ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДАҒЫ ИСЛАМ ЖӘНЕ ЕЛІМІЗДЕН ШЫҚҚАН ӘУЛИЕ-ИШАНДАР

27 ақпан 2024 3024 0
Оқу режимі

Қазақ даласында ислам мəдениетінің орнығып дамуына, халық санасында ислам құндылықтарын қалыптастыруға қазақ жерінен шыққан діни қайраткерлер, ишандар үлкен еңбек сіңірді.

Қазақ қоғамында исламды дұрыс бағытта таратып, халықты, ұлтты бір сенімге біріктіруге көмектесіп, елдің ынтымағын, береке бірлігін қалыптастыруда əділ қазылық қызметімен халық санасына ислам құндылықтарын, ислам мəдениетін қалыптастыруға қазақ діни қайраткерлері мен ишандарының қазақ тарихында алар орны ерекше. Қазақ тарихында ишан, дамоллала, ахун т.б. діни қайраткерлер ұлт азаттық көтерілістерді бастап, қазақтың тəуелсіздігін сақтауға да ат салысқаны белгілі. Мəселен, Ахун Құсайынов елшілігі С.Датұлы бастаған көтеріліс кезінде (1783-1797) Ресей үкіметі атынан қазақ даласына келген (1785, 1790) мəмілегерлік елшілік тобы Зұқа батырдың əкесі Сəбит Дамолланың халықты бастап көтеріліске шығуы, қазақтардың алыс шетелдерге қоныс аудару барысында қомақты ел жұртты жаудан аман сақтап елге басшылық жасаған Нұрбай молла т.б. Алайда, осы діни қайраткерлердің ислам құндылықтарын қалыптастырудағы қызметі, қазақ даласында мешіт жанындағы медреселерде діни білім берілу, алғашқы діни ұстаздар, кітапханалар туралы мəселелер отандық ғылымда терең зерделенбегендіктен зерттеу нысанасында қалып отыр.

Ə.Дəулетхан түркі халықтары (түркештер, қарлықтар) қытайлардың жиі шабуылынан теперіш көргендіктен арабтармен VІІ ғ. басында қарым-қатынас орнатып исламды қабылдағанын айтады. Зияд бастаған арабтар хорасан, парсы армиясында ортаазиялық соғды т.б. əскерлер болған. Талас маңындағы Атлах деген жерде 751 ж. арабтар қытайдың Таң империясы əскерлерін ойсырата жеңуінен Ислам Қазақстанда біржола орнықты. Арабтар қазақ даласына келгенде Исламға дейін мəдениеті дамыған ертедегі қалаларға тап болғаны жайында жазды. Əл Мақдиси: «Атлах үлкен қала айналасы биік дуалмен қоршалған. Бау бақшасы көп, жүзім мол өседі. Мешіті орталығында, базары қала шетінде» дейді [1.9б.]. Арабтар қазақ даласын жаулауға емес, дін жаюға келгендіктен, олар дүние-мүлік емес, ол жердегі білімді, өнерлі, шебер ұсталарды өздерімен бірге араб еліне алып кеткендігі анықталып отыр. Арабтар қазақ даласындағы мəдениет ошақтарынан алып кеткен білімді адамдардың саны С.Б.Бөлекбаевтың пайымдауынша əзірше 500-ден астам екендігі ғана мəлім болып отыр. Исламның қалыптасуына тікелей əсер еткен шайқасты қазақ тарихында зерттеушілер бірде «Талас шайқасы», бірде «Атлах шайқасы» деп келгендіктен, тарихшы Д.Əлімғазы: «Біз алапат шайқас ауқымына, соғысқа қатынасқан əскерлердің мəніне байланысты «Атлах-Талас» шайқасы деп атауды жөн көрдік» дейді [1, 9 б.]. Исламды мемлекеттік деңгейге көтеріп, ресми дінге айналдырған ертедегі Қарахан мемлекеті ханы Сатұқ Бұхра Қашқарияда исламды Қарахан хандығы мен көрші аймақтарға жалпы дін ретінде түркі тілдес халықтар арасында ресми дін ретінде орнықтырып, жалпыластыруға үлкен үлес қосты. Ол 955 ж. қайтыс болған соң, оның мұрагері Мұса бин Абду Карим əкесінің саясатын жалғастырып, Қашқарды Қарахан мемлекетінің астанасы деп жариялап, исламды ресми мемлекеттік дін ретінде жариялады.

Ислам дінін қазақ даласына тарату, дұрыс оқыту миссиясымен араб елдерінен келген қазақ тарихындағы Қожалар Орта Азия, Қазақстан жеріне келіп қоныстанып, сіңісіп кеткені, Тəуке ханның «Жеті жарғысында» Қожаларға «қара» халықтан жеті есе артық құн белгіленгені тарихтан белгілі. Қожалардың бірі діни қауымдастық жетекшісі Аппақ Қожаның ұрпақтарын мадақтауға арналған ХVІІІ ғ. Пж. жазылған «Исламнаме» – өлең түрінде жазылған тарихи шежіре сақталған, авторы Молла Мұхаммед Абд əл-Əлім бен Ахун Арзу Мұхаммед, ұлты ұйғыр. Бұл шежіре қазақ тарихын зерделеуде осы күнге дейін құнды дерек көзі болып табылады. Түркі халықтары арасына тассауф - сопылық бағыттың кең өріс алуына мұрындық болған қожаларға Орта Азия мен қазақ даласында жергілікті халық үлкен құрмет көрсеткен. Ислам діні құндылықтары исламға дейінгі салт-дəстүрлермен, наным сенімдермен астаса дами отырып, ертедегі Қазақстан қалаларында діни білім беріліп, медреселер жұмыс істеді. Қазақ жерінен шыққан діни ғұламалар жайында Ə.Дербісəлі [3, 5 б.], К.Шəмшиддин [4, 5 б.] еңбектерінен байқалады. Қазақ даласына араб тілін, Құран негіздерін оқыту басталғандықтан араб елдеріне қожалардан басқа түркілер де саяхатқа барып келу өріс алып, өзара ықпалдасу қарым-қатынас орнағандықтан арабтар түрік тілін үйренуге ден қойып, арабтар сол кездегі түркі білімді тұлғалармен бірлесе 1245 ж. Мысыр Мəмлүк мемлекетінің Қыпшақ ортасында түрік-араб сөздігін құрастырып шығарды. Қазақ тарихында осы көне қыпшақ шығармасында ең алғаш «қазақ» сөзіне «еркін, кезбе (тәуелсіз)» [5, 49 б.] деген мəн берілді. Қазақ жеріндегі «ІХ ғ. Отырар, Исфиджаб, Баласағұн, Сығанақ, Жент т.б. ерте қалаларда Исламды уағыздаушылар белсенді əрекеттері саяси сипат алған болса, Х ғ. бастап ислам ілімі жолындағы тəлім тəрбиелік ордалар - медресе-теккелер түбегейлі орнығып, исламдық ахлақи (моральдық) ұстанымдар қалыптаса бастады. Қ.А.Иассауи дүниеге келмей тұрып, Исфиджабта исламдық фиқһ (құқық) мектебі ханафи мәзһабының ондаған өкілдері өмір сүрді» [6, 5 б.]. Бұл ғылыми деректерді Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ғылыми маманы, ұстаз Г.С.Омарова өзінің ғылыми зерттеу мақаласында келтірген.

Аталмыш терең ғылыми зерттеуге назар салсақ, қазақ жерінде қожалар, сол кездегі діни білімді адамдар алдымен қазақ хандары мен ақсүйектер балаларын оқытты. Алғашқы діни білім мактабта беріліп, оқушылар араб тілін, Құран қирағаттарын үйреніп, мактабты бітіргендер жоғары оқу үшін медреселерге (мадраса) түсті. Қазақ жерінен білім іздеушілер діни білім орталығы Түркістан, Бұхара («Мир-араб», Көкелташ т.б. медреселері), Самарқан т.б. медреселерінде жоғары білім алды. Ресей отарлауына дейін қазақ жерінде исламның дамуына кең жол ашылып, қожалар, ишандар исламды терең уағыздады. Қазақ қоғамында Ишан – деген халық арасында діни сауат ашу, оқу жұмыстарын белсенді жүргізуші, халыққа хақ дін ислам негіздері бойынша дұрыс ғибадат жасауды үйрететін, діни білімі бар адамға берілетін лауазым. «Ахун (парсы сөзі ахунд – 1.мұсылмандық діни лауазым; 2.баулушы ұстаз) – ХVIII ғ. Пж. бастап қазақ даласында қолданылған діни лауазым. Орта Азияны билеген Бұхар хандығы тұсында ислам ғұламаларының ең жоғарғы лауазымы. 1860 ж. Л.Толстойдың қабылдауында болған қазақ мүфтиі Уəйіс ғұламаның екінші лауазымы болды» [8.579б.]. Қазір Ахунның орнына бас Мүфтиден кейінге наиб мүфти лауазымы енгізілген. Ислам дініндегі Ахун Мүфтиден кейінгі атақ, лауазым аты. Мүфтидің шариғат бойынша айтқан шешімі Ахунның келісімінсіз жүзеге асырылмаған. Ахун лауазымы дінді терең меңгерген діни қайраткерлерге ғана берілген.

Патшалық отарлау кезінде исламның кең өріс алып дамуына кедергілер жасалғанмен жергілікті қазақтар, əсіресе Оңтүстік Қазақстан, Жетісу т.б. өңірлерде мешіт жанындағы медреселер жұмыс істеді. Бірақ, патшалық Ресейдің бұйрығымен қазақтарды сенімінен айырып, християн дініне зорлықпен кіргізудің амалдары жасалғаны да тарихтан белгілі. Алайда, ислам сонау VІІ ғ. бастап халық санасына терең бекіп, исламға деген сенім бүкіл халықтық сипат алғандықтан Ресей дін үшін жанын пида еткен жергілікті халықтың жадындағы исламға деген сенімін жұлып алып тастауға қауқарсыз екенін білді. Бұдан əрі дінге зорлық көрсету патша саясатына, қазақ жерін ішкерілей отарлауға кедергі келтіретінін сезгендіктен олар исламға сенушілерге жалпылама шектеу қоймағандықтан «ХІХ ғ. 60 ж. Түркістанда 20-ға жуық мешіт, 2 медресе болған. 1917 ж. қазан төңкерісіне дейін Ақтөбеде 200-дей, Жетісуда 269, Бөкей хандығында 78, Əулиеатада 15 мешіт» [9, 40 б.] жұмыс істеді. Бұл кездері Қазақстанның түгелге жуық жерінде діни білім беріліп, медреселер жұмыс істеді. «1788 ж. құрылған Орынбор мүфтилігінде 114 мешіт, медресе болса, ХІХ ғ. Оңтүстік Қазақстанда Бабата, Бөкей ордасында Орда, Аякөз медресесі, Оралда Мұтығия; ХХ ғ. І-ші жартысында Жетісуда Мамания, Қызылордада Қалжан Ахун, Таразда Əбдіқадыр медреселері қазақ топырағындағы ислам мəдениеті ошақтары» [9, 41 б.] патша үкіметі кезінде жұмыс істеген бұл мешіт медреселер көбі Қазан төңкерісінен соң қиратылды.

1877 ж. Сырдария губерн., Ақмешіт уезі, Шиелі болыстығы, Керделіде дүниеге келген ағартушы, ауыз əдебиетін жинаушы, діни қайраткер, алашорда қозғалысы мүшесі Қалжан Қоңыратбайұлы Қарнақ медресесін бітірген. Ол «1914-1915 жж. Керделіде мектеп ашып «Ғалия», «Хұсние» медреселері түлектерін ұстаздыққа шақыртып» балаларға білім беріп, халық арасында ағартушылықпен бірге діни білімді таратқан. Қалжан Ақмешітте халық соты, кейін «Қазақ», «Айқап» Сырдария өңірлері тілшісі, алаш қозғалысы мүшесі болғандықтан 1937ж. ұсталып, Хабаровскідегі Советская Гавань, N22 Амурлаг түрмесінде қайтыс болды, оның «Пайғамбар заманы» [6, 41 б.] т.б. еңбектері бар. Қазақ даласында исламды алғаш қабылдап, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар жолына түскен алғашқы кісілердің бірі саналатын «Қарахан дəуірінен қалған ескерткіш қазір Оңтүстік Қазақстан Сайрам ауылында орналасқан, Х ғ. салынған күмбез Абдул-Əзиз Бабқа арналған. Абд ул-Əзиздер Сайрамдағы Ибраһим атамен (Қ.А.Иассауидің əкесі), Отырардағы Арыстанбабпен аталас» [10, 34 б.]. Құрман ата (1604-1712) алғашқы білімін Ақтамбердіден алып, кейін Түркістан медресесінде оқып, Меккеге қажылыққа барған, діни білімі, ақыл парасаттылығымен есімі елге таралып, ел ішінде əділ би, Құрман əулие атанған. «Тəуке хан тұсында қабылданған қазақ əдет-ғұрып заңдар жиынтығы «Жеті жарғыны» жасауға қатынасқан» [6, 132-133 б.] Қазір кесенесі Сауранда орналасқан. Бəймен Ахун Тілемісұлы 1846 ж. Қызылорда облысы Сырдария губерниясында туылған, діни қайраткер, Троицкідегі «Расулия» медресесінде, Уфада оқып, «ахун» дəрежесін алған [11, 162 б.]. Сол өңірде ауқатты аса білімді, діндар оқымысты Кіребай қажы 1890 ж. Сыр бойына өзі салдырған мешітіне «Расулия» медресе хазіретінен мешітке мұғалім жіберуін өтінгенде, ол Бəймен Ахунды жібереді. Кіребай өз баласы Ғұбайдулланы Уфада оқытқан. Бəймен Ахун мешітте мұғалім бола жүріп балалардың ғана емес, халық санасына Жаратқан Иеге деген сенімнің күшейіп, жеке адамды адалдыққа тəрбиелеуі, ақыл парасаттылығы, оның халық арасындағы беделін арттырды. Ол шəкірттерін Ресей медреселеріне жіберіп отырған. Қызылордадағы Сырдария губерн. Сұлу Төбе болыстығында 1861 ж. туылған, Ахмет ишан Оразайұлы алғаш білімін əкесі ашқан мектепте алып, Бұхарада діни медресе бітіріп, медицина саласында білімін жалғастырып, бітірген соң туған ауылына келіп халықты емдеумен айналысатын емхана ашқан. Ол қиын операциялар жасап, халық құрметіне бөленіп, өз білгендерін шəкірттеріне үйретіп, халыққа діни білім беруге де үлкен үлес қосқан. Халық оның дарынды дəрігер, діни оқымысты ретінде бағалап, оған кесене салдырған. Г.Омарова өзінің ғылыми зерттеу мақаласында осындай құнды тарихи мәліметтерді келтіріп, сайын дала төсіндегі өркениетімізден сыр шертеді.

Қазақ жерінде діни қайраткерлер ислам құндылықтарын дамытып, елдің діни идеологиялық қызметін жоғары дəрежеде атқаруға үлкен үлес қоса отырып, қазақ ишандары халық арасында қарапайым түсінікті тілмен бір сенімдегі ұлт адамының күнделікті тұрмыс-тіршілікте ұлттық құндылықтармен астасқан исламның хақ дін екенін əр адамның жүрегіне жеткізіп, үлкен идеологиялық қызмет атқарған.

Құрастырып өңдеген

Ғазиз Жусипов

«Әл-Азим» мешітінің имамы

Əдебиеттер

1 Дəулетхан Ə. Атлах-Талас шайқасы // Қазақстан тарихы. – No4. – 2007. – 9-15 бб.

2 Ошан Ж. Ислам діні Шығыс Түркістанда // Ислам əлемі. – No8. – 2005.

3 Дербісəлі Ə. Даланың дана перзенттері (Отырар, Женд, Исфиджаб Сайрам, Тараз, Баласағұн ғұламалары жайлы жаңа деректер) // Казахская цивилизация. – No1. – 2005. – 4-40 бб.

4 Шəмшиддин К. Ас-Сығанақи – дін ғұламасы // Исламтану жəне араб филологиясы мəселелері. Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. – 2006. – Алматы, 2008.

5 Омарова Г.С. Қазақ диаспорасы: философиялық талдаулар. Karatay KONYA / TURKIYE: «Bahcibanlar basim san. A.S.». – 2011. – 191 б.

6 Қ.А. Яссауи: Ұлттық энциклопедия. – Том 6. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2004. – 695 б.

7 Үлімжіұлы А. Екі томдық шығармаларының толық жинағы. – Том 2. / Құрастырушы, жауапты редактор: Омарова Г.С. Karatay - KONYA / TURKIYE: «Bahcibanlar basim san. A.S.». – 2011. – 597 б.

8 Ұлттық энциклопедия. – Том 1. – Алма- ты: Қазақ энциклопедиясы, 1998. – 719 б.

9 Байтенова Н.Ж., Затов Қ. т.б. Сопылық // Қазақстандағы діндер. – Алматы: Əрекет -Принт», 2008. – 399 б.

10 Ұлттық энциклопедия. – Том 1. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1998. – 719 б.

11 Бəймен Ахун Тілемісұлы: Сыр елі Қызылорда облысы энциклопедиясы. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2005. – 542 б.
12 Қалжанова Ш. Қалжан Ахун. – Алматы: Санат, 2012.

 

 

Дереккөз: Azan.kz

Пікірлер Кіру