінге арналған Ақыреттің егістік даласы.» (Хадис)

Бұл дүние егінге арналған Ақыреттің егістік даласынан артық ештеңе емес. Рамазан айы — егін егетін уақыт. Еңбек еткен, ізгіліктің дәнін еккен, алқаптарын тәубе көз жасымен суарған, күнә мен құмарлық атты арамшөптерден даласын оразамен тазартқан, рақымдылық бұлттарын Құран оқып, зікір ете отырып сұраған жан ақыр соңында Жәннат астығын өсіреді де өзін Жаһаннамның жан шыдатпас азабынан аман алып қалады. Не ексең, соны орасың! Байыптылықпен еңбек ететін, тақуалықты өсіретін, жүректерімізді құнарлы әрі Алланың бұйрықтарына бойсұнушы ететін кез келді.Рамазан бізге Алланың шексіз қазыналарына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Алуға дайын болғандар үшін бұл нығметтерді қабыл етер ай.

Ораза тақуалықты нәрлендіреді.

Тарауих намазы жүректі сусындандырады.

Құран оқу мен зікір ету (тілмен, жүрекпен Алланы еске алу) ізгіліктің дәнін егеді.

Мешітке жиі бару Алланың рақымдылығына себепкер болады.

Дұға егінімізге қорған болады (яғни дұға етсек, Алланың қорғанында боламыз).

Алла Тағала Рамазан айының әр күнінде Жәннатта арнайы бақ дайындап, оны безендіреді де оған: «Маған адал құлдарым дүниедегі үлкен сынақтардан өтіп, саған келетін уақыт жақын…» , — дейді.

Рамазан осында: ал, сен қайдасың?

Оразаңыз өзіңізді тек тамақ пен судан шектеу ғана болмауы шарт. Көз, құлақ, тіл және жүрекке де саналы түрде ораза тұтқызуыңыз керек. Рамазан ең аз дегенде тыйым салынғандардан аулақ тұруды және парыздарды орындауды талап етеді. Ал Рамазанның рухын сезіну үшін Алланың махаббаты мен разылығына есік ашар деген үмітпен нәпіл ғибадаттар да орындау керек. Өзіне жүріп келгендерге Алла Тағала жүгіріп келеді, ал Оған қолын созғандарға құшағын жаяды. Шайтан кісендеулі болғанда да, бейғамдықпен күнә істеуді жалғастырсақ, ол біздің Ібіліске қаншалықты бойсұнушы болып кеткенімізді анық көрсетеді.

Рамазан — рухымыздың жағдайын бақылайтын, иманымыз бен Аллаға бойсұнушылығымызды қайта бағалайтын кез.

«Рамазанның әр түні мен әр күні Алла Жаһаннамнан көп жанды босатады. Күндіз не түнде дұға еткен әр мұсылманның дұғасы қабыл болары анық.»

Рамазан осында: ал, сен қайдасың?

Сонымен қатар, Рамазан — жомарттық, мейірімділік әрі қайырымдылық айы. Бұл тек қаражатқа ғана қатысты емес, мінез-құлқымызға да қатысты. Мұқтаждарға қол ұшын созыңыз, қабілеттеріңізді оларға көмектесу үшін қолданыңыз әрі сізді ренжіткендерге кешірімді болыңыз, себебі бұл істер Алланың сізге көмектесуіне әрі кешіруіне себепкер. Басқаға мейірімді болғандарға Алланың мейірімі жаңбырдай жауады. Басқаға кешірімді болғандарды Алла та кешіреді.

«Аш болғандарды тамақтандырған, киімі жоқтарды киіндірген, сапардағыларға пана етер жер бергендерді Алла Тағала Ақырет алапатынан аман алып қалады.»

Рамазан осында: ал, сен қайдасың?

Рамазан — бойымыздағы сабырлықты жаттықтыратын кез. Құмарлық құшқанда, сабыр ете білу… Алла парыз еткенді орындар сәтте сабыр ете білу… Әрі қиыншылықпен, сынақпен бетпе-бет келгенде, сабыр ете білу… Сабырлық яқинды (Аллаға иман) күшейтеді. Ол тағдырға иманымызды да күшейтіп, бойымыздағы кішіпейілдікті арттырады. Егер біз бейғам, солғын әрі тағатсыз болып кетсек, ол сабырымызды жоғатқанымыздың белгісі болмақ.

«Расында, бұл сабырлық айы, шын сабырлық үшін сый — Жәннат.»

Рамазан осында: ал, сен қайдасың?

«Бұл айдың бірінші бөлігінде Алланың мейірімі, ортасында кешірімі, ал соңғы бөлігінде Жаһаннамнан азат болу бар.»

Жәннаттың есіктері ашық та, Жаһаннамның есіктері жабық. Алланың рақымы мен мейірімділігі молайған кез. Ол әр күн мен түн:

«Маған жалбарынушылар бар ма, жүрегі қалаған нәрсені оған берейін?» — деп сұрайды.

Рамазан осында: ал, сен қайдасың?

Бұл сөздер «Рамазан осында еді: ал, сен қайда едің?» деген сұраққа ауыспай отырып, өзімізді өзгертуге асығайық.

 

 

Дереккөз: jamiat.org.za  hanafi.kz

Пікірлер Кіру