НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІНІҢ ИСЛАМҒА ЕШҚАНДАЙ БӨТЕНДІГІ ЖОҚ

18 наурыз 2024 1639 0
Оқу режимі

Әз-НАУРЫЗ – ЗОРОАСТРИЗМНІҢ САРҚЫНШАҒЫ ЕМЕС

Көшпенді қазақ өркениетінің ұлттық нышандарының бірі – Наурыз мерекесі. «Наурыз» сөзі парсы тілінен аударғанда «жаңа күн» деген мағынаны білдіреді. Бұл мерекенің шығу тарихын кейбір ғалымдар зороастризм дініндегі отқа табынумен байланыстырса Мәшһүр Жүсіп бабамыз «Нұх, Наурыз тарихы» атты еңбегінде Ашура мен Наурыздың шығу тегі бір екендігін көрсеткен. Әдебиетші ғалымдар мен өнертанушылар наурыз мерекесін қазақ халқы ислам дінін қабылдамастан бұрын тойлағандығын айтады. Олардың пікірінше Наурыз мейрамы – қазақ халқының көшпелі тұрмысының қуанышты кездерін бейнелейтін ұлық мереке. Белгілі әдебиеттанушы ғалым Мекемтас Мырзахметов «Наурыз мерекесін көшпелі түркі жұрты зороастризм сенімінен бұрын тойлаған» деп, оған дәлел ретінде көне «Афрасиаб» жырын мысалға келтіреді. «Афрасиаб жырында көшпелілер көктем шыға ұлыстың ұлы күнін тойлаған. Ал, «наурыз» – Иран мәдениетінен Тұран мәдениетіне сіңіскен термин. Яғни, көшпелі түркі жұртының ұлыстың ұлы күнін тойлауы «наурыз» терминімен бекітілгенмен мазмұн тұрғысынан алып қарағанда ежелден түркі жұртында бар дәстүр» дейді ғалым.  

ХАНАФИ ФИҚҺ ЖӘНЕ ПӘТУА КІТАПТАРЫНДА НЕ ҮШІН «НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІН ТОЙЛАУ – КҮПІРЛІК» ДЕП АЙТЫЛҒАН?

Ертеде шығыс халықтары Наурыздың 21-ші жұлдызында түнде отты алаулатып жағып, жаңа жылды жарықпен қарсы алатын болған. Осы күнге дейін парсы тектес ұлыстар Наурыз мерекесінде отты маздатып жағып, үстінен секіріп, өздерін пәле-жаладан тазартып жатады. Ал, қазір еліміздің Наурыз мерекесінде отты алаулатып жағуды үрдістен үзген. Себебі, отқа табыну ислам сенімі бойынша Ұлы Жаратушыға серік қосқандық (шірк) болып саналады. Ханафи мәзһабының фиқһ және пәтуа кітаптарында кездесетін ғұламаларымыздың наурызға қатысты «тойлау харам, тойлау күпірлік» секілді үкімдері тікелей зороастризм (отқақұлдық) дініне қатысты айтылған. Яғни, зороастризм дінін ұлықтау мақсатында ритуалдарын жүзеге асыру хақ сенімге қайшы болғандықтан бұл мерекені тойлаған кісі «күпірлікке түседі, харам іс жасағандардың қатарына жатады» деп  үкім берген.

Әз-НАУРЫЗДЫҢ ОҢ МЕРЕКЕ ЕКЕНДІГІ ЖАЙЛЫ САХАБАЛАРДАН ЖЕТКЕН РИУАЯТТАР

Хазіреті Әли және Муғауия сынды сахабалардың Наурыз мерекесіне қарсы болмағандығы тарих кітаптарынан мәлім. Тарихшы әл-Хатыб әл-Бағдадидің айтуынша имам Әбу Ханифаның атасы Нұғман ибн Марзубан сахаба Әли ибн Әби Талибке (р.а.) наурыз күні «фәлузаж» деп аталатын бір тәтті тағам ұсынған. Хазіреті Әли (р.а.): «Бұл не?» – деп, сұрағанда Нұғман ибн Мәрзубан: «Наурыз күніне орай пісірілген тәтті тағам», – деп жауап берген. Сонда сахаба Әли (р.а.): «Бізге күніге осындай наурыз тағамын әкеліп тұрыңдар», – деген екен. Негізі сахаба Әлиге (р.а.) наурыз тағамын бірнеше адам ұсынған. Бұл оқиғаларды Имам әл-Миззи, әл-Ғуззи, әл-Қасим, әл-Файрузабади, әз-Зәбиди және т.б. ғалымдар өз кітаптарында жазып қалдырған. Әбу Ханифаның атасының мұсылман бола тұра наурыз мерекесіне орай хазіреті Әлиге арнайы тәтті тағам ұсынғаны көп нәрсені аңғартады.

Әл-Яқуби өзінің тарих кітабында: «Сахаба Муғауия (халифа болып тұрған тұста) Басраның әкімі Абдуррахман ибн Әби Бәкраға хат жолдап, өзіне наурыз сыйлықтарын әкелуге бұйрық берген» деген дерек келтіреді.

Әбу Бәкір ибн Әби Шәйбанның «әл-Муссаннаф» кітабында мынадай мәлімет айтылады. Сахаба Әбу Барза әл-Әсләми (р.а.) өз жанұясына: «Наурыз мерекесіне орай мәжусилер (отқа табынушылар) жеміс-жидек әкеп берген болса алып жеңдер, ал ет әкелсе жемеңдер», – деген.

Егер наурыз мерекесі өз алдына харам болса, онда оған орай жасалған сыйлық та харам болуы керек еді. Ал, отқа табынушылардың сойған малдарын жеуге шариғатта рұқсат жоқ.

Әз-НАУРЫЗ – ДІНИ ЕМЕС, ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕ

Қазіргі таңда наурыз мейрамы – діни мереке емес, ұлттық мереке ретінде тойланады.  Бұл қалың қыстан аман-есен шығып, күн нұрына бөленіп, жаңа жылды қарсы алу мерекесі. Наурыз мерекесінде көріскен жандар бір-бірін құшақ жая қарсы алып, игі тілектер айтады.

Наурыз мерекесі қазақ елінің, жалпы түркі жұртының салт-санасымен біте қайнасқан мереке ретінде шариғатымызға қайшы келмейді. Ұлыстың ұлы күнін тойлау – ежелден түркі жұртында бар дәстүр. Мәселен, еліміздің батыс өңірінде күні бүгінге дейін жалғасын тауып келе жатқан «Көрісу» деген дәстүр бар. «Көрісу» дәстүрі Наурыздың 14-не тойланады. Бұл дәстүр бойынша қыстың көзі қырауда, шаруаның жайымен жүріп қалған ағайын көктем шығып малдың аузы көкке тиіп, алды-арты кеңейгеннен кейін амандық-саулық сұрасып, бір-біріне сәлемдесе барады. 

«العرف محكم» «Әдет-ғұрып» фиқһ қағидасы бойынша, елдің бұрынғы салт-дәстүрлері ислам негіздеріне қайшы келмей, қоғамдық қатынасты оң реттеген болса, бұл салт-дәстүрлер сақталады. Бүгінгі дәстүріміздегі Наурыз мерекесінің исламға ешқандай алабөтендігі жоқ. Бұрынғы Наурыз мерекесіндегі от жағып қарсы алу үрдісі дәстүрімізден әлдеқашан шығып қалған.

Ал, қазіргі қазақ қауымының тойлап жүрген Наурыз мерекесінде қыстан күйзеліп шыққан елдің көңілін көтеру мен қазақи құндылықтарымызды жандандырып, көкпар беріп, ат шаптырып, палуандар күресін өткізіп, айтыс-терме ұйымдастырып, араздасқан адамдар осы күні татуласып, бір-біріне жақсы бата берісіп, «ұлыс оң, ақ мол болсын» деген сияқты ізгі тілектерімен қауышып жатады. Наурыз дастархандарында Құран оқылып, қария ақсақалдар бата беріп, қақаған қыстан елімізді аман шығарған Аллаға шүкіршілік айтып, ел амандығын тілейді.

Пайғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде «Амалдар ниеттерге байланысты...» деп айтылған. Біздің ниетіміз – отқа табыну емес, салт-дәстүрлерімізді жаңғырту мақсатында, оны сақтай отырып, келешек ұрпаққа жеткізу.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – еліміздегі наурыз мерекесі шариғатқа қайшы емес. Әрі Ислам дінінен бастау алатын мереке де емес. Мұсылман жұртшылығы бұл айтулы мерекені атап өткенде отты айналу, оттың үстінен аттау т.б. зороастризм дініне тиесілі әрекеттерден аулақ болуға тиіс.

Ұлыстың ұлы күні құтты, ақ мол болсын, ағайын!

 

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі

 

 

Дереккөз: www.muftyat.kz

Пікірлер Кіру