Мүмін мен кәпірдің жан тапсыруы

10 ақпан 2020 7374 0
Оқу режимі

Жан алудың басы – ажалдың келуі. Ажал келсе, жан алынады. Адам баласы үшін мұнан құтылудың ешқандай айла-шарасы жоқ. Ол осы сәтте жан тапсыруға мәжбүр болады. Бұл туралы Құдірет Иесі: «Ол құлдарынан Үстем. Сендерге сақтаушы (періштелерді) жібереді. Біреулеріңе өлім келсе, елшілеріміз (яғни, періштелеріміз) оның жанын алады және еш кемшілік жібермейді», – деген.

Ал, енді, адам жаны (рух) қалай алынады? Бұл көріністі, одан кейін де болатын ахуалдарды және қабір жағдайы мен рухтың аспанға көтерілуін сипаттаған хадистер көп.

Мүміннің жан тапсыруы

Бара ибн Азибтан (р.а.) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Расында, мүмін пенде дүниеден аттанып, Ақыретке барарында оған көктен жүздері аппақ күн сияқты періштелер түседі. Оларда жаннаттың кебіндерінен бір кебін және жәннаттың иіссуларынан бір иіссу болады. (Періштелер келіп) оның көз алдында отырады. Сосын өлім періштесі келеді де, оның бас жағына отырып: «Ей, қош көрілген нәпсі! Алланың кешірімі мен разылығына қарай шық!» – дейді. Рух ыдыс ернеуінен аққан бір тамшы судай ағып шығады. Сөйтіп, (періште) оны алады», – деген.

Мүмін адамның жаны осындай көріністе алынады. Әлбетте, олар үшін жан тапсыру жеңілірек. Періштелер мүмінді көңілі саябыр тауып қорықпас үшін өлім алдында сүйіншілейді. Бұл жайында Құран Кәрімде: «Расында: «Раббымыз Алла!» – деп, сосын тура болғандар; оларға періштелер түседі де: «Қорықпаңдар да қайғырмаңдар! Сендерге уәде етілген жаннат арқылы қуанышқа бөленіңдер. Біз дүние тіршілігінде де, Ақыретте де достарыңбыз. Сендерге онда (жаннатта) көңілдерің көксеген нәрселер бар. Сондай-ақ сендерге тілеген нәрселерің бар. (Бұл) аса Кешірімді, өте Мейірімді (Алла) тарабынан бір сыйлық», – дейді», – деп баяндалады. Ғұламалар «бұл аяттар періштелердің өлім алдында мүмінді сүйіншілейтіндігін баяндай келген» дейді.

Кәпірдің жантәсілім етуі

Кәпір мен залым адамның жантәсілім етуі аса ауыр жағдайда өтеді. Бұл жайында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Расында, кәпір пенде дүниеден кетіп, Ақыретке барарында оған көктен жүздері қара түсті, дөрекі, қатыгез періштелер түседі. Олармен бірге тозақтан «масух» болады. (Періштелер) оның көз алдына келіп отырады. Одан соң өлім періштесі келеді де, оның бас жағына отырып: «Ей, сұмпайы нәпсі! Алланың ашу-ызасына қарай шық!» – дейді. Сол сәтте оның рухы денесінен (ағза-ағзасына) бөлініп тарап кетеді. (Өлім періштесі) оны сулы жүннің арасынан тікенекті бұтақ суырғандай етіп суырады. Онымен бірге қан тамырлары мен жүйке талшықтары бырт-бырт үзіледі», – деген. Дегенмен бұл жағдайларды жаны шығып жатқан адамның қасындағылар байқамайды. Алла Тағала бұл сәтті Құранда сипаттап: «Жан жұтқыншаққа келген кезде сол уақытта сендер қарап тұрасыңдар. Негізінде, ол (өліп бара жатқанға) Біз жақынырақпыз. Бірақ сендер көрмейсіңдер», – деген.

Аятта баяндалғандай, біз үшін бұл жағдай көмес. Егер адам баласы бұл жайтты көзімен көрсе не сезінсе, оның өмірге деген құлшынысы мүлдем жоғалар еді. Алла Тағала: «Жоқ! Олай емес! Жан алқымға келген кезде (сонда): «Кім дем салады?» – делінеді. Ол, шын мәнінде, айырылу екенін сезеді. Балтыры балтырына айқасады. Ол күні Раббы жаққа айдалады», – деген.

Сондай-, Бәдір шайқасында өлген мүшріктер жайлы Құран аяты келген. Онда Алла Тағала: «Періштелер, сондай кәпірлердің беттеріне, арқаларына ұрып: «Күйдіретін азапты татыңдар!» – деп жандарын алғанын көрсең! Бұл бұрынғы өз қолдарыңмен істегендеріңнің салдарынан. Алла құлдарына зұлымдық етуші емес», – деп баяндаған. Ибн Кәсир және өзге де көптеген ғалымдар бұл сөздің жалпы кәпір атаулыға қатысты екенін айтқан.

Алла Тағала кәпірлердің жандарының қалай шығатынын және олардың өліммен арпалысуын: «Алланы жалғанға шығарған немесе өзіне ешбір уахи етілмесе де: «Маған уахи етілді» деген және «Алла түсірген сияқтыны мен де түсірем» дегеннен кім залымырақ? (Мұхаммед!) Залымдарды өлім арпалысында періштелер қолдарын созып: «Жандарыңды шығарыңдар! Бүгін Аллаға қарсы орынсыз сөйлегендерің, Оның аяттарына менменсігендерің себепті қорлаушы азаппен жазаланасыңдар», – дегенде бір көрсең!» – деп әңгімелейді.

«Ақырет өткелдері» кітабынан

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру