МҰСЫЛМАН БАУЫРЫҢДЫ АҚТАУ

03 ақпан 2023 4741 0
Оқу режимі

Жаман сөз сөйлеуге қалай тыйым салынған болса, мұсылман бауырың туралы жаман  ойлауға да сондай тыйым салынған.

Бір сәт пайда бола қалған жаман ойда тұрған ештеңе жоқ. Алайда, шайтан салған сол ойдың артына еріп, мұсылман бауырыңнан күдіктенуді, көреалмашылықпен, жек көрінішпен жаман ойлап, аңдуды асыл дініміз құптамайды.  Алла Тағала «Хужурат» сүресінің 12-аятында:

«Әй, мүміндер! Күмәнның көбінен сақтаныңдар. Өйткені, күмәнның кейбірі күнә...»  - дейді.

Мұсылман бауырымыз туралы жаман ой келе бастаса, ол ойдың шайтаннан екенін еске алуымыз қажет. Бауырымыздың кемшіліктерін көріп кінә тағудан бұрын, оны ақтайтын себептер (үзір) іздеуіміз, жақсылығын көруге тырысуымыз адамгершілікке жататын іс. Ақтайтын себеп таппаған күннің өзінде, оның жағдайы өзіміздің басымызға түсіп көрмегенін, егер менің басыма да сондай сынақ келсе, мен қандай іс-әрекет жасарымды білмеймін ғой деп түсіністікпен қарауы қажет.  

 Тіпті, басқа біреу анық сеніммен бауырымыздың кемшілігін айта бастаса да оны ақтап, бауырымызды қорғау мұсылманның міндеті болады.  Пайғамарымыздан (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) жеткен хадисте:

«Кімде-кім, діндегі бауырының ар-намысын оны ғайбаттаушыға қарсы қорғап, бауыры жайлы айтылған ғайбат сөзге келіспей, кері қайтарса, Алла Тағала да қиямет күні (оның жүзіне төнген Тозақ отын кері қайтарып,) оның жүзін Тозақ отынан қорғайды» деген (Ахмед бин Ханбәл, Тирмизи ).

Егер бауырымызға кінә тағып, кемшілігін ашып, күмәнді ойды жайып салсақ, қарым-қатынасымыздың бұрынғыдай болмайтыны анық. Ал керісінше бауырымызды ақтап, кемшілігін көрмеуге тырыссақ, құрмет пен сүйіспеншілігіміз арта түсетіні сөзсіз. Психология ғылымында бұл «эмпатия» ұғымымен сай келеді.

Эмпатия - бұл басқалардың эмоциялық жағдайына саналы түрде жанашырлықпен қарау, олардың өздерін қалай сезінетінін түсіну және жанашырлық білдіру.

Эмпатияны дамыту үшін психолог мамандар мынадай кеңес береді:

•        Адамның ерекшеліктерін, қажеттіліктерін құрметтеу және басқа адамның көзқарасына, сенімдеріне, құқығына құрметпен қарау, құнсыздандырмау.

•        Бағалаудан аулақ болыңыз. «Сіз ақымақтық жасадыңыз және бәріне өзіңіз кінәлісіз» деген сөз тіркестерінен бас тарту керек.

•        Бауырыңыздың сезімдерін қайта айту арқылы эмпатияны білдіруге үйреніңіз. Мысалы: «Мен сізді жақсы түсінемін, қазір  жұмысыңызда күрделі жағдайлар болып жатыр».

•        Қарым-қатынас кезінде өзіңізге сұрақ қойыңыз: «Мен қазір сөйлескен адам өзін қалай сезінеді?».

•        Алдыңызға келген адамды мұқият тыңдаңыз: сөйлесу кезінде басқа іспен айналыспаңыз, сөзін бөлмеңіз. Ойлары мен сезімдерін түсінуге тырысыңыз.

•        Өзіңізді сол адамның орнына қойып көріңіз. Өзіңізге «Егер менде дәл осы жағдай болса және мен осындай сезімдерді кешсем, мен қандай қолдау алғым келер еді? Мен не естігім келер еді? Мұндай жағдайда мен өзімді қалай сезінер едім?» деген сұрақтарды қойып көріңіз.

Бір қызығы, бұл кеңестердің барлығын Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын)  өзінің сүннетімен бізге қалдырып кеткен. Мәселен, Пайғамбарымыз ешкімнің көзқарасын құнсыздандырмаған, тіпті өзге дін өкілдерінің сенімдеріне құрметпен қарап, жәрдемінде болғанын білеміз. Сондай-ақ, ешқашан біреуді кінәламай-ақ  көркем насихат айтқан. Сахабаларымен әңгімелескенде оларға маңыздылық беріп, мұқият тыңдайтын болған. Айналасындағыларға ауырлық келтірмесе де, бір затымды әперші деп өтініш айтпаған, бұйырып сөйлемеген.

Мұсылман бауырымыздың жағдайын түсінбей, ол туралы күмәнданып жаман ойлау, күнәнің үстіне күнә арқалауға себеп болуы мүмкін. Себебі, жаман ойлап, күмән келтірген адам өз ойын растау үшін әлгі бауырын аңдып, тексере бастайды.  Ал жоғарыдағы аяттың жалғасында  Алла Тағала:

«Сыр тексермеңдер, біреуді-біреу ғайбаттамасын. Біреулерің өлген туысының етін жеуді жақсы көре ме? Әрине оны жек көресіңдер», - деп ескерткен (Хужурат, 12-аят).

Омар мұсылмандардың әміршісі болған кезде, кеш батқанда Абдулла ибн Мәсғуд екеуі серуендеп жүріп келе жатқанда, кенеттен бір үйден біреудің ән айтып жатқанын естіп қалады. Үйге жақындап барып сәл ғана ашық тұрған есіктен бір күң әйелдің ән салып, ал қожайыны сол әнге тербеліп шарап ішіп отырғанын байқайды. Көрген нәрсеге қатты ашуланған мұсылмандардың әміршісі Омар үйдің артқы есігінен кіріп келіп әлгі кісіге істеген ісінің дұрыс емес екендігін айта бастайды. Сонда әлгі кісі Омар Халифаға Алла Тағаланың «Хужурат» сүресінде айтқан сөздерін оқып беріп, Халифаның өзіне қатысты күмән келтіргеніне және сыр тексеріп аңдығандығына шағымданған еді.

Осылайша мұсылмандарың әміршісі одан кешірім сұрап, өзінің істеген ісіне қатысты «Алла кешірмесе не болады?» деп өкінген халде үйден шығып кетеді. Қорыта айтқанда, мұсылман адам өзге мұсылман бауыры туралы әр кезде дұрыс пікірде, жақсы ойда болуы қажет. Күмән келтіріп жаман ой ойлаудан, ғайбат айтудан, сыр тексеріп аңдудан барынша сақ болған жөн.

Жанар Ғарифоллақызы

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру