Құмар ойындардың зардабы

14 маусым 2019 17764 0
Оқу режимі

Қамшының сабындай ғана ғұмырда Алланың сансыз нығметіне ие болғандардың бәрі оның қадір-қасиетіне жете бермейді. Осы жете түсінбеу адамдарды арақтың арбауына түсіріп, құмар ойынның құрығына іліктіреді. Пайымдауымызша, жастарды осы жолда орға жығатын білместік екен.

Ендеше, жастар құмар ойынның қайдан шыққанын, «Құмар» сөзінің түпкі мағынасын біле ме? Білмесе, «Құмар» сөзі арабша «майсир», яғни  жеңіл жолмен мал табу деген мағынаны береді. Бұл жөнінде Құран Кәрімдегі «Мәида» сүресінің 90-91-аяттарында былай деген:

«Әй, мүміндер! Арақ, құмар, тігілген тастар (пұттар) және бал ашатын оқтар лас, шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар, құтыларсыңдар. Негізінен шайтан арақта, құмарда араларыңа дұшпандық әрі кек салып, Алланы еске алудан және намаздан қалдыруды қалайды. Ал, сонда да тыйылмайсыңдар ма?»[1].

Құмар ойынға бой алдырғандардың аяттағы сипаты адамның намазына сүлесоқ қарап, қажыр-қайратын өзіне зиянды істерге жұмсай бастауы болып табылады.

Ойынға араласқан әр ойыншының мақсаты – жеңіске жету. Ал, жеңіс бір адамға ғана бұйырады. Демек, құмар ойынның кесіренен бірнеше адам ашуға булығып, шайтанның арбауына түседі. Қазақ «жығылған күреске тоймайды» дегенді бекер айтпаса керек. Ұтылған адам жеңістен үміттеніп жүріп ойынхананың тұрақты келушісіне айналғанын да аңдамай қалады,  барынан айыралады, қарызға батады. Ақыры соңында отбасынан, ағайын-туыстан қара үзіп, аш-жалаңаш қалады.

Ұтқан адам да шайтанның уәс-уәсіне еріп, ақшамды көбейткен үстіне көбейте түссем деп жанталасады. Бірақ «Өгізге туған күннің бұзауға да туары» анық қой. Осы орайда Абай атамыздың:

«Өтірік, өсек, мақтаншақ,
еріншек бекер мал шашпақ»  
немесе

«Тамағы тоқтық, көйлегі көктік,
аздырар адам баласын»
деген өлең жолдары еріксіз ойға оралады.

Құмардың енді бір сипаты – арам табыс. Ал мұсылман баласы үшін бұл дүниеде адал еңбек пен маңдай термен келген табыстан асқан байлық жоқ. Бізді жер бетіне тіршілік етуге жіберген Жаратушы иеміз Құран Кәрімде былай дейді: «Өзара мал-мүліктеріңді күнәлі жолмен жемеңдер. Сондай ақ біле тұра адамдардың малынан бір бөлігін жеу үшін билерге апармаңдар!»[2].

Қазіргі таңда құмар ойыны адам баласын өз-өзіне қол жұмсау, бір-бірін өлтіру, ажырасу, ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылық, қарызға бату сияқты халге де жеткізіп отыр. Бұдан да сорақысы құмар ойынға елітушілердің арасында өз әйелін, үйін, көлігін, т.б. қажеттіліктерін бәске тігушілер де кездеседі. Осының салдарынан бейкүнә балалар жапа шегіп, қаншама отбасының шаңырағы ортасына түсуде.

Ал, статистикалық мәліметтерге жүгінсек, қазір Қазақстанда ойын бизнесі саласында 85 лицензия берілген. Оның 12-і казино, 43-і букмекерлік кеңсе, 15-і ойын автоматы, тағы 15-і тотализатор. Сол букмекерлік кеңселердің бірі Олимпке жылына 350 мың адам бас сұқса, олардан 200-250 мрд теңге түседі екен. Ең сорақысы, соңғы жылдары мұндай кеңселер күн санап көбейіп келеді. Мәселен, бір ғана Нұр-Сұлтан қаласының өзінде  соңғы 10 жылда құмар ойындар орталықтары 32%-ға өскен.

Букмекерлік кеңселердің оңай табыс көзіне айналғанын аңғару қиын емес. Себебі соңғы 4 жылда букмекерлік кеңселерге қатысты 234 қылмыс, яғни шабуыл жасау, тонау секілді қылмыстар орын алған[3].

Мамандар ойынқұмарлықтың нашақорлық пен алкогольге тәуелділіктен де зиянды екенін алға тартады. Себебі құмар ойынға салынған адам жеңілген сайын депрессияға ұшырап, жүйкесі жұқара бастайды. Ал,  құмар ойынға салынған адамды одан арашалап алу да оңай емес. Өйткені осы дерттен айығу үшін бір сеанс он бес мың теңге болса, толық курс үш жүз алпыс мың теңге тұрады. Ең ауыры, құмар ойынға салынушылар арасында өз-өзіне қол жұмсайтындар да жыл санап артып барады. Мәселен, биылғы статистика бойынша, жылына Қазақстанда 4000-ға жуық адам өзіне-өзі қол жұмсаса, олардың басым бөлігі – құмар ойынның құрбаны болғандар.

Жалпы, құмар ойындарының зардабы елдің дамуына өзіндік кері әсерін тигізіп, адамның кері кетуіне ерекше ықпал ететіні сөзсіз. Ел болып, бесігімізді түзейік десек, құмар ойындарына шатылып, шайтанның арбауына түспейік.  Иманымызды күшейтіп, өзімізге, отбасымызға, айналамызға, қоғамға, қоршаған ортаға пайдалы істермен айналысайық. Алла тағала бізді құмар сияқты лас ойындардың шырмауына түсуден сақтасын деп тілейік.

Махамбет Искандеров,
Нұр-Сұлтан қаласы өкілдігінің
«Жастар ісі» секторының меңгерушісі

 


[1] «Мәида» сүресі, 90-91 аяттар.
[2] Бақара сүресі, 188-аят.
[3] makala.kz сайты

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру