Қазақта медицина болған ба?

16 шілде 2021 7507 0
Оқу режимі

Қазақта медицина болған ба? Белгілі травматолог, медицина ғылымының докторы, профессор Ерсін Жүнісовтың басынан өткерген мына бір оқиғадан әлгі сұрақтың жауабы табыла кетті. Ерсін Тұрсынханұлы былай әңгімелейді:

2004 жылдың шілде айында емханамызға Англиядан арнайы келген профессор:

- Сіздердің ата-бабаларыңызда өзіндік қалыптасқан медицина, шипагерлік болған ба, жоқ әлде, кейіннен үйрендіңіздер ме? - деп сұрақ қойды.

Осы сәтте бізде істейтін профессор орыс әйелі бірден:

- Қазақтарда медицина болған емес, кейіннен орыстардан үйренген, - деп қойып қалды. Мен орыс әйелдің сөзін аяғына дейін сабырмен тыңдап болдым да, ағылшын дәрігерге былай дедім:

- Сізге мысал ретінде екі мәселені айтайын, сосын біздің ата-бабамызда медицина болып-болмағандығын өзіңіз шешіңіз.  

- Жақсы.

- Сіздерде ас қорытуға қажетті маңызды ферментті бөлетін безге "Pancreas" дейді. Бұл "тасбақаның жотасындағы тасы, яғни, сауыты" - дегенді білдіреді. Яғни сіздер бездің сыртқы ұқсастығына, оның түріне қарап осылай атағансыздар. Ал орыстарда "поджелудочная железа" дейді. Олар да асқазанның астында орналасқандығы үшін осылай атаған. Екеуі де көзбен көргеніне қарап атау берген. Ал біздің ата бабаларымыз "ұйқы безі" дейді. Себебі бұл без жұмысын тоқтатқан жағдайда, адам комаға, яғни ұйқыға кетеді. Егер ата-бабаларымызда медицина болмаған болса, онда аталмыш бездің комаға себеп болатынын қайдан білген? -  дегенімде, ағылшын профессоры үнсіз басын шұлғыды.

- Сосын ген ғылымы дамығаннан кейін ғана ғалымдар түрлі аурулардың неше атаға дейін тұқым қуалайтындығын дәлелдеп отыр. Ал біздің ата-бабаларымыз жеті атаға дейін қыз берісіп-алысуға тыйым салған және бұл тыйым әлі күнге дейін жалғасып келе жатыр. Қазақтар медицинаны білмеген болса, олар ғылым енді ғана біліп жатқан аурудың неше атаға дейін тұқым қуалайтындығын қалай білген? - дегенімде, әлгі профессордың көзі шарадай болып:

- Шынымен де сіздерде жеті атаға дейін үйленуге болмай ма? Бұл ғажап екен. Ғажап! Мынандай халықта "медицина болмады" деуге әсте болмайды», - деді таңданысын жасыра алмай. Ал ана профессор орыс әйел: "Ерсин Турсынханович, я эти моменты не знал" - деп қайта-қайта кешірім сұрады.

Пікірлер Кіру