КӨК ПЕН ЖЕРДІҢ ЖАРАТЫЛУЫНДАҒЫ СЫР

29 ақпан 2024 1579 0
Оқу режимі

Бақара сүресінің 164-аяты, Алла тағаланың бар екенін, бір екенін, құдіреті мен ұлылығын көрсететін таңғажайып жаратылысты адамзатқа ғибрат алу үшін ұсынуда:

Ей, адамдар! Көздеріңді ашып, жақсылап ойланыңдар. Еш күмәнсіз, жер мен көктің жаратылысында Алланың бар екенін көрсететін үлкен белгілер бар.

Ғаламат үлкен тіреусіз аспанды көрмейсіңдер ме? Түрлі-түсті жұп-жұмсақ кілемдей жайылған жер ше? Күн мен түннің ауысуында да көптеген белгілер бар. Олар жүйелі түрде бірінің артынан бірі жүреді. Жер бетінде мұндай тәртіп пен жүйе болмаса, өмір сүру мүмкін болар ма еді?

Адамдарға пайдалы нәрселер мен теңізде жүзіп жүрген кемелерде Алланың мейірімнің үлкендігіне неткен көп белгілер бар десеңізші. Егер Алла тағала адамдарға ауа мен суды және басқа да күштерді қызметші қылмаса, олар кемелер арқылы көптеген экономикалық және әлеуметтік игіліктерге қол жеткізе алар ма еді? Ұшақтардың да адамдарға қызметі осы мақсатта емес пе?

Алла тағаланың көктен қабат-қабат түсіріп, кейін жерді қайта түлететін жаңбырда да Оның құдіретіне үлкен дәлелдер бар. Қыс келгенде жер беті түрлі-түсті өсімдіктерден, әдемі гүлдерінен айырылады. Құдды бір өмірмен қош айтысқандай күй кешеді. Бірақ кейін көктем келіп, жаңбыр жауып, жер бетіне қайтадан құлпырып, гүлденіп кетеді.

Алла тағаланың жан-жануарлар мен басқа да тіршілік иелерін жаратып, көбейтуінде де көптеген хикметтер мен ғибраттар бар.

Ендеше, адам баласы Алла тағаланың бар екенін, жалғыз екенін, құдіретінің кемелдігін мойындап, Оған құлдық парызын қалтықсыз орындауы әр мұсылманға жарасар іс болса керек.

 

Пікірлер Кіру