Құран – әлем құпиясын ашу

28 мамыр 2021 5419 0
Оқу режимі

Аббаситтер халифаты тұсында Ислам ғұламалары көне грек, парсы және басқа тiлдердегi жазба еңбектердi, оның iшiнде антикалық мәдениеттi бiржолата жойылып кетуден сақтап қалды.

Бiр кездерi бiздiң ата-бабаларымыз осы араб тiлi арқылы өз еңбектерiн жазды әрi көпшiлiкке таратты. Махмуд Қашқаридiң араб тілінде жазылған «Диуани лұғаты әт-түрік» кiтабында бұрынғы түркi халықтарының әрiптiк таңбалары 18 болғанын және кейбiр түркi тайпалары оған қосымша белгiлердi қосып, әрiптер саны 25-26-ға жеткенiн жазды. Әбул-Хасанат Мәуләуи Әбдул-Хай Марғұланидiң шариғат заңдары туралы жазылып, Қазақстан мен Орта Азияға кейiннен тараған «Әл-хидая» кiтабын ағылшындар төл тiлiне аударып, жанұя қатынастары бойынша заңның баптарына пайдаланған. Қазiр ол кiтап ағылшын тілінен орыс тiлiне аударылып баспадан шықты.

Діни философия бойынша алғашқы еңбектер һижраның 300-жылында жазылған. Ислам философиясының көш басшысы Әл-Кинди осы жылдары, яғни 1100 жыл бұрын еңбектерін қалдырған. Еуропа жер шары дөңгелек екендігіне көздері анық жетпей әлі ХVІІІ ғасырда бастарын қатырып дауласып жүргенде, Ислам ғұламалары бұл мәселені VІІІ ғасырда, халифа Харун Рашид тұсында зерттеп қойған еді. Бағдат шаһарының сыртындағы Нисфун-Нәһәр деген жерде әртүрлі сызықтар мен өлшеулер жасап, жер шар тәрізді дөңгелек деп қортынды жасады. Куба аралын тапқан Кристофор Колумб бұл пікірді ауадан алған жоқ. Ол жердің дөңгелек екендігін Аверроистан естідім деп жазған. Мұсылман ғалымы Ибн Рушдті Еуропа осылай атайтын. Токио обсерваториясының директоры танымал ғұлама Ешиди Коган халықаралық конференцияда: «Мен әлем сырларының құпиясын зерттеудің жаңа әдісін таптым, ол – Құран оқу. Құранды оқыңыз, ол сізге толықтай ғаламның сырын ашады» деген. Ал Американың эмбриология және адам жаратылысы туралы ғылымдарының докторы Кейт Мор «Адам жаратылысы» деген кітап жазды. Оған араб ғалымдары: «Сіздің осы кітаптағы келтірген пікірлеріңіз Құран мен хадиске өте сәйкес келеді. Егер сіз келіссеңіз, біз оны аят-хадистермен байытып және толықтырып, жаңадан бастыртып шығарар едік» деген. Ол келісті, нәтижеде айтқандай етіп, «Адамның жаралуы Құран мен медицина арасында» деген атпен жарық көрді. Құран аяттары жылма-жыл өмір заңдылықтарымен дәлелдене түсуде.

Дереккөз: Бақытжан Өткелбаев

Пікірлер Кіру