НЕ ЕКСЕҢ, СОНЫ ОРАСЫҢ...

03 маусым 2022 7826 0
Оқу режимі

Таяуда аяулы әкемізді соңғы сапарға шығарып салдық. Өз өсиеті бойынша көпшілік болып, туған жеріне, анамыздың жанына апарып жерледік. Әкем: «Балам, күн жылы болса, өсиетімді орында.Ал, қыс болып, жол жабылып қалса, өлім қай жерде болса, топырақ сол жерде, қиналмай, осы Алматыға қоя сал», - дейтін. Осы бір өсиетін орындап жүріп, көп нәрсенің куәсі болдым...

Алла Тағала Құранда: «Сонда кім тозаңның түйірінің салмағындай жақсылық істеген болса, ол оны көреді. Ал және кім тозаңның түйірінің салмағындай жамандық істесе, оны көреді»[1], - деп бұйырған. Атам қазақ «не ексең, соны орасың» деп айтқандай, істеген ісіміздің жақсылығы мен жамандығын екі дүниеде де көреді екенбіз.

Біріншіден, көпшілік әкемді жерлеп болып, соңынан Құранын оқып, қайтқанша қозғалмай күтті. Кезінде тоқсаныншы жылдары ауылымызда имам болып жүріп, осындай жерлеу рәсімінде соңына қарамай, қайтуға асыққандарды тоқтатып, тырысушы едім... Ал, қазір тәртіппен жерлейді екен.

Екіншіден, кезінде марқұм шыққан үйден жерлейтін күні мал сойғызуды тоқтатқан едік. Әрине, алыстан келгенге асын беріп, ал жергілікті халық зират басынан келіп, шәйға арналған дастарханға ғана дұға жасайтын. Кейінірек, бұл үрдіс біраз жыл бұзылып, осы бір жылдай уақыттан бері бұрынғы тәртіппен орындалатын болыпты. Расында, кәрі болсын, жас болсын өлімнің аты өлім. Кім дайын отырады?

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Жағфар (р.а.) есімді сахабасы дүниеден озғанда: «Жағфардың үйіне тамақ апарып беріңдер. Оның отбасында шұғылданатын іс болып қалды», - деп айтып, қаза болған жанұяға көмектесуге шақырған екен[2].

Сондықтан, жерлеу рәсімі барлық жерде бір тәртіппен орындалса, нұр үстіне нұр болады. Әйтпесе, қазаға қайғырып, дұғада болғанның орнына, жаназаға соятын мал іздеп, сонымен шұғылдануда болады. Ал, шариғатта көрсетілгендей, марқұмның дүниесінің үштен бірі мөлшерінде марқұмды қойған 3 күннен кейін, қай уақытта болсын садақа берсе, тыйым салмайды.

Оның өзін де ысырапшылдыққа бойұсынбай, қарызданбай берілу керек. Осы тәртіппен әкемізді де шығарып салдық.

Осылайша, әкемізді жерлеп жүріп, «қаза көппен бөліссе, азаяды» деген қағиданың куәсі болдық. Алла әкеміздің жатқан жерін пейіштің бір бақшасы етсін!

 


[1] «Зілзәлә» сүресі, 7-8 - аят
[2] Тирмизи: 998

Дереккөз: muslim.kz мұрағатынан

Пікірлер Кіру