ҚАЗАҚ САЛТЫ БОЙЫНША САҚАЛ-МҰРТ ҚОЮДЫҢ ЖӨН-ЖОСЫҒЫ

16 қазан 2024 677 0
Оқу режимі

Қазақ халқы «сөз көркі – мақал, жігіт көркі – сақал» деп, ер-азаматтары сақал-мұрт қоюды – азаматтықтың, инабаттылықтың, ақсақалдықтың белгісі деп қарап, балиғатқа толған бозбала кездерінен бастап мұрт қойса, балалы-шағалы болып, келін түсіріп, қыз ұзатып немерелі болған соң сақал қояды. Алайда, сақал-мұртты қалай болса солай қоя бермеген, қайта, сақал-мұрт қоюдың өзіндік жөн-жосығы болған. Мысалы, ер азаматтар мұртты балиғатқа толғаннан балалы-шағалы болып, тұңғыш қыз ұзатып, келін түсіргенге дейін қойса, келін түсіріп, қыз ұзатып, немерелі болған соң, ресми сақал қоя ды. Ал, келін түсіріп, қыз ұзата алмағандар 50-ден асқан соң сақал қояды.

Қазақ халқы сақал-мұрт қоюды жігіттік əсемдік пен ақсақалдық салауаттылықтың, өмірге деген шүкіршіліктің, қанағатшылықтың белгісі деп қараған, яғни, білікті кісілер балалы-шағалы болып, немере сүйген соң, Құдайдың бергеніне шүкіршілік етіп, «болдым, толдым, ата болдым, кейінгілерге ақыл-кеңес беріп, үлгі-өнеге көрсетер кезім жетті, дүниенің ендігі қызығы – ұрпақтарға тəн. Енді бала-шағаның алдында көз жұмсам арманым жоқ» деп, сақал қойып, əрі сол күннен бас тап өздерін дүние қызығынан шеттетіп, қызбалықты тастап, жастарға ақыл айтып, үлгі-өнеге көрсету жолына түседі.

Əдетте, мұрт қойған жігіттер мұртын аузына түсірмей, əдемілеп шалғысын қайырып жүреді. Ал, сақал қойғандар, сақалды өздерінің бет пішіндеріне жарасатындай етіп қойып, əдемілеп жасап, жуып-тарап, таза ұстайды. Ешқашан кір-қожалақ, қауғадай қып өсіріп жібермейді. Қайта, сақалын ауық-ауық тарап, жасап, жарасымдылығын сақтайды. Тіпті, ел-жұрт 60-қа келгенше сақал-мұрт қоймай, бет-аузын жылмықтай қылып жүрген еркектерді «қартайғанын білмеген ақымақ» деп сылтың етеді.

Қазақ халқы сақалды ерекше қадірлейді. Жасы кіші адамдар сақалды кісілерді көргенде, оларға міндетті түрде сəлем беріп, құрмет көрсетеді. «Ақсақал» деп алдарында əдеп сақтап, кішілік, кісілік танытады. Ешқашан оғаш қылық, оқыс мінез көрсетпейді. «Сыйға – сый, сыраға – бал» дегендей, сақал қойған кісілер де сақалының салауатын сақтап, «ақсақал» деген ардақты атқа дақ түсірмеуге тырысады, Яғни, өздерін ауыл ақсақалы болдым, отбасы мен ауыл-аймақтың ұйтқысымын деп есептеп, ел алдындағы ақсақалдық парыздарын өтеп, асқақ адамгершілікпен, жомарттықпен үлгі-өнеге көрсетуге тырысады.

Қысқасы, сақалды «осы қасиетті сақалдың қадіріне жетемін, атына дақ түсірмеймін, ел-жұртыма үлгі-тағылым көрсетіп, халқымды береке-бірлікке шақырамын, пенделік былық-шылыққа бой ұрмаймын» деген кісілік қадір-қасиеті жоғары адамдар ғана қояды. Болмаса, сақалдың қадір-қасиеті қашады деп ұғынады. Сондықтан да, үлкен адамдар əбестік қылық көрсетсе, оларды «аузына ата сақалы шыққанша онысы несі» деп сөгеді. Ал, жаман іс-қимыл көрсетсе, «анау аузыңдағы сақал ма, не?! Сақалды басыңмен ұялсаң болмай ма?!» деп қатаң жазғырады.

Сақал-мұрт қою ер адамдардың жауапкершілік жəне борыштылық сезімдерін күшейтіп, адамдарды ізгілікке, тектілікке, тазалыққа баулып, асқақ адамгершілікке дағдыландырады. Ер-азаматтардың ел-жұрт арасындағы беделін көтеріп, қадір-қасиетін арттырады.

 Айып НҮСІПОҚАСҰЛЫ

 

 

Пікірлер Кіру