ҚҰДАЙЫ ҚОНАҚ (ӘҢГІМЕ)

20 мамыр 2022 7642 0
Оқу режимі

Қаратаудың қос бұрымындай баяу ағыспен сыңғырлай аққан Үлкен және Кіші Бөген өзендерінің нақ ортасында орын тепкен алтын бесігім, шұрайлы өлкем – Ақбастау. Бабын тапқан диханға барын берген жері жомарт, адамдары ақкөңіл, кез-келген үйіне бас сұқсаңыз ас-суын ұсынбай аттандырмайтын қонақжай қалыпты халқы бар берекелі мекен. Жастары шариғатқа мығым, қарттары шежірешіл, кіші үлкенін сыйлаған өнегелі, өрісті өлке. 

Қалалық деген атымыз болмаса, затымыз ауылды аңсайды, ауылды сағынады. Сондықтан болар, қолымыз қалт етсе, қаланың өзгешелеу өмірін өгейсігендей, бөтенсігендей болып, ауылға, қадірменді қарияларымыз бар қара шаңыраққа тартып отырамыз. Ал, әр жылдың Рамазан айын ауыл жамағатымен өткізу – жазылмаған заңдай өзгермейтін дәстүр. Биыл да оразадан бұрынырақ келіп, ауылдың қайнап жатқан өміріне етене араласып кеттік. 

Ауылымызға жаңадан имам келді. Екі адамның басы қосыла қалған жердегі әңгіме ә дегенде осы тақырыпта өрбиді. Ақбастаудан қарыс қадам аттап сыртқа шыққан адамның да жақынына жеткізетін алғашқы жаңалығы осы. 

- Әй, молда бала қай ауылдан екен?

- Көрші ауылдан. Ауылдың жастары бар, жамағаты бар бірігіп алдыртқанға ұқсайды. Ай сайын айлық төлейміз, тұратын үй береміз деген соң отбасымен көшіп келіпті. 

- Бұрынғы молдаға да айлық төлесе, жағдайына қарасса, жұмыс жасар еді ғой, амал жоқ, не айлық жоқ, не басқа кіріс жоқ, бала-шағаны бағудың қамымен бір кәсіппен айналыспасқа болмады ғой, - деп айтушылар да табылып жатты арасында. Олардың сөзін де жел сөз дей алмайсың, жөн сөз. Ауыл имамдарының жағдайы, шынында да, алаңдауға тұрарлық. Жылына бір рет, тек ораза кезінде әр үйден имам ақысын алып, биттері бір төгіліп қалатыны – айдай ақиқат.

Десек те, жаңа имам өзімен бірге бірнеше жаңалық алып келді. Құран сабақтары үйретіле бастады. Қыздар мен әйелдер үшін аудан орталығынан әйел-ұстаз шақыртылды. Аптасына бір рет келсе де, қыздарымыз Құранды тәжуидпен оқитын жағдайға жеткеніне қуандық. 

Жаңалықтың ең үлкені – Рамазанда Құран хатым түсіру үшін Қырғызстандық жас қари Мұсаның ортамызға келуі. Қала немесе аудан орталығындағыдай емес, шалғай жатқан ауыл адамдары үшін бұл үлкен жаңалық, әрі зор табыс. Осыны түйсінген ауыл жамағаты қаримен бірге тарауих намазын оқу мүмкіндігін жіберіп алмауға тырысып, барынша ыждаһаттылықпен қарап, кешікпей, қалмай, тіпті, қолмен бекітіп бергендей саптағы орнынан да ауыспай қатысып жүрді. Мәселен, ең бірінші қатардың басындағы орын – Айдар ағайдың орны. Әр намазын жамағатпен оқуға жаны құштар, жүрегі мешітке байланған, қарапайым қалыбы, жұмсақ әзілді, жылы жымиысты жүзі көркем мінезінен хабар бергендей Айекеңді жамағаттың үлкен-кішісі бірдей құрметтейді. 

Бірде әдеттегідей құтпан намазына жиналдық. Арамызға жергілікті кісілерден бөлек жасы елулерді еңсерген жігіт ағасы келіп қосылды. Алғашында «күн сайын ауызашар беріліп жатыр, біреудің үйіне келген қонақ екен» деп аса қатты мән бермедік. Тарауих намазын тәмамдаған тұста имам бізге жағдайды түсіндіріп: 
- Бұл кісінің баласы қари болып Ақбастау деген жерде хатым түсіріп жатыр екен. Баласын өз көзіммен көрсем, жағдайын білсем деген мақсатпен жолға шыққан беті. Біздің де ауылымыздың аты – Ақбастау. Міне, осыдан шатасып, ортамызға келіп қалыпты. Енді бұл кісіні өзінің іздеп шыққан Ақбастауына жеткізіп тастаудың жолын қарастырайық, - деді. Мұны естіген Айекең ентелей басып жылдамдата ортамызға келіп:

- Осы жамағаттың жасы үлкені – мен. Құдай айдап келіп қалған екенсіз, үйге жүріңіз, қонақ болыңыз, - деді. Қонақ ыңғайсыздана: 

- Осы мешітте жата саламын. Таң ата осы жерден шығып кетермін, - деп, ізетімізге рахметін айтуда. Ай, бірақ, ауыл адамдары қоя сал дегенге қойсын ба, Айекең де, біз де қайта-қайта қолқалап жүріп көндірдік. Қалалық жерде «жата салармын» десе, жата берер. Ал, ауылда сырттан келген құдайы қонақты үйге қондырмай, тастап кету – өте ұят. Міне, бұл – пейілдің дархан даладай кеңдігінен. 

Айекең біраздан соң құдайы қонағын қасына ертіп, үйіне қарай аяңдай басып бара жатты. 

«Балам қари дейді. Қандай керемет. Әкесі үшін баласына Құранды, оған амал қылуды үйретуден  артық сый жоқ шығар. Е, Алла, бізге де осындай бақытты нәсіп етші» деп іштей дұғамызды тілеп, біз де самаладай жарық көшемен үйге қайтып келеміз.

Ертеңіне Айекеңнің жүзі шаттықтан бал-бұл жанып келді. 

- Кешегі құдайы қонағым болған кісі қажылыққа баруға қамданып жатыр екен. Хатым түсіріп жатқан жердің жамағаты қари балаға және ата-анасына қажылыққа жолдама беріпті. Қыбламыз болған қасиетті Қағбаға, мұсылманның «ғұмырымда бір табаным тисе» деп армандайтын, аңсайтын қасиетті мекені – Меккеге бара жатқан соң, Арафатқа шыққанда мен үшін де дұға тілерсің деп өтініп, дұға-тілектерімді қағазға жазып, қолына ұстаттым. Кеш бойы өте жақсы әңгімелер айтылды. Әсіресе, «Егер қайсыбір отбасында ер азаматы Исламды түсініп, хақтың тура жолына түссе – дін үйдің босағасына келгені, ал әйелінің жүрегіне Исламның нұры шуағын сеуіп, дәнін ексе – дін үйдің төріне шыққаны» деген сөздері есімде қатты сақталып қалды, - деді. 
Берекелі Рамазанда бұл ауылда игі істер бірінен кейін бірі өрбіп жатты. Әсіресе, соңғы онкүндіктің әр күні жаңалыққа толы болды. Садақа, зекеттер беріліп, елдің еңсесі көтеріліп, көмек алғандардың марқайып, көңілдері өсті. Қайырым мен мейірім айында Алла разылығын қалап, сауап іздегеннің барлығы жақсылық істеуге ұмтылды. Рақымы мол Рамазанды аяқтап, ауылымызбен, даламызбен «қайта қауышқанша» деп қимай-қимай қоштасып, біз де қаламызға қайттық.

Құрбан айт қарсаңында атамыз үйге қыдырып келді. Ауылдағы жаңалықтардың біразын әңгімелей отырып: 

- Айекеңнің қуанышы қойнына сыймай жүр. Жеңгең намазға жығылды, жақсы болды деді, - дегенде, ол кісінің қуанса жас баладай елпілдеп кететін кескіні көз алдыма келді. Құдайы қонағы айтқандай, «діні төріне шығыпты». Бәлкім, Арафатқа жіберген Айекеңнің аманат-хатында бұл дұға да бар шығар... 


Нұрила ШЫНӘДІЛ

Дереккөз: muslim.kz мұрағатынан (2017)

Пікірлер Кіру