«ХАҚТАН ЖЫРАҚ ҚАЛДЫРМА, ЖАРАТҚАНЫМ, МЕЙІРІҢДІ БІРГЕ ТӨК НҰРДАН АСЫЛ» ақын Әсел ОСПАНның өлеңдері

15 қаңтар 2025 135 0
Оқу режимі

Бүгінгі әдебиетімізде өзіндік орны бар ақын қыз Оспан Әсел БАҚЫТҚЫЗЫ Шығыс мұсылман шайырларының аттарын атап шабыт шақырмаса да солардың рухани мұрасының астарына үңілуге тырысқан. Олар: Әбу Абдулла Рудаки, Низами Гәнжәуи, Жәләләддин Руми, Қожа Хафиз, Әлішер Науаи, Мұхаммед Физули, Жүніс Әміре және Мақтымқұлы Пырағы. Парсы һәм түркі шайырлары. Рудаки, Хафиз, Мәуләуи парсы жұртының өкілі болса, Низами, Әміре, Науаи, Физули, Мақтымқұлы түркі ұлысының мақтанышы.

 

“РАКС-САМА* – «АСПАН БИІ», ЯКИ «ХӘЛ ТАПҚАН» ӘУЛИЕЛЕР БИІ.

 

Ғұмырдың ақ-қарасын кезіп келем өңімде,

Сама-әуені қалықтап, қоңыраулап көгімде.

Рухындай Румидің жатты айналып шеңберлер,

Жан тынышын іздеген дәруіш - қыз өзім бе?!

 

Нәзік үні флейтаның басты тірлік қыбырын,

Харам ойлар, лас істер жауып мықтап тығынын.

Ақыреттің бал дәмін тату үшін  пенделер,

Жаратқанның жаралғанға ұқтырады ұғымын.

 

Қасиет бар елітер, әуенінде мың ұшқын,

Арылатын мұңымнан асыл-ақық сыр ұқтым.

Санамдағы ұйыған ой үгілді, босаңсып,

Асылында кілті оның жүректе екен құлыптың.

 

«Лә иллаха ил Аллах» жаңғырады санамда,

Мәуланалық серпін би - дүниялық балама.

Екі қолды көкке созып, бір шеңберде айналу,

Зікір ету-дәруіштің рухты биі Ракс- Сама.

 

Құран - хатым, дұғалар үндеседі Сама-мен,  

Мінәжат боп, аят боп төгіледі Сама - әуен.

Дәруіштер ақ, ұзын қалпақ киіп киізден,

Мерекеде қой терісімен жабылады бар еден.

 

Биді бастар әуелі қарадан киім жамылып,

Тасталады ырғақпен, ақ дүниеге малынып.

Бұл өлім мен өмірді жалғайтұғын шеңберлер,

Мәңгіліктің жолына бастайтұғын бар үміт.

 

Багламаның сазымен күнді  айналу топтана,

Көңіл ада күпірліктен, зияратшыл топ дауа.

Өрелінің өрісі өсер, жарық шашар сәулесі,

Толығады даналыққа, тазалыкка бос сана.

 

Жан күйімнен мұңды да, бақуатты бақ кештім,

Ғұмырымды таң еттім, әсем еттім, тәтті еттім.

Бәйіт жырдың сыйқырлы саздарына елітіп,

Ғайып күйдің сырына құнығам деп бас кетті.

 

Сама әуеннің ырғағы кетті еріксіз еркімді ап,

Ой толқыды  беймәлім,  кестеленді зер- жұмбақ.

Айналады тынымсыз бір нүктенің бойымен,

Жүрек еріп барады, ащы жасым там-тұмдап.

 

Қасірет те қайғы емен, бұл сопылық күй дара,

Тәңірімен тілдесіп, шыр айналған би дауа.

Ардың жүгі алты қат аспаннан да тым ауыр,

Айдың күні аманы сопы жанды қинады ә…

 

Дидарынан ұқпассың не күй барын беймәлім,

Ем бола ма жылы сөз, қатқан қаймақ, ем-дәрің?!

Сама бимен қауышсаң жер айналар дөңгелеп,

Өте шығар көз алдан тағдыр деген жәй сағым.

 

Жер мен көктің арасы тоғысатын бір нүкте,

Тоқсан тарау жолдары қабыспайды тірлікте.

Қара тастай тағдырың жазылған соң маңдайға,

Сопылардай сезініп, соларша өмір сүрдік пе?!

 

Шайыр едім, тоятты тапқан едім өлеңнен,

Тор ішінде тотыдай күйді кешкем өлермен.

Сама биге қосылып, кетер ме едім айнала,

Тамшы жастың ауырын қара жер де көтерген.

 

Тарихаттың жолынан адастырмас сопылық,

Махшар күнде қалмайық пенделердей опынып.

Көк-Тәңірмен тілдесіп айналайын тағы да,

Көмескі ойдан көңілдер кетпесінші тотығып.

 

Астарменен айтылған сөздің ұқты кім жайын,

Шайыр шертер сезімнің мөлдіреген сырнайын.

Ырғағында қасиет бар, мінәжат бар, қадір бар,

Махаббатпен жүректерге сән-салтанат құр лайым.

 

Ракс-Сама - ол тыныштық, жанға дәру, ар-биі,

Құлшылыққа мейірім ізгі, тастамайық зарды үйіп.

“Зеңгір аспан қаланғалы дүние осылай зырлаған”,

Дөңгеленіп жатыр дүние, дөңгеленіп әр қиыр…

***

 

 "Мың адамның ішінде

                             сен жалғызсың,

Мың адамсыз тағы да

                            сен жалғызсың"

                 (Әбу Әбдіаллах Рудаки)

 

Ақиқат пен әділдіктің 

                 жаршысына айналған,

Шайырлығы өнерімен

                 қатар бітіп байланған.

Саманидтің сарайында

                  40 жылдай үні өшпей,

Сыңғыр қағып тиектен, 

               барбатта күй ойналған.

 

Жанарына сыйдырып, 

              бар ғаламның ғажабын,

Дән егеді жүрекке

               жан балқытар ғазал үн.

Қайырымды Рудаки-"Ақындардың патшасы",

Таңдап алды тағдырдан

             жалғыздықтың азабын.

 

Өнерімен өзі боп, 

                 соқа бастың құрбаны,

Қанша көңілі кетсе де

                 сұлумен бас құрмады.

Ырзығы мен несібе

                  гөзәл мұңға айналып,

Жүрегі оның боп кетті

               Хорасанның жыр бағы.

 

Мәджі оқиды шайырдың

                 жырын салып сазына,

Жауар бұлттай төндіріп, 

                қайта апарар жазына.

Рубаилар, бәйіттер

               білте майын түн жұтып,

Жүректердің шамындай,

                    жарқыраған қазына.

 

Көктен жұлдыз санама,

              қайғысы оған жетпейді,

"Шарап-бұлттың көз жасы"

                     қуырады апшысын.

Ақшамдағы шамшырақ

                       өлеусіреп өшпейді,

Жұмыр жерді жарық қып,

                     ол іздеді бақ құсын.

 

Тостақ толы шараптың

                   тіл үйірер шырыны,

Балқуменен тұла бой, 

                     өтіп кеткен ғұмыры.

Аққу әні мұңайтып,

                 қалықтайды арфадан,

Тым биікте қалған соң

                  жастығының тұғыры.

 

Құзғын құстың көп жасар

                            күйінеді бағына,

Бұлбұлы мен ақ құсын

                     аңсап күтер сағына.

"Бір сүюім үшін де

                 керек екен мың өмір ",

Шарап ішіп шайырым

                    айтты талай базына.

 

Кесе түбі бал шарап

                   балбырадың, Рудаки,

Салтанатта, сарайда

                  жарқырадың, Рудаки.

Таудың мөлдір суындай

                   сарқырадың, Рудаки,

Көңілдерді сәулеңмен

                 аршып алдың, Рудаки.

 

Жүрегімнің хошы әсте

                тез тарқалып кетпесін,

Бәдәуилер құм кешіп,

                көз алдымнан өткесін.

Сырнайымен үндесіп

             сыбызғының сырлы үні,

Хорасанның дуалын

               самал жел кеп өпкесін.

 

Бар төңірек биге елтіп,

                мың бұралсын арулар,

Сырлы кесе сыр бүкпес,

                 дертіңе мың дәру бар.

"Сүю деген тұз дерсің,

                ішерсің де шөлдерсің",

Жүрек зәмзәм татпаса

           қатып қалған мұз дерсің.

 

Жанды баурап сырнай 

             үні, батып кеттім тұмаға,

Ішу, сүю-күнә болса...

                    ғазал жазу күнә ма?!

Аққан жұлдыз ізіменен

               тағы да атты ақ таңым,

Шығыстағы жарқыраған

             Шолпан қайта туа ма?!...

***

"Ғашық оты тиді басқа,

      жатыр денем күл-көмір боп,

Бейне шырақ білтесіндей,   

      ширатылған бір қызыл шоқ".

                                 ( Ә. Науаи)

 

Мәрһам еді шіркін-ай,

                     қара жүзім шарабы.

Сезімдердің

    мекені-жүрек жанып барады.

"Көзі ажал, қаһар қас"

                       емес едім хас сұлу,

Уа, әміршім,

шапағат бер, жүрегіме жаралы.

 

Құт болмады

       Иран бақ Науаиға оңайдан,

Гүлстанның сұлуы

                жанын жеді сан ойдан.

Ми, жүрегің салданар,

                  һижран болса ғарібің,

Жүрегімді  менің де

               жаулап алды талайдан.

 

Жарқ етеді бұл жалған

              ашып-жұмған кірпіктей.

Құрсын қайдан

   салтанат дүнияны сілкінтпей.

Көріп қалсам айнадан

                әппақ жүзім сарғайып,

Қысыламын көзімнен

                жаятұғын  сыр бүкпей.

 

"-жанның жібі, жан қылы" 

                   шашым тағы ағарды,

Гүлдей нәзік, 

  гүл сипат жүрегім де сазарды.

Шынар едім қыр басында

                секілденген бір ғұмыр,

Қайран басым, қайда соғар,

            қандай тағы жаза алды?

 

Ықтияры кетсе ақылдың

            ырқың не еді мен көнер?

Шарап құйшы, мүмкін,

        ойдың ауыр жүгін өңгерер.

Тағдырдың да құралайы

                  пана іздейді елсізден,

Түсім болмай бұл күйдің

           тап қылғаны-ай өңге дер.

 

Муфтала боп  жүрмін

       енді, сағынышқа сарғайған,

Жүрегімде жарылыстар,

         толқыныстар, зор майдан.

"Ол дүниенің көшесіне

                тастаңдаршы апарып",

Қарсы ала ма жаһанның

               шайырлары қартайған.

 

Шарасыздық "қамал"

                боп түріледі сан перде,

Ардың жүгі тым ауыр,

                  көтере ме нар кеуде?!

Әлдиледі ғазал-түн

                  Науаи боп, Хафиз боп,

Шығыстағы мың шырақ

                     жүрегімді өртеуде...

***

 "Жаратушы жарылқады: шарапхана ашылды!

Ол жабықта тау мен тасқа ұрып едім басымды"

                                                       (Хафиз)

Біздің дәуір дәруіштің дәуренінен әрірек,

Шарап ішкен Хафиздің де ғазалынан ауыр ед(і).

 

Шырағданы шайырдың түн жамылса жанады,

Қылқаламы айқыш-ұйқыш оятады сананы.

 

Қызыл шарап бойға енсе, балқытады жанымды,

Иітеді алпыс екі тамырымды,  қанымды.

 

Шарап ішіп, ғазал жазсам ғаріп деме жазғырып,

Кеудем толы бір беймәлім тас үгітер жаңғырық.

 

Бас тартпаған біз түгіл сонау көне ғасырың,

Дейін бе енді: "Құдайым, бере гөр деп, ақырын".

 

 Майқорды да жаратқан, ол да пенде зары көп,

Қайдан болсын Сахидай ашуланба,  сабыр ет.

 

Тыңдар құлақ қалқайса, тегін құяр ақылын,

Ашар ма еді қос көзін мына әлемнен мақұрым.

 

Мұңлық еді бұл Хафиз, шері қалың дәл мендей,

Түн-түнекті жарып шыққан бәйіттері сәулемдей.

 

"Қоңыраулатқан өмір-керуен" өтіп тағы барады,

Дәл Хафиздей албырадым,  бойға шарап тарады.

 

Хас сұлудың меңіне бере салған "сыйлығын",

Бұқара мен Самарқандты онан өзге қиды кім?!

 

Бәрін тастап Ширазыма, кетсем бе екен Хафизге,

Мына дүние жарылқай ма,  түсіп кетсем софы ізге.

 

Майқор емен, түсердей жолдан өзге соқпаққа,

Ақымағың мың алжыр,   ақыныңды тоқтатпа.

 

Хауаз толы жүректен сыйқыр сөздер төгілер,

Қолаң шаштың бұрымы ғазал болып өрілер.

 

Айыптай бер қайтейін, жаман ат қып асылын,

Миымызда әйтеуір,  араласқан лас ұғым...

 *   *   *

Ай нұрындай жарық па екен

                     сол арудың дидары,

Жәннат гүлін тағдырына

                 шарасыздық қимады.

Күн астының Күнекейі,

                гөзелі оның жыр бағы,

Гүлзарына Мақтымқұлы

                  тіптен су да құймады.

 

Сенің сахыпжамалыңды

        мен көрдім деп кім айтар?!

Шырғалаңға түскен жүрек,

                    халің мені мұңайтар.

Махаббаттың жолына түс,

                  машахатын көр дағы,

Пақырыңа болысқын,

          мәрт көңілмен Құдай жар.

 

Меңлі ару есіміне

          қанық болдым, сырға түп,

Мақтымқұлы ықыласын, жүрегін

                               шын құлатып,

Шер-шеменді бордай үгіп,

                       дәруіштей ел кезді,

Кетті басы ауған жаққа

                 Түркменнен дүр асып.

 

Жеті түннің қараңғысы

               айтады ма көрдім деп?

Құлаш жайған дала құсы

               айтады ма көрдім деп?

Нәзік тәнін жер жасырса

              айтады ма көмдім деп?

Бұлтсыз күнде Көк-Тәңірі

               айтады ма көрдім деп?

 

Шұғылалы күн сәулесі

                  айтады ма өптім деп?

Бір хабары жететіндей,

         жылы желден тостың леп.

Қуаңқырап, жаны құрғап,

             жат елде  ол жүрсе егер,

Жүзін шаяр жаңбыр

      суын айтады ма төктім деп?

 

Жанарында қалып қойған

                 Меңлі арудың бейнесі,

"Махаббатым мені күл ғып

              өртейтіндей" кейде осы.

"Кім тіл қатар жар іздеген

                    сұрағына" бір жауап,

Пырағымның іздей-іздей

               тозып кетті-ау жейдесі.

 

Тауларға да үн тастады,

               сахара асты, құм кешті,

Қағба тұсы, Шам шаһары,

                     Үріммен де тілдесті.

Босқа аңырап, жайылады

                   боз далаға зарлы үні,

Буырқанып Қызыл теңіз,

                 Жейхуны да бірге есті.

 

Үшкіл үміт тағы алдар,

        жеті рет Қағбаны айналса,

Соққылады-ау миыңды

              күн-түн демей ой-балта.

"Құрбандығына зекет

        .  боп өтелсем бе" әлде деп,

"Гүлзарыңды көрдік"

          деп сосын біреу айта ма...

 

Сенің сахыпжамалыңды

             көрдім деген жан болса,

Сәулесімен нұрын төгіп,

                 өптім деген таң болса.

Қандай едің, Меңлі қыз,

         мен де ынтығып барамын,

Мақтымқұлы, дәл өзіңдей

               мені сүйер жар болса...

***

 

 "Мәснәуи-ақиқатқа жетіп, иләһи сырларды білгісі келгендер үшін нұрлы жол".

                            (Мәулана Руми)

Біссімілләһи рахманир рахим!...

 

Хазіреті Мәулана,  жыр бағыңа

                                      тап келдім,

Шабытымды еселер,

            жауһарыңды бақ көрдім.

"Мәснәуи шәрифің"

                жүректерге гүлзар боп,

Қағбасындай көңілдің

                орын алып қақ төрдің.

 

Пәрманыңа тәнтімін,

                құлшылығың ғаламат!

Мадақ айтам Аллаға,

                  Мұхаммедке салауат! 

Жүзінен нұр саулайды,

                       иманы оның серігі,

Қиссалары шуақты,

                   жанға төгер шапағат.

 

Нәсіп етіп көңілдің

               бақтарына шын ләззат, 

"Бір аяқ су"," Бір шоқ гүл"-

                            руханият азығы.

 Өмір деген өткінші,

                  төңкерілген құмсағат,

Иләһи күй,

махаббат адастырмас қазығы.

 

Фәйз еді Хаһтың жолы,

              жұпарлы оның гүлзары,

Биябанын кесіп өткен

                 Мекке дерсің ұжмағы.

Құбыласы қызыл арай,

              нұрға малар маңдайды,

Дұғалар мен сәлемдердің

                   жолданатын үр бағы.

 

Жері оның-Кония,

              ғұмырының мәні өткен,

Сусындатып білімін

          Шам шаһардан, Халебтен.

"....қолыңды сүйейін,

            әлемдердің зергері"-деп,

бейтаныс жан тап болды

                  тағдырына таң еткен.

 

Құшырлана сүйген ол

                      кетті сіңіп қалыңға,

Қыдыр әулие секілді

                 ашылатын жолың ба?!

Жасалмаса еш амал

                болмас еді хикметті іс,

Дәргаһымен бұйырар

                      ниет еткен молына.

 

Көп жыл өтіп арада

           жолықты олар тосыннан,

Бұл ұстаз-Шәмс Тәбризи

                      тақуа еді сопы жан.

Хаһ жолына һижран ед(і),

                   ықтиярын берген Ол,

Жүрегіне иман-нұрын

                   нығметімен тоқыған.

 

Шәмс қойды Румиге

                 таңғажайып бір сұрақ,

Жан сарайды торыған

           келді ашқысы бұлтын ап.

" Баязиди үлкен бе,

             әлде Хазіреті Мұхаммед

Мұстафасы үлкен бе? "

                -деп сұрады бір сынап.

 

Бұл сұрағы тым ауыр,

                      ашуланды Мәулана,

Оның сүйген ісі еді,

                  ақты ақ деу қайда да.

Пайғамбардың дәрежесін

                     салыстыру оған тек,   

Мойынсұнған әулиеге

                тең емес деп жай ғана.

 

Ілім, білім саулаған

               жұпар аңқыр кеудеден,

Дүниясы жап-жарық

                     "ізгілікті көр"  деген.

Шәмс тіл қатты Румиге

                      жүрек көзі нұрлана,  

Баязидтің сауабын

              айтты сөзбен көрмеген.

 

"Тәнін, жанын жаһаннамға

                       қиюды" ол сұрады,

"Күнәһардың менен өзге

               қалмасын" деп тұрағы.

Жаратқанға жақындап,

                       құрбан етті атағын,

Сусындаумен рухани

              басылды оның құмары.

 

Баязидтің осылай

            Пайғамбардың алдында,

Дәрежесі асқақтап,

                  қалмады оған күмәні.

Раббысына бас иер,

                  тәубасы бар артында,

Адастырмас (сиратул

               мұстақимдей) шырағы.

 

(Саллалаһу алейһи уә сәлләмі)

                                   жар болсын!

Хазіреті Пайғамбар-

                қасиеттім бар болсын!

Асып-тасқан нығметпен

                 Раббысының жолына.

Иілген бас сәждеде,

        жайылған қол бар болсын!

 

Дүниялар ұштасты

                ілім-ғылым, жыр-теңіз,

Жан толығып "Мәснәуимен"

                           нығаяды іргеміз.

Арамызды бөлгенменен

                  сан ғасырлар айнасы,

Хазіреті Мәулана,

                   түн өшпесін білтеміз.

 

Руханияттың көгіне

                 Шәмс ұстазы жетелеп,

Зердесіне Құранмен

                қазық қақты шегелеп.

Көңіліне от қойды,

               лаулап бірге жанардай,

Ғибадатын жасады

                 зүдһ жолымен еселеп.

 

 Махаббатқа кенелмей

              сопы бұлай марқаймас,

 Шексіздіктер әлемінде

                 көңілі оның ортаймас.

Нәпіл болса құлшылық

                     қайырын да еселер,

Өлім күтіп "күлсе ерін"

                ақыретте қандай бақ?!

 

"Шикі едім, пістім,

       жандым!" үш ауыз сөз ғана,

Баян етіп бар ғұмырын,

                күпірліктен болды ада.

Мүршид еді құтұптыққа

               ашты ғалам жолдарын,

Тәухид етіп Алласына,

                   жаны да оған садаға.

            

Тасаууфта "фәнә филләһ,

                   бәқа билләһ" аталған,

Жан мен тәннің арасында

                   нәпсі судай тазарған.

Сүйген құлға бұл мәртебе

                өлшеуі жоқ тым асқақ,

Аллаһына мадақ айтып,

               әр таң сайын бозарған.

 

Тұтқынында ақыл-ойдың

                      қалдың, бітті-адасу,

Көңіл-шексіз көкжиек,

                    бойлай беру,  әрі асу. 

Руми-қыран балапандай

              аяқ баумен шырмалған,

Шәмс ұстаздың ұстанымы-

                            ізгілікке жанасу.

 

Нұр-Хазіреті Мәуланаға

                 Шәмс арқылы беріліп,

Ол қайтқанда кетті ауыр

                    қасірет пен шер үгіп.

Фәруанадай айналшақтап

                 кете алмады рухынан,

Сағыныштан сарғаяды

                     қайран Руми,  егіліп.

 

"Шәмс аман"  дегенге

               шешіп берді бар киімін,

Жалғанына шын налып,

                  баса алмады күйігін.

"Шындығына жанымды

                    берер едім" деген ол,

Сыбызғыдан төгеді,

               құйқылжытып жиі мұң. 

 

Тарту еді "Мәснәуи"

                мағрифатшыл ұстазға,

Сүңгіп кеттім "көңілдің

              айнасындай"  мұнтазға.

"Өлмей тұрып өлудің"

                бар сипатын бедерлеп,

Раббысының "тірілтер"

                  ақиқатын тұтты арқа.

 

"Қабірстанға бар дағы

                    үнсіз отыр бір мезет,

Сол жердегі сөйлеген

                 үнсіздерге құлақ сал".

Жаратылыс сырымен

                    ой салады бүркелеп,

Қайран едім иләһи,

                   шешіміне сұраққа әр.

 

Дүнияны меңзейді Ол,

               түрмесі деп рухтардың,

Өлімменен қауышу-

          көптен күткен тойы Оның.

Хазіреті Мәулана,

       болдым саған құштар шын,

Жүректегі  "Мәснәуи"-

                           өңімдегі аяным...

                                     Әумин!!!

*  «Бір аяқ су», «Бір шоқ  гүл» - хикая

* Фәйз - нұр

*  Саллалаһу алеһи  уә саллам - Алланың оған сәлемі  мен амандығы болсын

*  биябан - шөл дала, сахара

*  Дәргаһ -  Құзырет, Жаратқанның рухани құзыры

*  сиратул мұстақим - ізгі жол

*  зүдһ - діндарлық

*   мүршид - шәкірт (рухани ұстаз)

*   Құтұптық - ең үлкен әулиелік дәреже

*  тасаууф - сопылық жол

*  Фәнә филлаһ - Алла әлемінде жоқ болу

*  Бәқа билләһ - Алламен мәңгі бірге болу

*  мағрифат - дін жолын танып білу

***

 

 "Мұң тұманы торлап

                             байғұс көңілді,

Ұстай алмай,  жасын төгіп барады.

Кім хал сұрап,

               тыңдады екен сөзімді,

Кеудемдегі асыл

                            сөніп барады..."

                                  (Мақтымқұл)

Талай жақсы пешенеме бұйырмай,

Асылын да қимай кетіп барады.

Арғымағы шауып өтіп құйындай,

Үшбу дүние қарғып өтіп барады.

 

Көпіршітіп күпті көңіл күдігі,

Сабырыма сынап, у боп тарады.

Пендешілік, итшіл-өмір сүлігі,

Алты қарыс азу батып барады.

 

Кеудедегі шыбын жанды піскілеп,

Тарпаң тағдыр

                  жаншып-езіп барады.

Еркегі ез, босаңсыған күш-білек,

Рухы оянбай, қалғып

                                 кетіп барады.

 

"Сөз" босамай шідерінен, тұсаулы,

Қызыл тілден қан

                         сорғалап барады.

Реңсіз күндер,

                     бояуы жоқ жұтаулы.

Қайыршысы қап арқалап барады.

 

Торда сайрап булығады бұлбұлы,

Көмейінің мұң-зары үдеп барады.

Ашылмайтын көңілдердің түндігі,

Жыртығынан жарық

                                 іздеп барады.

 

Дарынсыздар оранып ап бүлдеге,

Сүйегіне таңба соғып барады.

Дүние қуған, тірі өлік-мүрделер,

Бірін-бірі тістелейді, қабады.

 

Тойымсыз құл, аран ауыз,

                                        лас кеуде,

Әзәзілдің кейпіне еніп барады.

Сұр жыландай арбатылып,

                                         пәк тәнге,

Сайтанның да еркі кетіп барады.

 

Сорғалаған көздің жасы тиылмай,

Шерін жұтып, шерлі кетіп барады.

Ошағының оты өшсе-қиын жай,

Жүректердің нұры сөніп барады.

 

Күйбеңіне еніп кеттік тірліктің,

Тілім-тілім, қырық жамау

                                     сыр бүктім.

Мақтымқұлы жанарында іркілген,

Көңіл жасын мен де

                         талай сүртіппін...

                         

Әсел Оспан

Пікірлер Кіру