ХАРАМ НӘРСЕЛЕР ҒИБАДАТТЫҢ ҚАБЫЛ БОЛУЫНА КЕДЕРГІ КЕЛТІРЕДІ

20 наурыз 2024 1804 0
Оқу режимі

Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген: “Тағдырым құдіретіндегі Алланың атымен ант етейін; кім-кімнің де қолына арқан алып тауға шығып отын жиып, сосын оны арқалап әкеліп сатып, тапқанын қорек қылуы жұрттан қайыр сұрағаннан әлдеқайда қайырлы. Және (жерден) топырақ алып жегені Aлла Tағаланың харам қылғанын қорек қылғаннан қайырлы”.

Юсуф ибн Әсбат рахимәхуллаһ былай деген: “Бір жас жігіт Алла Тағалаға ғибадатпен уақыт өткізіп жүргенде Шайтан көмекшілеріне “Мынаны бақылаңдар, ішкен-жегені қайдан (халал ма, харам ба)?” дейді. Eгер харам болса, Шайтан “Oған тиіспеңдер. Талмай еңбектенеді, шаршайды. Oның сол күйі сендердің тілектеріңе жеткілікті. Өйткені ол қанша ғибадат жасаса да, харам жегендіктен оның ғибадаттары өзіне еш пайда бермейді” дейді.

Мұны Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мына хадисі нақтылай түседі: “Әлдекім қайырлы, ұзақ сапарға шығады, шаш өскен, арып-ашқан, бет-аузын шаң басқан. Сол адам қолын көкке жайып ‘Уа, Раббым! Уа, Раббым!’ деп дұға жасайды. Ал өзінің жегені харам, ішкені харам, кигені харам. Харам қорекпен адам болған. Ондай адамның дұғасы қалай қабыл болсын?”

Пайғамбарымыз (с.а.у.) басқа хадистерінде былай дейді:

“Бір періште үнемі күні-түні Бәйтүл-мақдистің үстінде ‘Aлла Tағала харам жеген адамның нәпіл және парыз ғибадаттарын қабыл алмайды’ деп дауыстайды”.

“Кімде-кім харам қаржымен қажылық жасап, ләббәйк десе, бір періште (оған) ‘Лә ләббәйк уәлә садәйк, қажылығың қабылданбады’ дейді”.

“Кімде-кім он дирхемге көйлек сатып алып, оған төлеген қаржының бір дирхемі харамнан (табылған) болса, ол киімді киіп жүргенде Алла Тағала оның намазын қабыл алмайды”.

Омар (р.a.) “Біздер харамға ұрынудан қорқып халалдың оннан тоғызына жоламайтынбыз” деген.

Пікірлер Кіру