Құтылудың жолы қандай?

05 қараша 2018 9260 0
Оқу режимі

Самарқанд өлкесінде дүниеге келген əйгілі ғалым Фудайл ибн Иядты (107-187 х.) сол замандағы жұртшылық «Абидул харамайн» (қасиетті Қағба мен Пайғамбар (с.ғ.с.) мешітінде құлшылық етуші) деп атайтын еді.

Бірде аталған ғалым күнəға батқан бір кісіден:

– Қанша жасты өткердіңіз? – деп сұрайды.
– Алпыс  жасты өткердім.
– Алпыс жылдан бері Раббыңызға қарай жүріп, енді Онымен жолығайын деп қалған екенсіз.
– Алладан келдік, əрі Оған қайтушымыз (Иннə лиллəһи уа иннə илəһи рожиғун), – деп күрсінді əлгі кісі.

Осы сəтте Фудайл ибн Ияд: «Иннə лиллəһи уа иннə илəһи рожиғун» сөзінің тəпсірін білесіз бе?! Кімде-кім өзін Алланың құлы екенін жəне Оған қайтатынын білсе, Оның құзырында тұратынын білсін! Ал, кім Оның алдында тұратынын білсе,  міндетті түрде сұраққа алынатынын білсін! Ал, кім сұраққа тартылатынын білсе, сұрақтың жауабына əзірленсін!»

Осы сөзді естіген əлгі адам: «Құтылудың жолы қандай?» – деп сұрады. Ияд: «Ол оңай», – деді.
«Қандай енді?»  деп қайта сұраған кісіге Ияд: «Алда қалған  ғұмырыңызда жақсылыққа ұмтылыңыз, сол кезде өткен өміріңіздегі күнəлар кешіріледі Егер сіз қалған ғұмырыңызда жамандықтан тыйылмасаңыз, өткен жəне қалған өміріңіздегі күнəларды қоса арқалап, жауапқа тартыларыңыз анық», – деп ескертеді.

Алланың əмір-тыйымдарын елемей, күнаға батқан кісіге берген Фудайл ибн Иядтың бұл кеңесі аят-хадистен құралғаны анық. Əнəс ибн Мəликтен (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

" إِذَا تَابَ الْعَبْدُ مِنْ ذُنُوبِهِ أَنْسَى اللَّهُ حَفَظَتَهُ ذُنُوبَهُ ، وَأَنْسَى ذَلِكَ جَوَارِحَهُ وَمَعَالِمَهُ فِي الأَرْضِ ، حَتَّى يَلْقَى اللَّهَ يَوْمَ الْقِيَامَةِ وَلَيْسَ عَلَيْهِ شَاهِدٌ مِنَ اللَّهِ بِذَنْبٍ

«Егер құл істеген күнəлары үшін шынайы тəубеге келсе, Алла амалды жазушы періштелерге күнəларын ұмыттырып қояды. Сондай-ақ,  ағза-мүшелеріне де ұмыттырып, Алламен жолыққанға дейін əлгі күнəнің жер бетінде əсері қалмайды. Сөйтіп Алланың алдында сол күнəға бірде бір куəлік етуші табылмайды», – деген.

Сондай-ақ, «Фурқан» сүресінің 70-ші аятында Алла Тағала:

إِلَّا مَن تَابَ وَآمَنَ وَعَمِلَ عَمَلًا صَالِحًا فَأُولَٰئِكَ يُبَدِّلُ اللَّهُ سَيِّئَاتِهِمْ حَسَنَاتٍ ۗ وَكَانَ اللَّهُ غَفُورًا رَّحِيمًا 

«Бірақ кімде-кім тәубе қылса, сондай-ақ кім иман келтіріп, ізгі іс істесе, міне Алла олардың жамандықтарын жақсылықтарға ауыстырады. Алла өте жарылқаушы, ерекше мейірімді», – деп сүйіншілейді.

Нұрлан Рамазан
«Мəуақиф уа ғибар» кітабынан аударылды.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру