ОТБАСЫМЕН ОҚИТЫН ОҚИҒА

08 желтоқсан 2022 5394 0
Оқу режимі

Бір кесе сорпа

Кешкі астан кейін Әмина дастархан орнын тазалап, жинап жүрген. Әділ де анасына көмектесіп жатқан. Құдайберді қолын жуып, бөлмеге кірді де жолдасына:

– Қолдарың дерт көрмесін. Бәрі де дәмді болыпты.

– Ас болсын!

– Ендеше, дайындалыңдар, қарсы үйде тұратын көршіміз Нұралы ағаның көңілін сұрап шығайық. Кеше мешітте жамағаттан естідім, намазға келе жатып жолда көлік қағып кетіпті, аяғы сыныпты.

Әділ естіген бойда:

– Қазір ол қалай екен? – деді ата-анасының сөзін бірден тоқтатып.

Әмина:

– Сіздер сөйлесе тұрыңыздар, мен тездетіп ол кісіге бір кесе ыстық сорпа әзірлейін, – деді.

Құдайберді көп ұзамай отбасымен бірге үйден шықты. Көршісі жалғыз тұрады. Көңілін сұрап келген алыстағы ағайыны қасында отыр екен. Әділ мен оның ата-анасын көріп, қатты қуанды. Ыстық сорпаны тәбетпен ішті де:

– Сіздерге Алла разы болсын! Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Ауру адамның дұғасы қабыл», – деген. Алла жанұяңыздың берекесін арттырсын, шаңырақтарыңыз шайқалмасын. Бақытты болыңыздар, – деді де Әділ жаққа қарап, қолымен ишара жасап:

– Анау ұлыма да Алла ұзақ ғұмыр берсін. Өркенің өссін, айналайын – деп жүрекжарды тілегін жеткізді.

Құдайберді, Әмина және Әділ көршінің алғысы мен дұғасына бірге «Әмин» десті.

Кейде адам көңілін миллиондаған ақшаға сатып ала алмайсың. Қиналған сәтте, науқасқа ұшыраған кезде бір кесе сылдыр сорпаның өзі адамның ағыл-тегіл алғысын алуға жеткілікті. Адам көңілін аулау болмашы амал арқылы да жүзеге аса бермек. Ол үшін бай-бақуатты немесе жоғары мәнсапты қызметте болу шарт емес екен. Бастысы – ниетте.  

Баланың даналығын арттырған көркем сұхбат

Әділдер кеш қарая ауылға жетті. Немересінің маңдайынан иіскеген атасы мен әжесінің төбесі көкке жетті. Құдайберді отбасының бұл сапары аудан орталығындағы жәрмеңкеге тұс келген еді. Әділ атасымен бірге әкесінің көлігімен базарға келді. Бәрі базар аралады. Үйдің қажеттіліктерін алып болған соң ауылға қайтты. Ұлының демалысы қалай өтіп жатқанын білмек болған Әмина ұлына:

– Базарға барған ұнады ма, балам? – деп сұрады.

– Өте тамаша, бірақ біздің қаладағы базардан кішкентай екен, – деді де атасына қарап:

– Ата, базарда аяғын былай етіп қисық басып жүрген бір ағаны көрдім. Ол сондай күлкілі жүреді. Оны танисыз ба? – деді.

Әділдің әлгі адамның жүрісін салып сипаттауы анасының жанына батты.

– Балам, адамды бұлай кемсіткенің тіптен дұрыс емес. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Мен былай (қолымен бармағының ұшын көрсетіп) болса да біреудің кемшілігін сипаттағанды ұнатпаймын», – деген. Мүмкін ол аға туғаннан бір аяғы қысқа болып, ақсап жүретін болар. Алланың жаратқан бір адамын келеке етуі дұрыс емес. Егер біреуге ұқсап, соны салғың келсе, бір адамның жақсы әрекеттерін қайталап үлгі алсаң болады, – деді.

Анасының көркем тәрбиесі мен насихатын түсінген ол біраз үнсіз қалды... Айыбын түсініп, енді қайталамауға уәде берді.

Кейде балаға дүрсе қоя бермей, ашуға булықпай, онымен көркем сұхбат құрудың өзі баланың даналығын арттырады. Пайғамбардан қалған өнеге осындай.   

Алла жазды һәм қалағанын жасады

Әділ және оның ата-анасы жолға шықты. Ол атасын, әжесін және ауылды сағынған болатын. Дүкенді орынбасарына аманат еткен Құдайберді жол бойы көлікті асықпай жүргізіп келе жатты. Әділ көліктің артқы жағында отыр. Қолында кітабы бар. Жеткенше оқып бітірмекке тарс бекінген. Жолаушылар ауданға аяңдап келеді. Қар өте қалың жауған екен. Көліктер ақырын қозғалып келеді. Құдайберді мәшинесін жол шетіне тоқтатып, қауіпсіздік шынжырын тағып алмақшы болды. Көліктен түсіп, артқы жүк салғыш есікті ашып қараса, шынжырларды ұмытып кеткенін көрді де:

– Барлық көліктер шынжырларын тағып алыпты. Ауа райы да қолайсыз болып тұр, мен қалай ойламағанмын?! Қап, үйден шықпай тұрып көріп алғанымда ғой, –  деп көңілі түсіп кетті. Жұбайы Әмина:

 «Алладан жәрдем тіле. Өкінбе, басыңа бір бәле келсе, «былай еткенімде ғой осылай болмас еді» деме. Тек Алла жазды және қалағанын жасады де», – деп айтқан екен пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын). Бұдан кейін  мұқият боларсың, – деді.

Біраз жүргеннен соң бір көлік жүргізушісі келіп Құдайбердіге:

– Жерлес, шынжырыңды тақпапсың, менде артығы бар, бұлай жүруің жолда қауіпті, – деп өзінде бар артық шынжырды ұсынды.

Оны алған Құдайберді:

– Аллаға шүкір, – деп күбірледі де, әлгі адамға рахмет айтты. Енді бұдан былай жолға шықпастан бұрын шынжырларын қадағалайтын болды.

Әдетте ойдағы ісіміз амалға аспай қалса, наразылық танытып, көңілсіз күй кешеміз. Қай істе қайыр бар екенін біз емес, бізді жаратқан Жаратушы Иеміз жақсырақ біледі емес пе?

Ағабек Қонарбайұлы

Дереккөз: Muslim.kz мұрағатынан

Пікірлер Кіру