КВАНТТЫҚ МЕХАНИКА ЖӘНЕ ДІНИ ТАНЫМ

26 қыркүйек 2024 897 0
Оқу режимі

Кванттық механика жаратылыстық болмыс мәнін түйсіне бастағаннан кейін ғылым да, діни түсінік те өзіндік даму биігіне көтеріліп, ақыры бір-бірімен беттесті. Нәтижесінде ғылым қаламаса да Алла алдында мінәжат етуге мәжбүр болды. Ал дін осы уақытқа дейін тоқтаусыз айтып келгендерінің шын мәнінде ақиқат екендігін сезініп, соған енді ғана мән бере бастады. Әйтсе де ғылым мен діндегі бұл ахуалды, көпшілік қауымды былай қойғанда, ғылым шыңына көтерілген академиктер мен (тіпті Эйнштейн де) ғұлама діндарлардың өзі түгелдей ұғына қойған жоқ. Себебі бұл «ахуал» осы уақытқа дейін бар құпиясын ішіне бүгумен келді. Сондықтан ғалымдар да, діндарлар да ол «ахуалдың» атын білгенімен мәнін түсінген жоқ. Біздің «ахуал» деп отырғанымыз, ғылыми тілдегі кванттық механика. Кванттық механиканың жай-жапсарын таратып айту ғалымдар еншісіндегі жайт. Біз сол мәселенің тек дінге қатысты жағын ғана қаузай кеткенді жөн көрдік. Сонымен…

Егер адам баласы көтеріліп отырған мәселе мәнін осыған дейін ұғына алғанда бүткіл өмірін басқаша құрған болар еді. Бұл — ақиқат мәнін өзіміз түсінгеннен кейінгі ой. Болмаса бұған дейін ештеңе болмағаны сияқты бұдан кейін де ештеңе өзгермейді. Адамдар өмірден сол бәз-баяғы бейғам қалыптарында жоқ нәрсенің соңына түсіп, соны қызықтап, соған алданып өтеді. Өкінішті. Бірақ ол өкініш адамға көз жұмғаннан кейін барып келеді. Ия, өмірден қалай өтеді, тура сол сәтте ақиқат айқындалады. Бұл жайт Құран аяттары арқылы бекітілген. Бірақ біз ол аяттың шынайы мәнін ұғына алғанымыз жоқ. Рас, өкініштің болатынын білдік. Алайда біз ол өкінішті Алланы танымағандықтан, ғибадат-құлшылықты жасай алмағандықтан болады деп білдік. Бұл — діни ұғымды қабылдай алған адамның түсінігі. Ал дінсізге… Ия, оларға бәрі бір. Жоқ. Бәрі бір емес. Енді бәрі бір емес. Кванттық механика атеистер түсінігінің де быт-шытын шығарды. Жә, ол бөлек әңгіме.

Сонымен өлген адамда өкініш болады дедік. Ол қандай өкініш? Мәселен біз өмірде ат басындай алтынға ие болдық делік. Сол ат басындай алтынға ие болғанымыз үшін біз құрмет биігіне көтерілдік. Жұрттың қызғанышын ояттық. Өзімізді мәртебелі жан сезіндік. Соған малдандық. Соның буына масаттанып, күпінумен өмірімізді өткіздік. Енді өмірден озғаннан кейінгі жайт. Бақсақ, тау да,тас та, тіпті айналамыздағы қолға ұстауға болатын нәрсенің бәрі алтын екен. Біз сол алтынның ортасында жүріп, қолымыздағы алтынды әлдеқандай көріппіз. Шынтуайтына келгенде оның көк тиындық құны жоқ екен. Өлгеннен кейінгі ақиқат бізге соны ұғындырды. Өкінішті ме? Әрине, өкінішті. Бұл — мәселенің бер жағы. Енді ат басындай алтынды образды түрде бағамдап көрейік. Өмірге келгеннен кейінгі атқарған іс-әрекетің, жеткен жетістігің, талпынған арманың, шыққан биігің, одан да басқа қол жеткізген жетістіктерің, бір сөзбен айтқанда барлық сүрген өмірің — әлгі ат басындай алтын сияқты ешқандай қадірі жоқ екенін білгенде бар ғой… Бұл енді шынайы өкініш. Жоқ, біз айқындалған ақиқатты әлі де дөп басып таныта алмай жатырмыз.

Басы ашық жайт. Өміріміз босқа өткен екен. Жарайды, көп нәрсені атқара алмаппыз. Алтын дегеніміз жез болып шықты. Бәлкім одан да құнсыз. Бірақ бұл соншалықты аһ ұратындай өкініш пе? Шынтуайтына келгенде өкініш — біз айтып отырған нәрселер емес. Ол — өзің өмір бойы соңына түскен құндылықтың өзге емес, өзің екендігі. Өмірде сен нені армандадың, неге қол жеткізгің келді, сол — сенің өзің. Бұл — біз айта беретіндей, «Біздің ең басты құндылығымыз — адам» дейтін түсінік емес. Ұғынықтылық үшін әуелі бір ғана жайтты айтайық. Әлгі ат басындай алтынды көтеріп жүрген адам өзінің қолы тиген нәрсенің бәрі алтынға айналып кете беретінін білгенде қандай күй кешер еді?! Ақиқат айқындалғанда әлгі адам өзінің сондай қабілетке ие екендігін біледі. Өкінішке қарай бұл ақиқатты өлгеннен кейін барып айқындалады дедік. Сонымен ақиқат айқындалды. Біз өлген адам өкініште болады дегенде осы жайтты айтқымыз келді.

Енді осы айтқандарымызды тарқатайық. Ең бастысы — кванттық механика мен бүгінгі діни түсінік өлгеннен кейін айқындалатын әлгі ақиқатты өмір шындығына айналдырды. Кванттық механика алтын мен жай таста ешқандай айырмашылық жоқ екендігін ұғындыра алса, бүгінгі діни таным адам мүмкіндігінің шексіз екендігін әйгіледі. Шынтуайтына келгенде бұл ғалымдардың да, діндарлардың да жетістігі емес, уақыт жемісі. «Уақыт жемісі» деген қандай ұғым? Ол — қоғам мен заман талабы. Мәселен пайғамбарлардың өмірге келуін «уақыт жемісіне» жатқызуға болады. Дәуір, заман, қоғам сол сәтті күтеді. Соған орай осыған дейін бүркеліп келген көптеген сырлар ашылады. Қазір сондай кезең. Ғалымдардың пайымдауынша бұл кезең 1999 жылдан бастау алады. Рас, кванттық механиканың алғашқы нышаны 1900 жылдан бастап белгі берді. Сол сияқты дінде де бұл түсінік әу бастан бар болатын. Бірақ ол түсінік қойнауына ешкім терең бойлай алған жоқ.

Сонымен зат бөлшектенеді. Атом, нейтрон, протон… Осы бөлшектенудің ең соңғы шегін монада дейміз. (Рас, монада туралы кезінде Пифагор, Диоген, Бруно, Лейбництер де әрқилы пікір айтқан). Ал монада өндірген зат — фрактал деп аталады. Біз білетін, білмейтін 18 мың ғалам осы монада мен фракталдан тұрады. Монада — барлық, фрактал — жоқтық. Ғылым кванттық механикаға дейін тек фракталды ғана зерттеп келді. Сөйтіп, ия, айдалаға лағып кетті. Соған орай бүкіл адамзат басқа жаққа бет бұрды. Олар фракталдың, яғни жоқтықтың, иллюзияның соңына түсті. Бір сөзбен айтқанда, адам баласы бос кеңістікте ауа қармап қалды. Ал ақиқатты, яғни монаданы ешкім де бар деп білген жоқ.

Ұғынықтылық үшін айтсақ, адамды, кез келген затты бар етіп тұрған — монада. Монада өлмейді, өшпейді, сондай-ақ жоқ болып та кетпейді. Ол — мәңгілік. Жоқ болатын соның өнімі, яғни фрактал. Мәселен шағын бір тасқа жіп байлап айналдырсақ, шеңбер пайда болады. Тасты алып қойсақ, шеңбер жоғалып кетеді. Егер біз тасты монада деп ұғынсақ, шеңбердің фрактал екендігін пайымдай аламыз. Шынтуайтына келгенде біз күнделікті бар деп қабылдап жүрген нәрсенің бәрі фрактал. Бұл тұрғыда пайғамбарымыз мына әлемді түс сияқты деген. Сонда түсте көрініс беріп жатқан нәрселердің бәрі фрактал болады да, ал түс көруші монадалық қызметті атқарады. Ең бастысы — фрактал монадасыз өздігінен бола алмайды. Бұл — атеистерге қарсы берілетін ең басты соққы. Өкінішке қарай біз өмір бойы фракталдық ұғым-түсінік аясынан шыға алмай келеміз.

 

Өзімізде бардың, дұрысы — өзіміздің, нақтыласақ — монаданың мүмкіндігін пайымдау үшін мына жайттарға назар аударайық. Монаданы, яғни әрі қарай бөлшектеуге келмейтін соңғы шектің материалдық көрінісі — Сүлеймен пайғамбардың жүзігі мен Мұса пайғамбардың аса таяғы. Сүлеймен пайғамбар жүзігі арқылы бұл әлемді де, жындар әлемін де басқарды. Жүзік — монада. Алла тағала екі әлем монадасын осы жүзікке бағындырған. Сондықтан алпамсадай жындар жүзікке жұтылып кетпес үшін Сүлеймен пайғамбарға қалтқысыз қызмет етуге мәжбүр болған. Мұса пайғамбардың аса таяғы да осы тәрізді. Суға қарық болған перғауын әскерлерін жұтқан монада — аса таяқ. Адам өлгенде әлгі шеңбер жасады делінген «тас», яғни монада алынады да, гәупиген дене, яғни фрактал біртіндеп жойылып кетеді. Монададан айырылған барлық зат дәл осылай жойылады. Соны, яғни фракталды зерттеп, сол зерттеуі арқылы ғылыми байлам жасаған ғалымдар о дүние жоқ деген ұйғарымға келген. Шындығына келгенде олардың айтып отырғаны дұрыс. Фрактал ешуақытта қайта тірілмейді. Ал монадаға бастапқы форманы қайта жасай салу түк те қиындық тудырмайды.

Фракталдың салтанат құратын жері — жаннат. Жаннат нығметтері бірыңғай фракталдан тұрады. Ал сол фракталды түзуші монада — жаннаттың иесі болып табылады. Бір адамға берілген жаннат өзге адамға қызмет етпейді. Себебі ондағы фрактал өзге монадаға тән емес. Әр жаннат — фрактал өз иесі — монадаға жайылып жастық, иіліп төсек болып, оны құрмет биігіне көтереді, шексіз нығметке бөлейді. Себебі адам жаннатты, яғни фракталды өзі жасайды. Рас, Алланың әмірінсіз қурай да сынбайды. Сондықтан айтылар ой шариғат қалыбына үйлесу үшін мына жайтқа мән берген жөн. Монада — Нұрмұхаммед. Пайғамбарымыз хадисінде айтылатынындай Алла ең әуелі пайғамбарымыздың нұрын, яғни Нұрмұхаммедті жаратқан. Ал Нұрмұхаммедке Алланың есім сипаттары тән. Сондықтан монада иелік ететін нәрсенің бәрін Алла жасады деп қабылдағанымыз жөн.

Дінде Алла 18 мың ғаламды тарының қауызына сыйғызып жібереді деген түсінік бар. Тарының қауызы деп отырғанымыз — монада. Әр монада өзінше бір әлем. Негізі бір болғандықтан олар тұтасып тұрады. Айтылған ойды кванттық механика арқылы сараласақ, Қазақстанда әңгімелесіп отырған екі адамның сөзін Америкадағы адам ешқандай аппаратсыз-ақ ести алады. Сондай-ақ ол адамның әлгілердің қасынан аяқ астынан шыға келуі де түк қиындық туғызбайды. Себебі ол монадалар үндестігі, яғни тұтасуы арқылы жүзеге асады. Негізінде ол өзі бір нәрсе. Ұғынықтылық үшін айтайық. Егер бұрын ешкім еш жерде шешпеген күрделі есепті Англиядағы ғалымдарға шығартсақ, олар оны ойланып-толғанып отырып бес сағатта шығарса, әлгі есеп шешімін тапқаннан кейін соны шешкен ғалымдарды ешкіммен байланыстырмай сол есепті Америкадағы ғалымдарға шығаруға берсек, олар оны үш сағатта шығара алады. Одан кейін оны қазақстандық ғалымдарға шығартсақ олар оны бір сағатта-ақ шығаруға қол жеткізеді. Осылай жалғастыра берсек әлгі есепті кез-келген математик әп-сәтте түк қиналмай-ақ шығара салатын болады. Себебі әуелгі ақпар, есептің англиялықтар тапқан шешімі монада арқылы әлемге тарап кетеді.

Біздегі ең басты кемшілік — өзімізді бағалай алмауымызда. Дұрысы — танымауымызда. Біздің түсінігіміздегі өзіміз — фрактал. Біз өзгені де сол фрактал арқылы бағалап, құрметтейміз. Бұл — жалған құрмет. Шынайы құрмет биігіне көтерілген адамдар ешқашан ұмытылмайды. Олар есімі ұдайы жаңғырып тұрады. Себебі, Алла адамды әу баста құрметті етіп, бүткіл жаратылыс, тіпті періштелерге дейін алдында бас иетін өзінің орынбасары, халифасы етіп жаратқан. Сондықтан да бүткіл жаратылыс: тау-тас, орман-тоғай, ұшқан құс, жүгірген аң, судағы балық барлығы түгелдей адам баласына тілеулес болып, тәкпір айтып, Алладан сол үшін жарылқау тілеп тұрады. Себебі, адам баласы болмаса, олардың өздері де болмас еді. Бұл тұрғыда Алла тағала тарапынан Пайғамбарымызға қарата айтылатын «Егер сен болмасаң, мына әлемді жаратпаған болар едім» делінетін хұтси-хадис бар. Мұндағы «Сен болмасаң» делініп отырған — Нұрмұхаммед. Нұрмұхаммед — әуелгі жаратылыс. Әрине, онсыз өзге ешнәрсе болмақ емес. Жаратылған өзге 18 мың ғаламның негізі — Нұрмұхаммед. Біздің монада деп отырғанымыз да — Сол. Біз де солмыз. Бүткіл жаралылыстың біздің мұңымызды мұңдап, жоғымызды жоқтап тұратындығы сондықтан.

Сонымен әуелгі жаратылыс — монада. Діни түсінікте «Әуелі ғарыш жаратылған, ғарыш судың үстінде болған» делінеді. Шынтуайтына келгенде ғарыш делініп отырғанның өзі — монада. Ал су — фрактал. Сондықтан да барлық жаратылыс, яғни фрактал, негізінен судан тұрады. Бұл — ғылыми дәлелденген жайт. Біздің айтпағымыз ол емес. Гәп — монада құндылығын түйсінуде.

Алла теңдессіз асыл зат жаратты. Ол «асыл затты» өзімізше әспеттеп «Алтынменен апталған, күміспенен күптелген» деп дәріптесек, мұнымыз ол «асыл затты» қорлағандық болып шығар еді. Себебі ол «асыл затқа» Алланың өзіндік сипаттары тән. Ол сондықтан да құрметті, сондықтан да ардақты. Өзінің сол ардақтысына Алла тағала періштелердің басын игізіп, сәжде жасатты. Тек Ібіліс қана әмірге бағынбады. Себебі ол монаданы, яғни «асыл затты» көре алған жоқ. Ібіліс адамды жай фрактал деп қана білді. Алла Ібіліске оның сұрауы бойынша адам баласын азғыруға мүмкіндік бергенде, оның «асыл затқа» түк те жасай алмайтынын білді. Шындығында шайтан тек фракталға ғана шайтандық жасайды. Ал ол — жоқ нәрсе. Сондықтан шайтан өзімен-өзі әуре болып жүреді.

Жоқ әлем деп отырғанымыз — фрактал. Мына әлемнің фрактал екенін түсіну үшін адам баласы қол жеткізген нәрселерге мән беріп көрейік. Мәселен, компьютер. Компьютерді қостық. Алдымыздан жаңа әлем ашылды. Ақыл-ойымызбен соның ішіне ендік. Компьютерді әркім әрқалай пайдаланады. Соған тәуелді болып, байланып, ішінен шыға алмай қалған адамдар да бар. Байыбына барсақ, біз тәуелді болған ол әлем мүлде жоқ. Алайда біз онсыз тіпті өмір сүре алмаймыз. Шындығына келгенде ол «барды» біз жасадық. Ол «бардың» материалдық көрінісін галлограмма арқылы бағамдауға болады. Мәселен компьютердің галлограммалық ауани (вертуальный) клавиатурасын басқан тәрізді болып, компьютерді іске қосуға болады. Сол сияқты осы ыңғайда жасалған арнайы көзілдірікті кию арқылы ауани (вертуальный) әлемге еніп, ондағы көріністерді бар деп қабылдап, сол әлемнің құрамдас бір бөлігіне айналып та кетесің. Мұндай ауани әлем түсінік арқылы қалыптасады. Мына біз тіршілік етіп жатқан әлем де сол сияқты. Біз көріп тұрған «бар әлемді» жасаған әуелгі жаратылыс — басты монада. Ал оған біз қалай қосыламыз?

Діни ғұламалар пайымдауынша біздің жаратылыстық болмысымыздың 72 пайызы пайғамбарымыздың руханиятынан, 24 пайызы өз руханиятымыздан, 4 пайызы материалдық әлемнен тұрады. Төрт пайыздық материалдық әлем деп отырғанымыз — фрактал. Егер біз шын мәнінде өзіміздің кім екендігімізді танысақ, онда 24 пайыздық рухани әлемге қосыламыз. Ол әлем пайғамбарымыздың руханиятымен үндесіп тұрады. Ал ол — басты монада. Өкінішке қарай осы «асыл затты» 4 пайыздық фрактал бүркеп алған.

Мынандай тәмсіл бар. Арыстан, қасқыр, түлкі үшеуі бірігіп, аңға шығады. Арыстан әп-сәтте бір бұғы, бір елік, бір қоянды ұстап алады да қасқырға «Мына олжаны теңдей етіп бөл» дейді. Қасқыр «Бұғы сізге, елік маған, қоян түлкіге лайық» деп олжаны өзінше бөліске салады. Бұл бөліске келіспеген арыстан қасқырды өлтіріп тастайды да, түлкіге «Енді сен бөл» дейді. Түлкі «Мына бұғыны қазір жеңіз. Елікті түсте жәукемдейсіз. Қоянды жатарда тіске басар қыларсыз» дейді. Бұл бөліске разы болған арыстан түлкіге «Өте дұрыс. Сен өзіңнің ойыңды емес, менің қалауымды айттың. Демек сен мен болдың. Маған ешнәрсенің керегі жоқ. Бәрі сенікі» дейді де, өз жөнімен кетеді.

Мұндағы арыстан деп отырғанымыз — 72 пайызды құрайтын басты монада, ал түлкі — рухани әлем. Қасқыр — 4 пайыздық материалдық әлем. Егер біз 4 пайыздық материалдық әлем тәуелділігінен, яғни фракталдан ажырай алсақ, онда рухани әлемге, яғни монадаға қосыламыз. Сонда жаратылыс әлемі (арыстан) бізді (түлкіні) өзіне баурап, фракталдың (қасқырдың) быт-шытын шығарады. Өйткені барлық нәрсені біз емес, соның өзі істейді. Бұл жерде «біз» деп отырғанымыз — фрактал. Ал «өзі» — монада. Шын мәнінде бұғыны да, елікті де, қоянды да аулаған Соның өзі ғой. Сол сияқты мына өмірде біз жасаған сияқты көрінетін нәрсенің бәрінің иесі — Сол. Өкінішке қарай соның бәрін «қасқыр» бауырына басып, өз меншігі етіп алған. Ол «қасқырда» «түлкі» мен «арыстан» туралы ұғым да, түсінік те жоқ. Фрактал ардақ тұтылған кезде ылғи осылай болады. Осы жерде «Онда мына өмірде қандай мән, қандай қажеттілік бар?» деген заңды сұрақ туындайды. Ғұламаларымыз айтқандай, бұл өмір — ақыреттің жемісі. Біздегі монада күнделікті атқарып жүрген амалдарымыз арқылы ақыреттегі мәңгілік мекенімізді безендіреді. Бұл өмірдің әр сәті баға жетпейтін құндылық. Діни амалдардан басқа бала-шаға қамы үшін атқарған іс-әрекеттер, жақсылық жасау ниетінде басылған әр қадам, тіпті сәлемдескеніміз де монада арқылы жаннат нығметтеріне айнала береді. Бұған күнделікті көріп, бірақ сабырлылық танытып жатқан бейнеттеріміз бен ауру-сырқау, өзге де ауыртпалықтарымызды қоссақ, мәңгілік мекеніміздің монада арқылы қаншалықты айшықтала түсетіндігін бағамдауға болады. Бұл тұрғыда бізге ата-бабаларымыздың өмір салты өнеге бола алады. Жер бетінде монаданы қазақ сияқты түсінген, қазақ сияқты бағалаған, қазақ сияқты құрметтеген ел жоқ. Қазақтың бүкіл өмір салты монаданы әспеттеуге құрылған. Себебі қазақ түсінігіндегі монада — әруақ. Шындығы да сол. Кейбіреулер қазақты өмір сүруге бейім емес деп күстаналағысы келеді. Ия, қазақ өмір сүруге бейім емес. Себебі, олар фракталды өмір деп қабылдамайды. Қазақы ұғымдағы фрактал — жалған. Сондықтан да біздің ата-бабаларымыз бес күндік фракталдық қызылды-жасылды әлемге алданбай, бар өмірін мәңгілігін безбендеуге арнаған.

Мынадай бір тәмсіл бар. Ескендір Зұлқарнайын түнгі жорықтан қайтып келе жатқан әскеріне «Аяқтарыңа тиген затты дорбаларыңа салып алыңдар» деп әмір беріпті. Біреу әмір болған соң аяққа оратылған заттан көптеу алса, шаршап-шалдыққан кейбіреулері аздау алып, ал жалқауланғандар мүлде алмай таңды атырыпты. Таң атқан соң байқаса, алғандарының бәрі алтын екен. Әскер түнде алтынды алқаптан өтіпті. Алғандар одан да көп алмағанына, алмағандар бос қалғанына өкініш білдірген екен. Сол сияқты біз де алтынды алқаптан өтіп барамыз. Бұл өмір — Алланың бізге берген шексіз нығметі. Тек соның қадіріне жете алмай жүргеніміз өкінішті.

Қорыта айтқанда, кванттық механика — алтын ғасырдың кілті. Алтын ғасырда ғылым мен дін тұтасады. Оған дейін… Ия, Мәді мен тажал бетпе-бет келеді. Мәді — монада, тажал — фрактал. Фракталға байланғандар тажалдың, монаданы қабылдағандар Мәдінің соңына ереді. Әзірге бұл екеуі ажырамай бірге тұр. Менде, сізде, бәрімізде. Бірақ процесс жүріп жатыр. Ажырау процесі. Біз тек соны көпшіліктің қаперіне салғымыз келді.

ҚҰДИЯР БІЛӘЛ

Пікірлер Кіру