ПАЙҒАМБАРЫМЫЗҒА САЛАУАТ АЙТУДЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ
8 наурыз
Он тоғызыншы күн
ПАЙҒАМБАРЫМЫЗҒА САЛАУАТ АЙТУДЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ
اَلْحَمْدُ لِلّٰهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالصَّلَاةُ وَالسَّلَامُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَصَحْبِهِ أَجْمَعِينَ، أَمَّا بَعْدُ
Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.
Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шапағатына кенелуге себеп болатын амалдардың бірі – Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айту.
«Салауат» сөзі араб тілінде «береке», «құрмет көрсету», «тілек» сияқты мағыналарды білдіреді. Салауат айту – ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) деген жақындығымыз бен сүйіспеншілігіміздің белгісі, оған деген алғысымызды білдіріп, сағынышымыз бен құрметімізді жеткізу.
Мұсылман адамның Алла Тағалаға мақтау сөздерін айтуымен қоса, Алла Тағаланың ең сүйікті құлы, соңғы пайғамбары ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға салауатсәлем тілеп жүруінің маңызы өте үлкен. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ахзаб» сүресі, 56-аятында:
إِنَّ اللَّهَ وَمَلائِكَتَهُ يُصَلُّونَ عَلَى النَّبِيِّ يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا صَلُّوا عَلَيْهِ وَسَلِّمُوا تَسْلِيمًا
«Расында, Алла және Оның періштелері Пайғамбарға салауат айтады. Уа, иман келтіргендер! Сендер де оған салауат айтып, сәлем жолдаңдар», – деп бұйырған.
Бұл аятта Алла Тағала Өзі де, періштелері де Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтатынынан хабар етуде. Сонымен қатар әрбір иман келтірген адамға салауат айту бұйырылған. Алла Тағаланың, періштелердің әрі адамдардың Пайғамбарға айтатын салауаттары бірдей аталғанымен, ол салауаттардың әрқайсысының өзіндік мағынасы бар.
- Алла Тағаланың Пайғамбарға салауат айтуы. Бұл Алла Тағаланың оған деген мейірімі мен разылығын білдіруі деген сөз. Сонымен қатар оған жәрдем етуі, абыройын асқақтатуы, істерін берекетті етуі, атының дәріптеліп, ақырет сыйлықтарын беруі және айтылған салауатты қабыл етуі деген мағыналарды білдіреді.
- Періштелердің салауат айтуы. Періштелердің салауат айтуы ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ең жоғарғы мәртебелердің берілуін сұрап, Алла Тағалаға дұға етуі мен кешірім тілеуі. Сонымен қатар періштелердің салауат айтуы турасында айтылған «Ахзаб» сүресі, 56-аятта:
وَمَلاَئِكَتَهُ يُصَلُّونَ عَلَى النَّبِيِّ
«... және періштелер салауат айтады», – деп, періштелердің салауаты осы шақта айтылып тұр. Бұл ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) деген періштелердің салауаты қияметке дейін тоқтамай, жалғасып айтыла беретінін білдіреді.
- Мүминдердің салауат айтуы. Алла Елшісін (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құрметтеп, ол үшін дұға ету деген сөз.
Салауат айту мәселесінде біздер мынадай амалдарды ескеруіміз қажет:
Бірінші: салауат айтудың сауабы мен артықшылықтары жөнінде білу
Салауат айтудың сауабы мен артықшылықтары жөнінде білу – адамның салауатты жиі әрі тұрақты түрде айтуына себепші болады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
مَنْ صَلَّى عَلَيَّ وَاحِدَةً صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ عَشَرًا
«Кім маған бір салауат айтса, Алла оған он салауат айтады», – деген (имам Муслим).
Бір күні Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жүзінен қуаныш байқалады. Сол кезде сахабалары: «Уа, Алланың Елшісі! Жүзіңізден қуаныш байқап тұрмыз», – дейді. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Маған періште келіп: «Уа, Мұхаммед! Раббың: «Үмбетіңнен саған біреу бір мәрте салауат айтса, Мен оған он салауат айтамын. Үмбетіңнен саған біреу бір мәрте сәлем жолдаса, Мен оған он сәлем жолдаймын. Осыған разы боласың ба?» – деді». Мен: «Әрине разы боламын»,– деп жауап бердім», – деген».
Тағы бір хадис шәріпте Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
مَنْ صَلَّى عَلَيَّ صَلَاةً وَاحِدَةً صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ عَشْرَ صَلَوَاتٍ وَحُطَّتْ عَنْهُ عَشْرُ خَطِيئَاتٍ وَرُفِعَتْ لَهُ عَشْرُ دَرَجَاتٍ
«Кім маған бір салауат айтса, оған Алла он салауат айтады және оның он қателігін кешіреді әрі оның дәрежесін он есеге көтереді», – деп айтқан (имам Нәсәи).
Хазіреті Әбу Бәкір (Алла оған разы болсын): «Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шынайы ықыласпен салауат айту күнәларды судың кірді кетіргенінен де артық жойып жібереді. Алла Тағалаға мақтау айтып, ардақты Пайғамбарымызға салауат айту жомарттық танытып, қолындағы дүниені таратқаннан әлдеқайда жақсырақ», – деген.
Екінші: салауатты жиі айту
Мұсылман адамның Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірінде бір мәрте салауат айтуы – уәжіп. Ал жалпы алғанда салауат мұстахаб амалға жатады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
الْبخِيلُ مَنْ ذُكِرْتُ عِنْدَهُ، فَلَم يُصَلِّ علَيَّ
«Сараң адам – менің атым атылғанда, маған салауат айтпаған адам», – деген (имам Термизи).
Бірде Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қызы Фатимадан (Алла оған разы болсын): «Адамдардың ең сараңы кім деп ойлайсың?» – деп сұрайды. Фатима анамыз: «Алла Тағала нәсіп еткен дәулеттен садақа бермейтін адамды ең сараң деуге болар», – дейді. Сол кезде ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жоқ, Менің атым аталған жерде маған салауат айтпағандар – нағыз сараңдар!» – деген.
Ардақты Пайғамбарымыздың есімі аталғанда салауат айтумен қатар, есімі қағаз бетіне жазылған уақытта да салауат сөздерін жазу қажет.
Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтуымыз ардақты Пайғамбарымыздың бізге мұқтаждығын білдірмейді. Керісінше, адамдар сол салауатты айту арқылы үлкен сауапқа кенеліп, дәрежелері көтеріледі. Сонымен қатар қияметте Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шапағатына ие болады. Сол себепті де Жүсіп Баласағұни бабамыз салауат айтуды насихат етіп:
Сені тілеп, бейнет шекті күні-түн,
Салауат айт, мақта, ақта үмітін, – дейді.
Убай ибн Кағб атты сахаба (Алла оған разы болсын): «Уа, Алланың Елшісі! Мен саған қанша мәрте салауат айтайын?» – деп сұрайды. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Салауатты қалағаныңша айт», – дейді. Сахаба: «Мен салауатқа уақытымның төрттен бірін арнаймын», – дейді. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қалауың білсін, егер арттырсаң одан да жақсы», – дейді. Сонда сахаба: «Онда мен салауатқа уақытымның жартысын арнаймын», – дейді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қалауың білсін, егер арттырсаң, одан да жақсы», – дейді. Сахаба: «Онда уақытымның үштен екі бөлігін салауатқа арнаймын», – дейді. Хақ Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қалауың білсін, егер арттырсаң, одан да жақсы», – дейді. Сахаба: «Онда мен әрдайым салауат айтатын боламын», – дейді. Сонда Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Осы амалың арқылы уайым атаулыдан құтыласың әрі күнәларың кешірілетін болады», – дейді (имам Термизи).
Үшінші: дұға тілегенде салауатпен бастап, салауатпен аяқтау
Пенденің Жаратушысына жалбарынып, дұға етуі де ғибадат деп танылады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
الدُّعَاءُ هُوَ الْعِبَادَةُ
«Дұға ету ол – ғибадат», – деген (имам Әбу Дәуід).
Дұғаны тілеумен қатар оның қабыл болуы үшін атқарылатын арнайы амалдар бар. Сол амалдардың бірі – дұғаны Алла Тағалаға мақтау және Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтумен бастау.
Бірде Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір адамның Аллаға мақтаулар айтпай және Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтпастан, дұға жасап отырғанын естіп: «Мына адам асығып жатыр!» – дейді. Сосын ол адамды өзіне шақырып алып: «Сендерден кім Алладан дұға тілемекші болса, онда Мінсіз болған Раббысына мақтаулар айтудан бастап, сосын Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтсын, содан кейін не сұрағысы келсе де сұрай берсін», – деп насихат айтады (имам Термизи).
Сондықтан дұға етуші адам дұғаның соңында да Алла Тағалаға мақтау, Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтқаны жөн.
Хазіреті Омар (Алла оған разы болсын): «Маған мынадай хабар жетті: «Жасаған дұғалар жер мен аспанның арасында қалады. Ол дұғалар Пайғамбарға салауат айтумен ғана көтеріледі», – деген.
Ибн Мәсғұд (Алла оған разы болсын): «Кім Алла Тағаладан дұға сұрайтын болса, Оған лайықты түрде мадақ айтудан бастасын, сосын Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтып, одан соң тілесін. Себебі осылай істеу арқылы дұға қабыл етілуге жақынырақ», – деген.
Салауат сөздерін жиі айту арқылы адам баласы көп сауапқа кенеліп, Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ең жақын адамдардан болады. Ол турасында ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
أَوْلَى النَّاسِ بِي يَومَ القِيَامَةِ أكْثَرُهُمْ عَلَيَّ صَلاَةً
«Қияметте маған ең жақын адам – маған көп салауат айтқан адам», – деген (имам Термизи).
Алла Тағала баршамызды ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтушылардан етіп, қасиетті Рамазан айында ұстаған ораза, тілеген дұғаларымызды қабыл еткей!
Дереккөз: ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі