Құранда «Өрмекшінің ұясын» неге мысал еткен?

17 қараша 2020 6236 0
Оқу режимі

«Анкәбут» сүресінің 41-аятында былай бұйырған: «Алладан өзгені дос тұтқандар; ұя жасап алған өрмекшінің мысалы сияқты: Шын мәнінде, үйлердің ең осалы – өрмекшінің ұясы. Егер олар білетін болса». 

Осы аятта маңызды екі мәселе бар:  

Бірінші мәселе: Аяттағы анкәбут сөзімен ұрғашы өрмекші айтылып тұр. Аяттағы жасап алған «иттәһәзат» (етістік әйел тегіне байланысты айтылған), бұл сөздің ер тегіне байланысты қолданылуы «иттәһәзә» болады. Алла Тағала әйел тегіне байланысты сөзді қолданып, ұяны ұрғашы өрмекшінің салатынын білдірген. Құранда ұрғашыға тән сөзді қолдана отырып Құранның мұғжизалы кітап екендігін тағы бір рет көрсетіп өткен. Ол мұғжиза мынадай:

Жануарлар мен жәндіктерге жүргізілген зерттеу жұмыстарында өрмекшілерге байланысты таңқаларлық ғылыми қорытындылар жасалған. Олардың бірі – өрмекшінің ұясын еркек өрмекші емес, ұрғашы өрмекшінің салатындығы. Ғылыми зерттеу нәтижесінде жасалған қорытынды Құран Кәрімдегі мәліметпен сәйкес келіп тұр. Құран өрмекшінің ұясын ұрғашы өрмекші салатындығын білдірген. Ғылым да мұны растап, дұрыстығын қабылдайды.

Аяттағы екінші бір мәселе: Өрмекшіге жасалған зерттеу жұмыстарының нәтижесінде жасалған ендігі бір қорытынды тағы да таңғаларлық шешімге толы. Жануарлардың басым көпшілігінде еркектер ұрғашыларға қарағанда ірі әрі күшті болып келеді. Ал, өрмекшілерде бұл керісінше, яғни ұрғашылар еркектерден үлкен болып келеді. Жануарлар үйлерін ыстықтан, суықтан, дұшпандардан, түрлі зияндардардан қорғану үшін салады. Ал, өрмекшілер болса, үйлерін зиян тигізу, тұзақ құру, үйлеріне қателесіп кіріп кеткендерді өлтіру үшін салады. Сондықтан да үйлердің ең сенімсізі – өрмекшінің ұясы. Ұрғашы өрмекші еркек өрмекшімен жұптасқаннан кейін өз ерін де жеп қояды. Осыған орай өрмекшінің ұясы өзгелер үшін ғана емес, ұрпақ қалдырушы ері үшін де сенімсіз болып табылады. Егер еркек өрмекші жұптасқаннан кейін қашып құтылуға мүмкіндік таппаса, өз үйі өзіне мазар болады. Құран өрмекшінің ұясының осал екендігін айту арқылы, осы бір шындықты білдірмек болған. Демек, Құран һәм өрмекшінің ұясын ұрғашы өрмекшінің салатындығын һәм үйінің осал екендігін білдіру арқылы отбасы мүшелерінің инстинкті деңгейіндегі түрлі әрекеттері қарама-қайшы бола беретінін ескертіп, адамзат арасындағы қарым-қатынасты рухани таза, биік саналы ақыл-парасаты арқылы сақтануы мүмкіндігі берілгенін Құран мұғжизасы екендігін дәлелдеген.

Құран ғарыштың кеңдігінен, атмосфера қабаттарының қорғайтын қалқан ретінде жаратылғандығына дейін, теңіздің астындағы толқындардан, теңіздердің бір-біріне араласпайтындығына дейін, жұлдыздардың өзіндік жолы мен  өрмекшінің ұясын ұрғашы өрмекшінің салатындығын, үйінің осал екендігін т.б. көптеген тақырыптар жайлы баяндап өткен. Осындай түрлі тақырыптар жайлы, осыншалықты түсініктеме берген Құран Кәрім ешқандай қателікке жол бермейді. Керісінше көзі ашық көкірегі ояу адамдардың көңіл әлеміне нұр шашып, таңқаларық жайттардың әуелден үкім-заңдар арқылы Алла тарапынан түсіндірілген ғылыми негіздері жаратушы жүйесінде өзге әлемдер қарым-қатынасы деңгейлерінде бүкпесіз шындық, заңды ақиқаттарға тап қылады.

Осыдан 14 ғасыр бұрын өмір сүрген оқу мен жазуды білмейтін адамның өз бетінше осының барлығын білуі әрі адамзат-ғаламзат тіршілігі заңдары мен олардың бір-біріне өре байланысы тұрғысынан бүтін жүйе ретінде хабарлануы мүмкін емес. Олай болса, Құран Кәрім тек қана барша әлемді жаратқан Жаратушының адамзат-ғаламзат мағлұматын жаһанға жайып хабарлаған жалғыз кітабы. Өйткені, әлем деген кітапта не болса Құран Кәрім сол жайлы таңқаларлық түрде мәлімет беріп, сол мәліметтердің барлығы дұрыс шығып жатыр, «ғылым жетілген сайын ислам (Құран) адамзатына ұғынықты бола түседі» деген әз Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадисі әлгіндей көптеген ақиқаттар мен мағлұматтардың шынайы деректер екенін дәлелдей түседі.  

Фейзулла Тәйтелиев

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру