Өз-өзіне қол жұмсау – Жаратқанға қарсы шығу

19 наурыз 2021 20230 0
Оқу режимі

Адам Алла Тағаланың құдіретімен жаратылған. Ол қоғамда құнды әрі бағалы. Алайда адамның осы жарық дүниеге келгеннен кейін өлімнің дәмін татуы да заңдылық. Қасиетті Құран Кәрімнің аятында: «Әрбір жан иесі өлімді татады. Сосын біз жаққа қайтарылады»[1], – делінген.

Дегенмен, Алла Тағаланың адамға осы дүниеде берген өмірін өзі қиюы кездесетіні өкінішті. Бұл бүгінде өте қатты белең алып барады десе де болады. Расында, осы дүниедегі әр адам өмірінде кем дегенде бір рет өлім еркін таңдау жасауы арқылы азғырылады екен. Осындай азғындыққа түсіп, өз өміріне өзі балта шабуы суицид деп аталады. 

Суицид термині итальян психологы Г.Дэзеннің 1947 жылы енгізіп, оны «өз-өзін өлтіруге әрекет ету» деп түсіндірумен байланысты қолданылып келеді. «Суицид» латын тілінен аударғанда «өз-өзін өлтіру, өз-өзіне қол салу» деген мағынаны білдіреді екен. Міне, осыдан бері бұл аты суық сөздің қолданысы әлемнің барлық тілінен орын алып үлгерді, тіпті бүгінгі таңда бүкіл әлемде қоғамдық мәселеге айналды. Қараңыз, әлемде мұның орын алғандығын ғалымдардың мынадай сараптамаларынан көруге болады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы барлық елдерді суицидтің орын алуын үшке бөліп көрсетеді. Оның біріншісі – суицидтің төмен деңгейі. Бұл жылына 100 мың тұрғынға шаққандағы 10 адамға дейін көрсеткіш. Ал, екіншісі – орташа деңгей. Мұнда 10-нан 20-ға дейін 100 мың тұрғынға шаққанда. Үшіншісі – жоғары деңгей, яғни 100 мың тұрғынға шаққанда 20 адамнан жоғары.

Сарапшылардың мәліметі бойынша, өз-өзіне қол жұмсағандар тарапынан мұндайға итермелеген, яғни себепші болған мыналар дегендей қолхат қалдырып кететіндерін де айтады. Олардың 44 пайызы өзінің әрекетіне мына адам кінәлі деп қолхаттарында атап көрсетеді. Оның көрсеткіштері мынадай: «барлығы» дейтіндер 20%, «жақын адамым» 12%, «бастық» 8%, «ешкім емес» дейтіндер 4%.

Жалпы, суицид ХХ ғасырдың орта тұсында қарқынды белең алған десе, бүгінде оның саны әлем бойынша жыл сайын артып баратыны өкінішті. Оған қоса ғалымдар өлімнің бұл түрі ресми деректерге қарағанда әлдеқайда көп деп санайды. Өйткені, өз-өзіне қол жұмсау жолымен қаза тапқандардың отбасы мүшелері мен туыстары оны барынша жасырып, ал сараптама жүргізген ұйымдар қате шешімдер шығарып, оқыс жағдайлар ретінде тіркелетінін айтады дейді[2].

Бұл мәселеде Қазақстанның жағдайы да біршама күрделі. Кей мәліметтер бойынша, Қазақстан әлемдік көрсеткіш бойынша алғашқы жиырмалықтан орын алады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша 2012-2013 жылдары Қазақстан жастар арасында өз-өзіне қол жұмсау көрсеткіші бойынша екінші орында, ал қыздар арасында тіпті бірінші орынға шыққан деген деректер де бар. 

Расында, бүгінгі таңда елімізде кісі өлтіруден гөрі өз-өзіне қол жұмсайтындар саны әлдеқайда көбейіп баратын сияқты көрінеді. Себебі, еліміздегі өлімнің көпшілігі жасырын белгісіз, түсініксіз хәлде орын алғандығы жиі айтылады. Әлем бойынша әрбір 20 секунд сайын бір адам өз өміріне қол жұмсайды екен. Ал, жыл сайын мұның саны 1 миллионға жетеді. Сондай-ақ, шамамен 20 миллиондай адам өз-өзіне қол жұмсау әрекетіне барады. Солардың ішінде 8 мыңы – қазақстандықтар үлесінде, яғни республикада әр сағат сайын бір адам өз еркімен өмірмен қош айтысады деген сөз. Бір қарағанда, аз болғанымен, он жеті миллион халқы бар ел үшін өте үлкен көрсеткіш.

Әлемдік сарапшылардың есебі бойынша 1950 жылдан бері әлемдегі суицид оқиғасы 60 пайызға өскен. Мысалы, жасөспірімдер арасындағы өз-өзіне қол жұмсау фактілерінің әрбір үшіншісі – қалыпты құбылыс, нақтырақ айтсақ, олар өлгісі келмейді, тек осы әрекеттерімен өздеріне назар аудартқысы келеді дегенді айтуда. Бұл дегеніңіз жастардың әлсіздігі, әлжуаздығы, психологиялық тұрғыда тұрақсыздығы, тым еркін өскендігі, еркелігі мен айтқаны болып, дегендерінің орындалғаны болса керек-ті. Міне мамандар мұның өте қауіпті құбылыс екендігін келтіреді. Себебі, өз-өзіне қол жұмсағандардан түрлі себептерді анықтайды. Алайда, оның барлығы жария етіле бермейді.

Шындап келгенде, бүгінде қазақ қоғамы да осындай еркелік пен еркін өсудің де көрсеткіші бойынша алдыңғы қатарда деуге болады. Ал, психологиялық тұрақсыздық пен әлжуаздықтың да себептері түрліше екендігін атау керек. Әрине, бұл өз алдына бөлек әңгіме. Десе де, осы мәселелердің де кез келген жастың өз-өзіне қол жұмсауға себеп болуы мүмкіндігін алға тартады. Бұған енді бүгінгі қоғамда орын алып келетін әлеуметтік мәселелерді қосыңыз. Оның да алар орны бар. Ғалымдардың пікірінше, адамдардың әлеуметтік-психологиялық мінездемелеріне байланысты тұлғаның ең негізгі құрылымдық компоненттері ретінде мыналар есептелінеді: сана, мінез, қабілет, интеллект, темперамент, тәжірибе, өзін-өзі бақылау дейді[3].

Әлемдік ғылымда өз-зіне қол жұмсаудың бірнеше факторлары анықталған. Айталық, әлеуметтік, экономикалық, саяси, философиялық, психологиялық, діни, т.б. Жалпы алғанда, мұндай жағдай сол қоғамның өмір сүру дәрежесінің өсуі мен төмендеуіне қарай көрініс табады. Сондай-ақ әртүрлі мәдениеттердің де бұл мәселеге көзқарастары біртекті болмағандығы да бар. Көне Грекияда бұл мәселеге көзқарастары теріс болған. Олар оны заңды түрде қылмыс деп танып, олардың қолын кесу керек деп санаған. Ежелгі Русь жерінде де теріс көзқараста болып, ондай амалға барғандарды өздерінің қабірлерінде жерлемей, церковтарында жерлеу рәсімдерін өткізбеген. Католик шіркеуі де бұған теріс пиғыл танытады. Ал Қытай елінде әр кез байсалды қараған. Онда осы арқылы адам өзінің жанын босатқан деп санаған. Осы сияқты қатынас көне Үнділерде де болған. Жапонияда соңғы кезге дейін мұны салт ретінде санап, өз-өзіне қол жұмсау тазалықтың, әдептіліктің, ақылдылықтың жоғарғы санаты ретінде саналған.

Міне, осындай көзқарастардың бүгінде ғаламтор арқылы қол жетімділігі, оларға деген түрлі қатынастардың кез келген адамға өзіндік әсер ететіні жасырын емес. Себебі соңғы мезгілдегі мәдениаралық, көп ретте дінаралық және экономикалық қарым-қатынастардың тоғысуы әсерінен орын алуы да жиі айтылуда. Өз-өзіне қол жұмсау, яғни өмірге деген жабығу, қажу, т.т. орын алуы. Алайда, тарихқа көз жіберсек мұндай жайттардың орын алғандығын кездестірмейміз. Бұл барынша қазіргі заманның құбылысы деп тану керек сияқты. Сондықтан мұны үлкен қалалардағы соңғы кездегі мәдени байланыстардың жемісі, өркениеттер дамуының құлдырауын бейнелейтін құбылыс деуге болатын шығар. Мүмкін адам өлімінің де кезең-кезеңімен өзгеріп отыратындығы осыны аңғартса керек. Кешегі кеңес заманында адам баласының өз-өзіне қол жұмсауы сірке суын (уксус) ішуден не болмаса қан тамырларын кесу, ең сорақысы белгісіз себептермен жоқ болып кету, т.б. орын алған болатын. Сол кезеңдегі адам өлімінің қалай болғандығына сараптама жасалса, онда біршамасының сірке суын ішуден болғандығына көз жеткізе алады. Өйткені өз-өзіне қол жұмсаудың оңай әрі тез жүзеге асатын түрі осы болған сияқты. Соның салдарынан сол кезеңде күйзеліске түскен, шаршап-шалдыққан, қиындыққа тап болған, махаббат мұңына батқан, сондай-ақ партияның өктемдігінен сескеніп, қорқыныш билеген жандар өкінішке орай біршама болған. Ал қазіргі таңда мұның барлығын суицид, яғни асылып қалу немесе биіктен секіру алмастырғандай.

Дініміз Ислам бұл мәселеге мүлдем қарсы. Өйткені мұндай амал үлкен күнәға жатады. Себебі өз-өзіне қол жұмсау – жаратқанға қарсы шығу дегенді білдіреді. Қасиетті Құран Кәрімде: «... өз-өздеріңді өлтірмеңдер. Расында, Алла сендерге ерекше мейірімді. Ал кім осы айтылғанды дұшпандық, зұлымдықпен істесе, оны жақында отқа саламыз. Бұл Алла үшін оңай»[4], – делінген.

Түсінгеніміздей, адам баласы қандай қиындық болмасын төзімділік танытуы керек. Ал, әлсіздік танытып, өз-өзіне қол жұмсаса, онда ол Алла Тағаланың қаһарына ұшырайды. Ақыретте азапқа салынады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім таудан құлап, өз-өзін өлтірсе, жәһаннам отына мәңгіге құлайды. Кімде-кім у ішіп өз-өзін өлтірсе, жәһаннам отында мәңгі сол уын қолына ұстап ішіп тұрады. Кімде-кім өз-өзін темірмен өлтірсе, жәһаннам отында сол темірді қолына ұстап, өзін мәңгі ұрғыштап тұрады»[5], – деген.

Сөзімізді түйіндей келгенде, адамзат баласына өмір берілген соң ол сол өмірді саналы да, салихалы түрде сүре білуі аса маңызды. Кім боламын, кімге үйленемін, кімді дүниеге келтіріп, кімдерді тәрбиелеймін деген саналы азамат өз өміріне ғана емес, өз өлімінен кейін зардап шегетін ата-анасын, туған-туысын, бауырлары мен достарын, тіпті өзінен туған балаларын да ойлағаны абзал. Себебі оның зардабы осы аталғандардың баршасына үлкен салмақ болары сөзсіз. Қала берді біз ислам дінін ұстанатын Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үмбеттері ретінде жауапкершілікті де ұмытпауымыз керек. Бастысы, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Шынайы сабыр – соққының алғашқы тиген сәтіндегі сабыр» дегенін – қиындықтан шығар жол екенін ұмытпағанымыз жөн. Олай болса, әрбір адам мұндай амалға бармас бұрын осы айтылғандарды да есте тұтқаны дұрыс. Маңыздысы, өз-өзіне қол жұмсау – тығырықтан шығар жол емес екенін білсін. Оның сұрауы да шариғатта өте қатал. Өйткені, өз-өзіне қол жұмсау – үлкен күнә.  

Нұрлан Мансұров


[1] «Анкабут» сүресі, 57-аят.
[2] Бачериков Н.Е. Клиническая психиатрия. – Киев: Издательство «Здоровья», 1989. – 508 стр. С. 458.
[3] Жарықбаев Қ. Психология. – Алматы: «Білім», 1993. – 272 бет.
[4] «Ниса» сүресі 29-30-аяттар.
[5] Бұхари мен Мүсілімнен риуаят етілген.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру