ОТАН –  БАБА АМАНАТЫ

24 мамыр 2023 2890 0
Оқу режимі

Ислам шариғатында Отан махаббат, жауапкершілік, бірлік пен қауіпсіздік көзі ретінде маңызды орын алады. Отан дегеніміз әрбір мұсылман үшін қоғамды жақсартуға, бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға және азаматтық істерге белсенді қатысуға үлес қоса алатын орын. Осы қағидаларды жүзеге асыра отырып, мұсылмандар әділ, үйлесімді және гүлденген қоғам құруға ықпал етеді.

Асыл дініміз мұсылмандарға өздері тұратын жерді бағалауға үйретеді, Мұхаммед Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көптеген қиындықтарға қарамастан, өзінің туған жеріне, отанына сүйіспеншілігін көрсете білді. Бұл мұсылмандарға өз Отанын сүюге және оны жақсарту үшін ат салысуға үлгі боларлық іс. “Отан отбасынан басталады” демекші, әлбетте отанымызда бейбітшілік пен молшылық болу үшін әрбір адам жауапкершілік алу маңызды. Отбасы мүшелері бір-бірін сыйлап, құрметтесе, әрбір адам өз міндетін абыроймен атқарса, Отанымыздың да нығая түсетіні анық. Осы орайда, әйел мен күйеуі жайлы сөз қозғағым келеді. Ер адамның жұбайына құрмет көрсетуі, оған жұмсақ сөйлеп, көңілін аулауы күйеулік міндеті болып табылады. Әйел мен күйеуі арасындағы қарым-қатынас олардың балаларына үлгі болады. Болашақта балалары да ата-анасынан көрген тәрбиені өз отбасында қолданады. Осылайша, тәрбие ұрпақтан ұрпаққа жалғаса береді. Сонымен қатар, әйелі де күйеуіне демеу болып, оны құрметтей білуі тиіс. Бұл жайлы «Ниса» сүресінің 19-аятында: «...Сондай-ақ, олармен жақсы мәміледе болыңдар. Егер оларды жек көрсеңдер, сендер жақтырмаған нәрседе Алланың көптеген қайыры болуы мүмкін», – деп баяндалған екен. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әйелдерімен жақсы қарым-қатынаста болғандар, міне, солар араларыңдағы жақсыларың», – десе, басқа бір риуаятта: «Әйелдердің құқықтарын аяқасты етпеңдер, Алладан қорқыңдар. Өйткені, сендер оларды Алланың аманаты ретінде алдыңдар», – деп, әйелге атүсті емес, Алланың ерлерге тапсырған аманаты ретінде қарауға шақырады.

Ата-ананың міндеті балаға дұрыс тәрбие беріп, Отанына, халыққа қызмет ететін тұлға ретінде өсіру. Ата-анасының бір-біріне деген сүйіспеншілігін, құрметін көрген бала болашақта айналасындағы адамдарға қамқоршы болады. Сондай-ақ, әке-шешесіне жақсылық жасап, Алла Тағаланың айтқанын орындайды. Қасиетті Құран кітабында Алла Тағала өзіне құлшылық қылудан кейінгі маңызды орын ата-анамызға құрмет көрсетуді қойғанын көреміз. Алла Тағала былай дейді: «Раббың Жалғыз, Оған ғана құлшылық етулеріңді және де ата-анаға жақсылық істеулеріңді бұйырады. Егер олардың біреуі немесе екеуі сенің қол астыңда кәрілікке жетсе, оларға қарап «үһ» деме және олардың (сөздерін) қайтарма! Оларға (әрдайым) жақсы сөз айт!». Әлбетте, жарық дүниеге әкеліп, бар мейірімімен өсірген, баласы үшін отқа да, суға да түсетін ата-анаға қандай жақсылық жасасақ та көптік етпейді. Ата-анаға қамқор болып, құрмет көрсетудің, жақсылық жасаудың маңызды болғаны сонша, Алла Тағала Құранның бірнеше жерінде бұйырады: «Біз адамзатқа әке-шешесіне жақсылық істеуін өсиет еттік...». Бұл өсиет сан ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа беріліп келеді. Ата сөзіне бас иіп, ана жаулығына құрметпен қарау секілді құндылық халқымыздың қанында бар қасиет секілді көрінеді. Әрбір ата-ана баласына Отанды, оның әрбір тасын, әрбір адамын сүюді үйретуі керек. Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде «Алла лағынеттеген екі нәрседен сақ болыңыздар. Адам жүретін жолдар мен көлеңкелейтін орындарды ластау» деп айту арқылы адамдар жүретін жерлерді, қоғамдық орындарды, қоршаған ортаны таза ұстауға шақырған. Тазалық - мұсылман адамның ұстануы керек қағидаларының бірі. Тек бой тазалығы емес, сонымен қатар өзінің шаңырағын, ауласын, ауылын, қаласын таза ұстау нағыз мұсылмандықтың белгісі. «Бұл жер тек менікі деп емес, болашақ ұрпағымның мекендейтін жері, Отаны» деген сеніммен өмір сүру керек. Жер бетінде өз отанына жете алмай жатқан ұлттар қаншама?! Біздің де ұрпағымыз біреудің қас-қабағына қарап жәутеңдемесін, біреудің қолына қарап дәметпесін десек, атадан қалған асыл мұраны сақтап, ақылды ұрпақ тәрбиелеу – мүлт кетпес парызымыз болу керек.

«Отанды сүю –  иманнан» деген сөздің мәні терең. Баладағы Отанға деген сүйіспеншілікті арттыру үшін ата-ана да, жалпы қоғам да ат салысудың қаншалықты маңызды екенін көрдік. Ұрпағымыздың саналы, отансүйгіш, халқына қызмет етіп, иманды болуы туған жерімізді көркейтері сөзсіз.

 Рахматулла Оразұлы

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің наиб имамы

Дереккөз: Muslim.kz порталы

Пікірлер Кіру