Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) әйелдерге қатысты айтқаны

19 қыркүйек 2019 13729 0
Оқу режимі

Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.) – Алланың ең сүйікті құлы. Алла елшісі осы дүние мен о дүниенің үлкен сыйына  – Алла Тағаланың разылығына ие болған. Біздің де Алланың разылығына ие болардай мүмкіндігіміз бар. Ол үшін Алла Елшісінің (с.ғ.с.) айтқандарына құлақ түру қажет:

1. Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.): «Егер әйел адам бес мезгіл намаз оқып, рамазанда ораза ұстап, даналық танытып, өзінің ерін тыңдаса оған: «Жұмаққа қалаған есігіңнен кір!» делінеді», – дейді.

2. «О, әйелдер! Көбірек садақа беріңдер. Шынында, сендердің Тозақта көп екендеріңді көрдім».

3. «Сендердің тәспі, тахлил және тақдис жасағандарың жөн! Және саусақтарыңмен санаңдар. Себебі, олар Қиямет күнінде сұралып, сөйлейтін болады!»

4. Алла Елшісі (с.ғ.с.) ансарлардың ішіндегі Үмми Синан есімді әйел адамға: «Бізбен бірге қажылыққа баруыңа не кедергі болды?» – деп сұрайды. Сонда Үмми Синан: «Әбу Фулянның (ері) екі түйесі бар еді, біреуіне Әбу Фулян мен оның ұлы мінгесті, екіншісіне біздің қызметшіміз мінді», – деп жауап береді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Рамазандағы умра менімен бірге жасаған қажылыққа теңеледі», – деген екен.

5. «Түнде ұйқысынан тұрып, әйелін оятатын, әйелі тұруға ерінсе, бетіне су бүркитін ер адамды Алла жарылқасын! Түнде ұйқысынан тұрып, ерін оятатын, ері тұруға ерінсе, бетіне су бүркитін әйелді Алла жарылқасын!»

6. «Сенің өз бөлмеңде жасаған құлшылығың сыртқы бөлмеде жасаған құлшылығыңнан жақсы, ал сыртқы бөлмеде жасаған құлшылығың аулада жасаған құлшылығыңнан жақсы, ал аулада жасаған құлшылығың өз тайпаңның мешітінде жасаған құлшылығыңнан жақсы, ал өз тайпаңның мешітінде жасаған құлшылығың менің мешітімде жасаған құлшылығыңнан жақсы».

7. Айша анамыз (р.а.) Мұхаммед Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «О, Алланың елшісі! Жиһад күрестердің ең жақсысы екенін білеміз. Бізге соны жасасақ болмай ма?» –деп сұрайды. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Әйелдердің ең жақсы күресі – бұл тақуалықпен жасалған қажылық», – деп жауап берген екен.

8. Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) әлдекім: «О, Алланың елшісі! Бір әйел түнде құлшылық қылады, күндіз ауыз бекітеді, жақсылық жасайды және садақа береді, бірақ көршілерін тілімен шағып сөйлейді», – дейді. Алла Елшісі (с.ғ.с.) бұған: «Мұнда еш жақсылық жоқ. Ол Тозақты мекендеушілердің бірі», – дейді. Басқа біреу: «Бір әйел парыз болған намаздарды оқиды, садақа ретінде ірімшік таратады және ешкімге жамандық жасамайды», – дегенде, Алла елшісі (с.ғ.с): «Ол әйел Жұмақты мекен етушілерден», – деген екен.

9. «Егер мен Алладан басқа біреуге сәжде етуді бұйыра алар болсам, әйелінің еріне сәжде қылуын бұйырар едім. Әйел адам өз ерінің хақын толық орындамайынша, Алла Тағаланың алдындағы өз міндетін толық орындамайды».

10. Алла Елшісінен (с.ғ.с.) айналасындағылар: «Ең жақсы әйел қандай болады?» – деп сұрайды. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Қарағанда ерін қуантатын, ол бұйырғанда оған бағынатын және өзіне немесе өзінің мүлкін қалай жұмсағанына қатысты еріне бірдеңе ұнамаса, оған қарсы келмейтін әйел», – деген екен.

Әмина Омарова

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру