Кісінің өз әке-шешесін балағаттауы – үлкен күнә

19 тамыз 2021 7077 0
Оқу режимі

Оңтүстік Қазақстан облысы - елімізде дін мен дәстүрдің қаймағы сақталған қазақы өңір. Ал Шымкент қаласының аты айшылық жерге мәшһүр. «Шырайлы Шымкент» десе, елең етпейтін ел жоқ. Қорқақтап қарайтын да, қызыға қарайтын да жұрт бар. Тұрғындары кең пейілді, ақ жарқын, барған жеріне тез татуласып, сіңісіп кете алатын қасиетке ие.

Бір иығын өнерге берген өнерпаздардың көбісі сол аймақтан шығады. Ал бір кемшін тұсы, «ш»-дан басталатын бейәдеп сөзді кең қолданатындығы... Бәз біреулер керек десеңіз, мұны мақтаныш қылып айтатын секілді. Әсіресе, ер адамдар арасында әңгіме-дүкеннің көркі сол «ш»-дан басталады. Тілдерін шаян шақса да «ш»-дан басталатын шикі сөздерін тастамайды. Шымкенттіктерді көбісі сол жағымсыз сөзі арқылы тани кетеді десек қателеспейміз. Ең өкініштісі, қазір көптеген әзіл-сықақ театрларында көрерменді күлдіру үшін бұл сөз жиі пайдаланылады. Мүмкін қателігін білдіру мақсатымен болар. Солай болса игі еді.

Жалғыз оңтүстік қана емес, басқа облыстар да бұралқы сөйлеуден құралақан емес. Тіпті ата-анасы балаларының боқтағанына қарсылық білдірмей, қайта үйрететіндерін естігенде жағамызды ұстадық. Әке-шеше үйретпегеннің өзінде ойын баласы сырттағы қатарластарынан онсыз да үйреніп келетіні бар. Оған тыйым салмайтын ата-ана ұрпағынан өскенде не күтеді? Мұның бәрін соларды жер қылайын деп айтпайсың ғой, ел қылайын деп шырылдайсың да.

Жаман сөз айту әдепті адамның сипаты емес. Сөзінде титтей де жағымсыз сөз болған адам әдепті саналмайды. Ал әдептілік – нағыз мұсылманның белгісі. Қайбір адам біреудің шешесіне, әкесіне қаратып жаман сөз айтса – өз ата-анасын боқтағаны. Ия, «адам өз ата-анасына тіл тигізуі мүмкін бе?» деген сауалға көбісі таңдана қарайды. Ал бұл әбден мүмкін. Бір күні Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларына: «Кісінің өз әке-шешесін балағаттауы - үлкен күнә», – дейді. Сахабалар таңғалып: «Адам өз ата-анасын балағаттай ма екен?» – деп сұрады. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Иә, кісі егер басқа адамның әкесін балағаттаса, әлгі адам да ашуланып оның әкесін балағаттайды. Біреудің анасын балағаттаса, ол да әлгі кісінің анасын балағаттайды», – деп жауап беріпті.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде: «Алла Тағалаға және Қиямет күніне сенген адам жақсы сөз айтсын немесе үндемесін», – деген. Бұдан шығар қорытынды, айтылған сөз - атылған оқ, балағат сөздің айналып келіп өзіңе тиетіні.

Одан бөлек, қазір көше бойына әсемдеп жазылған әдепсіз сөздерді көзің шалады. Түрлі ұятсыз, тәрбиесіз сайттардың электронды мекен-жайларын жарнамалау етек жайған. Алла өзі сақтасын, Ислам ғұламаларының ауызбірлігінде жаман, әдепсіз, балағат сөздерді айтуы, жазуы адамның арғы дүниеге имансыз кетуіне себеп болады. Сондықтан да құрметті ағайын, әдепсіз сөздерді тастайық, әңгімемізге қоспайық, жастарымызды жылы сөзімізбен имандылыққа бастайық! Иманды қоғамның берік іргетасы болайық!

Нұрқанат НҰРДӘУЛЕТҰЛЫ

Дереккөз: muslim.kz мұрағатынан

Пікірлер Кіру