НИЕТТІҢ МАҢЫЗЫ

05 желтоқсан 2023 2113 0
Оқу режимі

Бұл өмірде адамдар қандай ниетпен өмір сүрсе қиямет күнінде солай қайта тіріледі. Бұл туралы хадис-шарифте әзіреті Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деген:

إنما يبعث الناس على نياتهم

Мағынасы: «Адамдар ниеттеріне сай ғана қайта тіріледі». Яғни бұл өмірде жақсы адамдардың қатарында болуға ниеттініп, ынталанып жүрген адам тіпті солар секілді игі істер жасай алмаса да қиямет күні жақсы адамдардың қатарында болады. Керісінше, кімде-кім бұл өмірде жаман адамдардың қатарында болуды ниеттеніп, ынталанып жүрген болса, тіпті іс жүзінде солармен бірге болмаса да, қиямет күні жаман адамдардың қатарында болады. Сондықтан да істен бұрын ниет дұрыс болуы маңызды. Өйткені, кейде құлшылық сыртынан қарағанда сауапқа кенелтетін құлшылық болып тұрса да, ел көрсін үшін, біреу естуі үшін жасалғандықтан Алланың алдында қабыл болмай, қайтарылады. Таудай берілген садақа риякерліктің кесірінен бір тал құрмадай сауап әкелмейді. Сондай-ақ, шын ықыласпен берілген бір тал құрма таудай сауапқа себеп болады. Қиямет күні есеп-қисап жүргізетін мизан таразысында амалдардың мөлшері де, өлшемі де есептеледі. Құлшылықтағы ниет қаншалықты ықыласты жасалған сайын салмағы арта түсетіні айқын.

Әйгілі имам Бұхари (Алла оны мейіріміне алсын) өзінің «Әдәбул муфрод» кітабын ниетке байланысты мына хадиспен бастаған: Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Амалдар ниетке сай ғана болады. Әрбір адамға ниет қылғаны ғана беріледі. Енді кімнің хижрет жасауы Алла мен Пайғамбар үшін болса, онда оның хижрет жасауы Алла мен Пайғамбар үшін болып қалды. Ал енді, кімнің хижрет жасауы дүниеге қол жеткізу үшін немесе әйелге үйлену үшін болған болса, онда оның хижрет жасауы қай ниетте болса сол ниетте болып қалды.» 

Осы хадиспен имам Бұхари кітабын бастай отырып, істен алдын ниеттің маңыздылығына және оқып отырған адамның немесе білім талап қылушының ең әуелі ниетін дұрыстау керектігіне нұсқады.

Алла мен Пайғамбар үшін болған ниетті екі рет қайталап айтуында бұл ниеттің жақсы екендігін білдіру бар. Ал енді, Алла үшін жасалу керек болған құлшылықты дүние мақсатында жасаған адам туралы айтқан кезде бұл хадисте ол ниеттің соншалықты жаман екендігін білдіру үшін екі рет қайталамастан «онда оның хижрет жасауы қай ниетте болса сол ниетте болып қалды» деп айтылды.

 Абдукаримов Бағдат

Al-Fattah мешітінің бас имамы

 

Пікірлер Кіру