ОСЫ ҚАЗАҚ ҚАНДАЙ ЕЛ?

26 қаңтар 2022 7164 0
Оқу режимі

Қай ұлттың болмасын өзіне тән ұлттық тәрбие мектебі болады. Қазақ елінің де ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан мол рухани қазынасы бар. Бірақ сол қазынаны қаншалықты иеленіп жүрміз. Барымызды бағалап, жоғымызды түгелдеу мақсатында бүгін ұлтттық тәрбиеміздің кейбір қырларына тағы бір оралуды жөн көрдік.

Бағымызға қарай, ердің құны - жүз жылқы, ары – мың жылқы дейтін текті елге ұрпақ болдық. Ғасырлар бойы әбден сұрыпталған, орныққан өзіндік жол-жоралғымыз бар парасатты жұртпыз. Жаман сөз айтпауды, жаманға ермеуді, жалаңаш жүрмеуді, жағымпаз болмауды, жасқаншақ, жасық болмауды жас ұрпақтың санасына құйып отыратын тәлімді халықпыз.  Жұрт алдында қасынбайтын, ел көзінше кекірмейтін, кісіге саусақ шошайтпайтын, біреуге телміріп қарамайтын, таңдай қақпайтын, түнде тырнақ алмайтын әдепке үйренген ұрпақпыз. Наданмен дос болмайтын, нақұрысқа сенбейтін, намазды бұзбайтын,  нанды лақтырмайтын, адал асты қадірлейтін момын елміз. Басынан сөз асырмайтын, намысты қолдан бермейтін, туысты қадірлейтін, үлкенді құрметтейтін иманды ұлтпыз.

Құдайға мың шүкір, ешкімге өлім тілемейтін, өткенге өкінбейтін,  өтірік сөйлемейтін, өтірік куәлік бермейтін, адам түгіл малға зәбір көрсетпейтін, обал-сауапты білетін мейірімді халықпыз.

Ата-анаға қарсы келу, әйелге өктем сөйлеу, ақты төгу, аманатқа қиянат жасау, арды сату, арамды жеу, әлем-жәлем киіну, әлсізге күш көрсету біздің жұртқа жат мінез.

Бұл халық жолды кеспейді, жұлдызды санамайды, жерді сабамайды, кемтар адамға күлмейді. Тырнағын тістемейді, тізесін құшақтамайды, тілін шошайпайды. Үлкенге сөз қайтармайды, үлкеннен бұрын отырмайды, үлкен бұрын тамаққа қол салмайды, үлкеннің бетінен алмайды. Түрегеп тұрып тамақтанбайды. Ыдысты теппейді, ысырапқор болмайды.

Әрине, мұның бәрі қазақы тәрбиенің теңізден тамшыдай бір бөлігі ғана. Осыншалықты мол мұраны жастардың санасына сіңіру, әрине, оңай біте салған шаруа емес.  Жалғыз адамның қолынан келетін іс те емес. Ол үшін қанша еңбек сіңгені, қанша уақыт кеткені, қанша ақыл жұмсалғаны айтпаса да түсінікті. Анық білетініміз сол – ата-баларымыз жүрген жерінде, отырған жерінде бос сөзге әуес болмай, тек қана пайдалы әңгіме айтуды әдетке айналдырған. Би-шешен, ақын-жырауларымыз, батагөй ақсақалдарымыз қашан да сөздің мәйегін қалқып, асылын теріп сөйлеген.

Сөз асылын теріп айт, 
Ақын болсаң бал таңдай,
Семізін сөйле сөзіңнің, 
Мың жылқының ішінде 
Он жылғы қысыр байталдай, – деп Базар жырау ақындарға биік талап қояды.

Ендеше, шебер айтылған шешендік сөздер, мазмұны бай терме-толғаулар – бәрі де тәрбие үшін айтылған. Ал осынша мол мұра қайдан шығып жатыр деген сұрақ тууы мүмкін.  Біздіңше олардың қайнар бастауы имандылықта, мұсылманшылықта жатыр. Мәселен, мына бір шешендік өсиетті талдап көрелік.

Тама елінде Сары би деген ақылгөй ақсақал өтіпті.  Сол Сары би бірі Сырым балаға  мынадай өсиет айтады:

- Балам, бұл дүниеде алты ұлы сөз бар, соны есіңнен шығармай жүрсең, ең алдымен беделді , сыйлы боласың. Егер ол сөзді ұмытсаң, халық сенің маңайыңа жоламай аулақ қашады, - дейді. 

- Ол қандай сөз ата, айтыңызшы, дейді ұлы сөз дегенге қызығып қалған бала. Сонда Сары би:

- Арлы-ұжданды бол!
Елге деген парызыңды ұмытпа!
Намысыңды жастан сақта!
Халқыңды алалама!
Жақыныңды жаралама!
Қалысыңды қаралама! – деп толғанады. Міне, осы сөзді Сырым шешен қартайған шағына дейін есіне сақтап келген деседі.

Байқап қарасақ, бұл сөздердің бәрі де мұсылмандық ережелерге жатады. «Ар-ұждан» Алла Тағаланың әрбір жүрекке салып қойған ұлы механизмі. Әр пенде өз іс-әрекеттерін, шешімдерін осы ар-ұжданның сотына салып, оның дұрыстығын не бұрыстығын тексеруден өткізеді. Әркім туылған кезде берілетін таза мұсылмандық табиғатымен қоса берілетін ар-ұжданын бүлдірмей таза ұстауға тиіс. Ар-ұждан – Алланың ұлы нығметі. Ол болмаса, күнәнің – күнә, қылмыстың – қылмыс екенін ажырату қиын. Ар-ұжданды еш уақытта жалғанға жүрмейтін, бұра тартпайтын шыншыл төреші деп те баға берсек, болады. Адамды ақыл алдауы мүмкін, қайраты алдауы мүмкін, бірақ жүрегіндегі ар-ұжданы ешуақытта алдамайды. Сары би Сырымға соны ескертіп отыр.

«Елге деген парыз» да мұсылмандық құндылықтар қатарына жататын ұлы ұғым. «Адамдардың ең жақсысы адамдарға ең пайдалысы»  деген хадис  түптеп келгенде, елге қызмет дегенге саяды. «Намысыңды жастай сақта» деген сөздің астары да өте терең. Қасиетті Құранда: «Нағыз мүминдер ар-абыройларын қорғайды» деген аят бар. Жігіттің намысы, қыздың абыройы Исламдағы бағалы құндылықтардың қатарына жатады. Адам өзінің отанын, туған жерін, отбасын, елін-жұртын дұшпаннан қорғауға ат салысса, ол да намысты қолдан бермегендік.

Халықты алалама деген өсиет те мұсылмандықтан алынған. Алланың шариғатында адам адамнан, ұлт ұлттан, қоғам қоғамнан артық саналмайды. Бәрі де Алла алдында тарақтың тісіндей тең. Сондықтан халықтың бірін бай, бірін кедей деп бөлуге немесе шенге, мансапқа қарап бөліп қарауға рұқсат жоқ. Мұхаммед Пайғамбарымыздың өзі: «Мен патша емеспін, өздерің сияқты адамдардың бірімін» деп қарапайымдылық қағидасын паш еткен. «Жақыныңды жаралама, Қалысыңды қаралама» деген өсиеттер де бауырмашылдыққа, ағайындыққа, туыстықа шақырып, өзіңнен төменге менсінбей қараудан сақтандырып тұрған үлкен ереже.

Жинақтай айтқанда, осындай ұлы сөздерді бойына сіңіріп өскен халқымыз қанша тарихи зобалаңдардан өтсе де, иманынан, тектілігінен ажырамай келеді. Ләйім, ұзағынан сүйіндірсін.

Асылбек Әуезханұлы

Дереккөз: muslim.kz мұрағатынан

Пікірлер Кіру