Мына сөзбен басталған дұға міндетті түрде қабыл болады

28 қаңтар 2020 13728 0
Оқу режимі

Алғашқы мұсылмандардан болған Сағд ибн Әбу Уаққас (р.а.) былай дейді:

Бір күні Пайғамбар мешітінде Хазіреті Османның (р.а.) жанынан өтіп бара жатып, оған сәлем бердім. Алайда, Осман жүзіме қараған күйі сәлеміме жауап бермеді. Мен де мүміндердің әміршісі хазіреті Омарға (р.а.) барып:

– Уа, мүміндердің әміршісі! Ислам түсінігінде қандай да бір өзгеріс бар ма? – деп сұрадым. Бұл сұрағымды екі рет қайталадым. Омар (р.а.) да:
– Жоқ. Өзгерген ештеңе жоқ. Не боп қалды? – деді. Мен де:
– Жоқ, маңызды ештеңе жоқ. Тек жаңа ғана мешітте Осман бин Аффанның жанынан өтіп бара жатып, оған сәлем бердім. Ол болса маған тесіле ұзақ қарап тұрып, сәлемімді қабыл алмады, – дедім. Сол кезде Хазіреті Омар Османды жанына шақырып келу үшін хабаршы жіберді. Омардың (р.а.) шақыруына келген Османға (р.а.):
– Бауырың Сағдтың берген сәлеміне неге жауап бермедің? – деп сұрады. Осман:
– Ондай ештеңе болмады, – деді. Сол кезде мен де:
– Жоқ, Осман сәлеміме жауап берген жоқ, – деп сөзге араластым. Бұған Осман тағы да:
– Ондай ештеңе болмады, – деп алдыңғы сөзін тағы қайталады. Мен де қайтпай: «Сәлеміме жауап қайтармады», – дедім.

Шамалы уақыттан кейін Османның (р.а.) есіне түсіп:

– А, енді есіме түсті. Дұрыс айтады. Бұл қылығым үшін тәубе етіп, Алладан кешірім тілеймін. Осыдан біршама уақыт бұрын сен қасымнан өткен едің. Дәл сол уақытта Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) естіген бір хадисті ойлап отыр едім. Пайғамбарымыздың сөзі есіме түскенде құдды көзім мен жүрегіме перде тартылғандай болды. Көре алмайтындай, ести алмайтындай болдым да қалдым. 

Сол кезде мен оған:
– Олай болса, ол сөзді саған мен айтайын, – дедім де мынаны айттым: – Бір күні Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ең маңызды дұға жайында айтпақ болды. Сол сәтте бір бәдәуи келе қалды да, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) соның шаруасымен сөйлесіп кетті. Содан соң Алла Елшісі (с.ғ.с.) орнынан тұрып үйіне қарай бет алды. Мен де артынан ілесіп бардым. Үйіне жақын қалғанда, кіріп кете ме деп, аяғымды дауыс шығара баса түстім. Мұны естіген Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) кері бұрылып:
– Кімсің? Сенбісің Әбу Ысқақ? – деді.
– Иә, менмін, уа, Алланың Елшісі!
– Аманшылық па? Не боп қалды?
– Аманшылық. Тек бағана бізге маңызды бір дұға жайында айтпақ болған едіңіз… Алайда, әлгі бәдәуи келіп сіздің сөзіңізді бөліп кетті те, сөзіңізді бітіре алмадыңыз, – дедім.
– Иә, айтпақшы… Айтпақ болғаным Юнус пайғамбардың (ғ.с.) балықтың қарнында болған кезінде айтқан дұғасы еді. Ол: «Уа, Алла! Сенен өзге ешбір құдай жоқ. Өзің барлық кемшілік атаулыдан пәксің! Шынында мен өзіме зұлымдық еткендерден болдым»[1], – деп дұға еткен. Бір мұсылман дұғасын осы сөзден бастайтын болса, Алла Тағала оның дұғасын міндетті түрде қабыл етеді»[2], – деді.

Дұғаның арабшасы: 

لَا إِلَـٰهَ إِلَّا أَنتَ سُبْحَانَكَ إِنِّي كُنتُ مِنَ الظَّالِمِينَ

Транскрипциясы: Лә иләһә иллә әнтә субхәнәкә иннии кунту минәз залимиин

Салтан Сайранұлы

 

 


[1] «Әнбия» сүресі, 87-аят.
[2] Тирмизи: Дағауат, 82; Ахмад бин Ханбал: Мүснәд, І, 170

Пікірлер Кіру