Қыздарға бару еркектік пе?

18 қыркүйек 2018 12937 0
Оқу режимі

Аллаға шүкір, «Арым жанымның садағасы» дейтін өр намысты халықтың ұрпағымыз.  Алайда, соңғы кездерде қазақтың қыздарында ар-ұят, ал еркектерінде намыс азайып бара жатқандай көрінеді. Кейде үп-үлкен көкелеріміздің өзі жас қыздардың намысын қалай таптап жүргенін айтып мақтанады. «Қыздарға барып тұру еркектің табиғи қажеттілігі ғой» деп те қояды. Жас жігіттердің арасында қаншалықты көп қызға барса, өзін соншалықты абыройлы санайтындар кездеседі. Шындығында, солай ма? Әрине, жоқ! Себебі өзінің некелі әйелінен өзге қыз-келіншектерге асылу – барып тұрған намыссыздық, арсыздық, азғындық,тіпті  хайуаннан да төмен деңгейге түсушілік.

Алла Тағала қасиетті Құранда былай деген: «Негізінде, Біз жаһаннам оты үшін көптеген адамдар мен жындарды жараттық. Олардың жүректері бар, бірақ (ақиқатты) сезбейді. Көздері бар, бірақ (жақсылықты) көрмейді. Құлақтары бар, бірақ (Алланың сөзін) естімейді. Олар хайуан секілді. Тіпті, одан да төмен. Міне, нағыз бейқам жандар солар»[1].

Кез келген сау адам өзінің туған қызын, қарындасын немесе әпкесін біреулер аяқ асты етіп кетсе, ашуланады. Бірақ өзі біреудің туған қызын, қарындасын, әпкесін, тіпті біреудің некелі әйелін алдап, арбап төсекке тартқанда, ештеңені ойланбайтын болса, оның қай жері адам? Ондай адамда жүрек те, көз де, құлақ та жоқ. Нәпсіден өзгені ойламайтын, туған елінің қыздарын қорғаудың орнына қорлап жүрген ондай азғындар отанды да қорғап жарытпайды. Өйткені, олар жақсылық пен жамандықтың, адал мен арамның арасын ажыратудан мақұрым. Бүгінгі қоғамның өздері секілді азғындардың арқасында бүлініп жатқанын да олар ұға алмайды. 

Тарихқа қарасаңыз, біздің халық талай рет жер бетінен жойылып кетуге шақ қалған. Сол кезде біздің арыс би-шешендеріміз бен батырларымыз қанын төгіп, жанын беріп жүріп ұрпақтарын қорғап еді. Алысқа бармай-ақ кешегі Саурық, Өтеген, Сұраншы батырлар кім үшін жанын қиды. Қалмақтар қазақтың бас көтерер еркектерін  қырып тастағанда, Төлеби бабамыз тыныштық үшін оларға он бес жыл бойы салық төлеп отырды. Ал өзі ауылда қалған бірен-саран еркектерге үш-төрт әйелден қосып, бала санын көбейтуге күш салды. Сол жылдары туылып, жалаң аяқ, жалаң бұт шауып жүрген балаларға қарап отырып, еңкілдеп жылайды екен, жарықтық. Осы балалар қашан ер жетеді, қашан атқа қонады, қашан елін жаудан қорғайды деп армандайды екен. Ал, өзі тыныштықты сақтау үшін елдегі әйелдердің жүзік, сақиналарына дейін жинап алып, қалмақтарға беріп отырады екен.

Енді ойланайықшы, осының бәрі кім үшін? Осылай елім деп еңіреп өткен қайран бабаларымыз өз ұрпақтарының осыншалықты төмендеп кететінін ойлады ма? Еркектері қызға шапқанына мәз болады, ал қыз-келіншектері тақымдары жалтылдап, көкіректері салпылдып, өкшелері тықылдап, ақша үшін арын сатады деп ойлады ма?

Иә, қыздар біздің намысымыз, қазынамыз. Оларды көзіміздің қарашығындай қорғауымыз керек.

Пәкістанда оқыған жігіттерден естідім: ол жақта қыз балаға немесе әйелге бөтен бір еркек сұқтана қарайтын болса, оны өзге еркектер жабылып сабап, ұрып тастайды екен. Ол елде қыздың намысы – елдің намысы, ердің намысы саналатын көрінеді.  Бізде де кезінде солай еді. Ал, бүгінгісін көпшілік өзі көріп жүр.

Әрине, жүрттың бәріне бірдей топырақ шаша алмаймыз. Елімізде иманды, білімді, парасатты азаматтар әрине, аз емес. Біздің тілеріміз – қазақ деген текті жұрттың бүгінгі ұрпағы намыссыздықтан аулақ болса екен.  Алла Тағалам еліміздегі еркектерді намысты, қыздарды ұятты етсін. Өз құлдарын иман мен ықыластан ажыратпасын!

 


[1] «Ағраф» сүресі, 179-аят.

Дереккөз: Асылбек Әуезханұлы

Пікірлер Кіру